17-01-24 |
6450 рет қаралған
Депутаттар «Майқайың Алтын» кен орнының иесі шетелдік компанияның ісін қадағалауды талап етті.
Депутаттар «Майқайың Алтын» кен орнының иесі шетелдік компанияның ісін қадағалауды талап етті

«AMANAT» фракциясының депутаттары Ж. Амантайұлы, Н. Әшімбетов, В. Ким аталған кен орнының қызығын көріп отырған шетелдік бизнесмен Милан Поповичге қатысты талапты күшейтуді талап етіп, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.В. Склярға және Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдады.

Олардың айтуынша, автобус құлаған жердің астына бұрындары шахта болғанын ешкім ескертпеген. Тіпті үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген.
Ал, техникалық қауіпсіздік шараларына сай, ол жерді қоршауға алып, қауіпті зона ретінде оқшаулап тастау керек еді. Дегенмен, бұл мәселенің басы ғана екен.

«Кентте тұратын «Шанхай» шағын ауданының тұрғындары алаңдап отыр. Оған себеп шағын ауданның асты да шахтаға айналып кеткен дейді. Кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ, қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан. Бүгінде 10 мыңға жуық халық тұратын елді мекеннің негізгі тіршілік көзі де осы кен орындарында. Тек «Майқайың Алтында» мыңнан астам жергілікті тұрғындар еңбек атқарады»,-деді депутат.

«Майқайың Алтын» ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, кәсіпорын құрылған уақыттан бері мұнда 16,7 млн тонна кен өндірілген. Бұл дегеніміз – 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш. 13 млн тоннадан астам кен кәсіпорынға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген. Сөйте тұра, «Майқайың Алтын» өз қаржысына кентте ешқашан тұрғын үй салмаған, балалар алаңы, спорттық немесе әлеуметтік нысандар тұрғызбаған, дейді депутаттар.

«Компания тек жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген. Ал, енді осы Акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр Республикасында орналасқан «Rence Enterprises LTD» компаниясына тиесілі. Ол компания Милан Попович деген бизнесменге тиесілі. Еліміздің байлығына кенелген бұл бай-патшалардың ісін кім қадалауға алады», – деді депуттар.

Осыған байланысты, комиссияның жұмысын ашық әрі жұртшылықпен, жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып үйлестіру, осы маңдағы барлық шахталық жұмыс жүргізілген аумақтарды анықтап, оларды қауіпсіздік ережелеріне сай оқшаулау керектігі айтылды.

Одан бөлек, шахтаның маңында орналасқан шағын ауылдың тұрғындарына барлық қауіпсіздік жағдайын қарастыру, елімізідің байлығын пайдаланып, бірақ әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетпей отырған шетелдік компанияларға Заң жүзінде қатаң шаралар қолданылып ескерту жасалуы қажеттігі айтылды.
Орын алған апатқа және техникалық қауіпсіздіктің сақталмауына түрткі болған жағдайға Прокуратура әділетті бағасын беруі қажет, дейді депуттар.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.