05-02-24 |
7390 рет қаралған
Елтаңбадағы атрибуттарды өзгерту бойынша қоғамдық талқылау қажет – Шағангүл ЖАНАЕВА.
Елтаңбадағы атрибуттарды өзгерту бойынша қоғамдық талқылау қажет – Шағангүл ЖАНАЕВА

Еліміздегі Астана, Алматы сынды ірі қалалардың сауалнамаға қатысқан 500 тұрғынының 70%-ы мемлекеттік рәміздерді, оның атрибуттарын білмеуі әр қазақты ойландыруы тиіс. Мемлекеттің азаматы ретінде мемлекеттік рәміздерді білу – міндет. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әр қазақтың парызы. Оны білмесең осы елдің азаматымын деп қалай айтасың?

Ата-ана – мектепке дейінгі тәрбие ұйымдары – мектеп – колледж – ЖОО. Бұлар тұтас бір тәрбиенің тізбегі, негізі. Адам өмірге келіп, азамат болып қалыптасқанға дейін осы жүйеден өтеді. Отаншылдық тәрбиесінің негізі – осыдан басталады. Егер біздің азаматтарымыз өз Елтаңбасын танымаса, тап басып көрсете алмаса, осы жүйеде кемшілік бар деген сөз. Демек, қай тұрғыдан тәрбие жұмысына күш саламыз дегенді ойлауымыз керек. Тәрбие жүйесіндегі жауапсыздықтың, немқұрайлылықтың салдары мемлекеттілігімізге қауіп төндіреді.

Мемлекеттік нышанға, елдікке құрмет мұндай болмауы керек. Қазақстан – үлкен территорияға ие, әлемде аумағы жағынан тоғызыншы тұрған мемлекет. Еуропа мен Азияның ортасында жаңаша түлеп, жаңашыл мемлекет құрып жатырмыз. Дүниежүзілік қоғамдастықтағы орнымызды бекемдейтін кезде біздің азаматтарымыз да сол дәрежеге лайық болуы керек қой.

Еліміздің бағыты, әлемдік қауымдастыққа қосар ойы біздің Мемлекеттік Рәміздерден де көрініп тұрғаны жөн. Әлем бізді осы белгілер арқылы таниды. Сондықтан, Елтаңбадағы атрибуттарды, символикалық белгілерді де жалпы халыққа ұғынықты етіп өзгерту мәселесін де қарастырып көрейік. Мүмкін жаңашыл заманның жастарының да айтар ойы бар шығар? Ақылдасайық. Жалпы, бұл мәселені қоғам талқысына шығару керек деп ойламын.

Шағангүл ЖАНАЕВА,
М.Әуезов атындағы педагогикалық
колледжінің директоры

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.