14-05-24 |
29880 рет қаралған
Ж.Шайзадаға іс қозғаған полиция заң бұзған Харжинскийге түк істемеген.
Ж.Шайзадаға іс қозғаған полиция заң бұзған Харжинскийге түк істемеген

9 мамыр күні СССР және өзгеде елдердің туын көліктеріне желбірете тағып, көшеде көлік шеруін жасаған адамдарға әуелі ескерту жасап, кейін көліктердегі туларды алып тастаған Жанболат Шайзаданы сот «ұсақ бұзақылық» жасады деп танып, бес күнге қамауға алуға қаулы шығарған еді. Бұл іс әлеуметтік желіде қызу талқыланып, жұрттың наразылығын тудырды. Осы іске байланысты Жанболат Шайзаданың қорғаушысы – Жалғас Сапархановадан істің мән-жайын білмек үшін сұхбаттасқан едік.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға қашан, қалай болған?

– Іс бойынша айтатын болсам, оқиға 2024 жылдың 9 мамыр күні  күндізгі сағат 12-лер шамасында Рысқұлова даңғылы мен Сайын көшелерінің қиылысында болған. Артем Харжинский есімді азамат полицияға жазған түсініктемесінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және ССР-дің туы ілінген төрт көлік болған. Сөйтіп, олар ту ілінген көліктермен көшеде жүрген. Ал заң бойынша қала ішінде тумен бір емес, төрт көліктің жүруі – шеру болып есептеледі. Бұған ол алдын ала рұқсат алу керек еді. Мәселен, жеті күн бұрын Алматы қалалық әкімдікке хабарлама беруі тиіс, оны да істемеген. Әкімдік тарапынан да ешқандай рұқсат болмаған. Бұл жерде Артем Харжинский әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 488 бабына сәйкес,  құқық бұзушылық жасады. Сот отырысында ол бәрін айтты. Дегенмен ол өзінің іс-әрекетін заңды деп отыр.

Ал біздің тарап, оның әркетін заңсыз деп тауып отырмыз. Менің қорғауымдағы азамат Жанболат Шайзада әуелде жанынан өткен көліктерді көргенде-ақ, туды алып тастауды ескерткен. Ол кезде көліктер Рысқұлов көшесінің бойымен кетіп бара жатқан. Бірақ олар оның айтқанына құлақ аспаған. Қорғаушым дүкеннен шыққан соң, көліктердің Сайын көшесінде жүргенін байқаған. Содан Жанболат Шайзада көліктің алдына шығып тоқтатқанын әлеуметтік желідегі бейнежазбада көрініп тұр. Ол туларды олай алып жүрмеуін сұраған. Алайда Артем Харжинский: «Бұл жерді менің ата-бабаларым сақтап қалған» деп намысына тиетін сөздер айтқан. Сөйтіп, Жанболат туларды ала бастаған. Оның бұл әрекетін байқаған өзге қазақ жігіттері көліктерін тоқтатып, оған болысқан.

Қорғауыңыздағы азамат өзін кінәлі санай ма?

– Әрине, кінәсін толық мойындамайды. Ол тек сол жерде ашумен айтқан бір-екі сөзіне кінәлі екенін мойындады. Артем Харжинский ешқандай арыз-талап түсірмеген, тек полицияға өзінің түсініктемесін берген.

Сол қандай негізге сүйеніп, Ж.Шайзаданы 5 күн қамауға алуға үкім шығарды?

– Қорғауымдағы  Жанболат Шайзадаға ісі Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылықтың кодекстің 434 бабының бірінші бөлігі бойынша яғни, ұсақ бұзақылық деп аталады. Ол жерде 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Немесе 5 күннен 15 күн аралығында әкімшілік қамаққа  алынады. Сот отырысы екі жарым сағаттай өтті. Екі сағат бойы созылған сот шешімі бойынша Жанболат Шайзаданы 5 күн қамаққа алу туралы қаулы шығарды. Бірақ бұл шешімді алдын-ала шешіп қойған сыңайлы көрінді.  

Негізі қорғаушымның кешірімін алып, айыппұл салып, не ескерту беруге болар еді. Бірақ бұл жағдай қоғамда резонанс туғызып, әлеуметтік желіге таралып кеткені үшін сот  Жанболат Шайзаданы бес күн қамаққа алуға қаулы етті.

Аппеляциялық шағым түсіресіздер ме?

 – Аппеляциялық шағым түсірдім. Түнгі сағат 00.30-дарда қаулыны алдық. Қорғауымдағы азамат та шағым түсіргенімізді біледі. Ол кісіге ұстау хаттамасы 9 мамыр 2024 жылы түнгі сағат 23:00-де толтырылғандықтан 14 мамыр күні түнгі сағат 23:00-де шығады. Егер де аппеляциялық шағымы қанағаттандырылмаса да бес күндік қамақ мерзімі біткені соң, сол күні босатылады.

Тәжірибемде мұндай іс – бірінші рет болып отыр. СССР туы болсын, басқа елдің туы болсын, оны көшеде, қоғамдық жерлерде алып шығуға әкімдік тарапынан рұқсат алынуы керек. Бұл жағдайда тым болмағанда хабарлама жіберуі керек еді. Ондай ештеңе болған жоқ. Сондықтан да көшеде көліктерге ту іліп жүрген азаматтардың іс-әрекеті әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 488 бабымен қаралады. Және де Қазақстан Республикасының бейбіт шеру, демонстрация өткізуге рұқсат алу туралы заңға сәйкес олардың әрекеті заңсыз болып шығады. Сотқа өтініш хатта, яғни Артем Харжинскийге қатысты 488 бақа қатысты қаулы шығару туралы айтылды. Сот ол мәселені «өзім шешемін» деген болатын. Және де оқиға орнына барған полиция қызметкерлері де туларды желбіретіп көшеде жүрген көлік иелеріне қатысты ешқандай әрекет жасамаған. Сондықтан полицияның заң бұзушылықты көре тұра әрекетсіздік танытқаны үшін олардың үстінен шағым түсіретініміз де айтылды. Негізі екі көліктен артық шеру жасауға болмайды. Ал бұларда төрт көлік, оның әрқайсысында адамдар болған.

Осы іске қатысты өзіңіздің азаматтық пікіріңіз қандай?

– Осы уақытқа дейін қаншама қоғам қайраткерлері мен белсенділер әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 488 бабы бойынша әкімдікке ескертсе де, немесе жиындарға қатысса да, әкімшілік қамаққа алып, айыппұл салатын. Алайда бұл Артем Харжинский есімді азаматқа қатысты біздің полиция қызметкерлері, құқық қорғау органдары ешбір шара қолданған жоқ. Өзіміздің қазақтарды неге соттай береді, неге басқа ұлттың өкілдеріне сондай әрекеттерді жасамайды деген сұрақ ойды мазалайды. Сонда тек қазақ қана жауап беруі керек пе? Шыны керек, кешегі азаматтың жағдайы жаныма қатты батты. Өзінің бес бірдей баласы бар. 2007 жылы Моңғолиядан елін тарихи Отанына келген қандасымыз. Өз елінде өзге елдің емес, өз елінің туын көтерсін деп тұрған азаматқа қолданған бұл шара дұрыс па? Құқық қорғау органдары ол азаматты қолдаудың орнына керісінше, қамауға алды. Өкініштісі – сол.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.