19-02-24 |
1450 рет қаралған
Cайлау қоғамдық құндылыққа айналды.
Cайлау қоғамдық құндылыққа айналды

Ел дамуының, қоғамдық формациялардың жаңғыруында сайлау жүйесі маңызды рөл атқарады. Бүгінде әлемде екі түрлі сайлау жүйесі кеңінен тараған. Ол мажоритарлы және пропорционалды жүйе.

Қазақстан Республикасында аталған екі жүйе де қолданылады. Мәселен, еліміздегі Президент сайлауы, Парламент депутаттарын сайлауда мажоритарлық сайлау жүйесі жүзеге асырылса, партиялық тізімге сай сәйкес саяси партияның Парламентте депутаттық мандатқа иеленуі пропорционалды жүйенің көрінісі.

Қазақ елі азаттығын алған соң дербес мемлекет ретінде өзінің сайлау жүйесін қалыптастыра бастады. 1993 жылы ҚР Жоғарғы Кеңесі арнайы қаулы қабылдап, Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) құрылды. Екі жылдан кейін 1995 жылы «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңы қабылданып, ОСК арнайы өкілеттікке ие болды. Сол уақыттан беру оның қызметі Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасы тарихымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған конституциялық реформалары аясында еліміздің сайлау жүйесі мен сайлау заңдарына бірқатар ауқымды өзгерістер енгізілді. Мәселен ел Президентін сайлау мерзімі 5 жылдан 7 жылға қайта сайлану құқығынсыз бір реттік болып өзгертілуі – посткеңестік кеңістіктегі абсолютті жаңалық. Бұл мерзім супер-президенттік басқару формасынан түпкілікті кетуді қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, Мәслихаттар мен Мәжіліс депутаттарын сайлау кезінде мажоритарлық және аралас сайлау жүйесін қайтару, оларды кері қайтарып алу бойынша императивті мандат енгізу мүмкіндігі ашылды. Мәжіліс сайлауында 29 бірмандатты сайлау округі бойынша 609 кандидат тіркелді. Осының өзі Парламенттің төменгі палатасының сайлауы тартысты болғанын көрсетсе керек. Яғни бір депутаттық мандатқа орта есеппен 21 үміткер таласты. Оның ішінде 525 кандидат өзін-өзі ұсынғандар қатарында.                                   Ассамблея квотасы жойылып, Парламенттің төменгі палатасының барлық депутаттары тікелей дауыс беру арқылы сайланатын болуы да 2022 жылы жаңартылған заңнаманың жемісі. Бұрын Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы 9 адамды құрайтын. Одан бөлек, саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі жеті пайыздан бес пайызға дейін төмендетілді. Партияларды тіркеу үшін қажетті қолдаушылар саны 20  мыңнан 5 мыңға дейін қысқаруы да саяси белсенділікке серпін берген.

Әдетте сайлау жүйесі де елде жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси реформаларға сай жаңғыртылып отырады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 21 қыркүйектегі  Қазақстан халқына үндеуінде жан-жақты реформалар мен нақты өзгерістер жасалатынын мәлімдеген болатын. «Мемлекет «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын берік ұстанады. Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа аралас жүйе бойынша жасақталады. Биліктің бірқатар өкілеттігі қайта бөлініп, кейбір құзыреттер Президенттен Парламентке берілді. Енді өңірлердің әкімдері баламалы жолмен таңдалады», – деді Президент.

2022 жылғы 5 маусымда өткізілген конституциялық референдумнан кейін барлық сайлау заңнамасына үлкен өзгерістер енді. Яғни, осы өзгерістер Қазақстанға бір жыл ішінде бес бірдей ауқымды науқан өткізуге жол ашып берді. Ол – ел Конституциясына толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөніндегі референдум, Президент сайлауын өткізу, Сенат пен Мәжіліс депутаттарын және облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттарын сайлау. Бұрын-соңды ел тарихында мұндай саяси белсенділік болған емес.

Осы оқиғалардан кейін сайлау – еліміздің саяси өмірімен, халықтың әлеуметтік көзқарасымен біте қайнаса бастады десек, қателеспеспіз. Сайлау – қоғамдық құндылық ретінде бағаланып, көзқарастар өзгерді. Бұл қоғамды демократияландырудың алғашқы әрі маңызды белгісі болатын. Республика аймақтарында ауыл әкімдерін сайлау тұрақты науқанға айналды. 2021 жылдан бері ауыл әкімдерінің 87 пайызын халық тікелей сайлап алды. Бұл да үлкен жетістік көрінісі.

Былтыр алғаш рет пилоттық режимде 42 ауданы әкімі мен Курчатов, Приозерск және Рудный қалаларының әкімі сайланды. Бұл үш қала облыстық маңыздағы әрі өзіндік өндірістік ерекшеліктері бар шаһарлар. Баламалы негізде өткен сайлауда 1 орынға 2-3 кандидаттан келді. Алғаш рет өткізілген әкімдер сайлауына сайлаушылардың 62,79 пайызы қатысқан.

Республика аумағында өткізіліп жатқан осындай өзгерістер сайлау жүйесіне тікелей жауапты Орталық сайлау комиссиясының қызметін жетілдіруге жол ашты. Қоғам өміріндегі жаңашылдық еліміздің сайлау органдары жүйесінің тұрақты, күнделікті жұмыс форматына көшуін талап етіп отыр. Осыған сай,

ОСК жұмысы да ашық әрі транспарентті бола түсті. 2022 жылы ОСК жанынан құрылған Сарапшылық кеңес, Жас сайлаушылар клубы комиссия мен қоғам арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Сонымен бірге, мүгедек адамдардың сайлау құқығын қамтамасыз ететін жұмыс тобы қайта жаңартылды.

ОСК-ның орталық аппаратында арнайы бөлім құрылып, сайлау жүйесінің  барлық сатысында оқытудың жаңа әдістері әзірленді. Бүгінде республика бойынша комиссиялардың 84 мың мүшесінің ішінде 803 азаматтың құзыреттілік деңгейі артып, кәсіби тұрғыда біліктілігі артты. Еліміздегі ірі мегополистер Астана, Алматы, Шымкентте және облыс орталықтарындағы 20 аумақтық сайлау комиссиясының құрамы 28 пайызға, аудандық, қалалық сайлау комиссиясының құрамы 31 пайызға жаңартылды. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафинаның айтуынша,  сайлау – бұл өзінің электоралдық кезеңдері, белгілі бір нормативтік, ұйымдастырушылық рәсімдері бар қоғамдық-саяси және құқықтық процесс. «Сондықтан сайлау процесінің барлық қатысушы, комиссия мүшелері үшін кәсібилік деңгейін үнемі жетілдіріп отыру қажет. Біз жергілікті жерлердегі жаңадан сайланған аумақтық комиссия төрағалары мен хатшыларын, комияссия мүшелеріне арнап жиі семинар-тренингтер ұйымдастырып отырамыз», – дейді С.Мұстафина.

Осылайша, Орталық сайлау комиссиясының оқыту базасында тұрақты кәсіби негізде жұмыс істейтін барлық деңгейдегі 211 жаңадан сайланған аумақтық сайлау комиссиясы мүшелері офлайн форматта оқытылды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.