29-05-24 |
13290 рет қаралған
Бақсылық, шаманизм табиғаты.
Бақсылық, шаманизм табиғаты

Шаманизмнің қашан пайда болғандығы да белгісіз, дегенмен, қазіргі таңда да Солтүстік Американың үндістерінің кейбір тайпаларында бақсылықтың сақталып қалғандығын ескерсек, ол тайпалардың тарихи болжамдар бойынша, Беринг бұғазынан осыдан  алғашқы легі  30 мың, соңғы легі 15 мың жыл бұрын Алтай даласынан қоныс аударғандығын негізге алсақ, бақсылықтың пайда болғандығы да 30 мың жылдан бері емес екендігі туралы түйін жасауға болады.

Бақсылықтың басты екі қызметін атап өтуге болады: ауруларды емдеу  мен оның алдын алу – медициналық-терапиялық, болашақты болжау мен қатерлерден сақтандыру – футурологиялық-прогностикалық.  Ал әр түрлі сиқыр көрсету мен «трюктар» олардың негізгі қызметі емес, тек қойылымдар мен өздерінің бақсы екендігін дәйектей алатын «визиттік карточкасы» іспеттес болған сыңайлы.

 «Бақсы», «шаман» деген сөздердің шығу тегі мен этимологиясына үңілуіміз керек.  Ресейлік ғалымдардың кейбірі оны көне Үнді-Ариилік мәдениетпен байланыстырады:  «Бхакти» (Бақсы) – Үнді тілінде Құдайға деген махаббат, циклды өлім мене өмірден өзін азат етуші, неммесе «Бхикшу» (Бақсы) – Үнді сөзінде, ұстаз, білімдар адам деген мағынаны білдіретін сөздерден шыққан деп санайды, кейде, «Шраман» (Шаман) – Үнділік аскет, кезбе адам, ақиқатты іздеуші деген мағыналарды білдіреді деп пайымдайды. Ал «Камлание» түсінігін (Қам жасаушы) – бақсы рәсімдері деп түсіндіреді. Негізінен, бақсы мағынасына жуықтайтын ұғымдар түркі халықтарында да кездеседі: «Бахши» «бағши» — Түркімен, өзбек халықтарында жыршы, дастаншы, Көне түркі тіліндегі — «бақ», «қарау», «көру» мағынасында болса, Қырғызша  — «бақшы», Тува, Хакастарда — «қам» деп аталады.   

Бақсы қоғамдық өмір мен күнделікті, қалыпты тұрмыс үшін, әлеуметтік талаптар мен нормалар үшін жалпы бұқара халыққа толық танылмайтын, өзі-үшін ғана, демек, өзі өзінің болмысын өз ішінде сақтайтын, жабық, сыртқа емес, өзіне бағытталған жан иесі. Ол «тылсым» әлеммен байланыс орнататындықтан, өзі де таза «физикалық-биологиялық тылсым құбылыс» ретінде сақталады.

О қалыпты адамнан тыс адам, әлдеқандай бір «үрей» тудыратын құрметке ие тұлға. Әрине, ол қалыпты адам емес, Ш. Уәлиханов айтқандай, бақсы болу екінің бірінің қолынан келмейді. Оған бақсы еместер үреймен, құрметтеушілікпен қараған. Алдымен, оның киім үлгісінің өзі дәстүрлі емес, түр әлпетінің өзі ерекше, зікір салу сәтінде ол айтарлықтай үрейлі персонажға енеді. Құрмет тұту оның нәзіктігі мен сұлулығынан немесе сүйкімді болғандығынан емес, қолжетімді емес «асқақ» үрейлі келбеті мен болмысына қатысты түрде  бағаланады. Бұл сыртқы келбеті бойынша, екіншіден, оның мистикалық әлеміндегі «жын-перілер» мен «зұлымдық иелерінің» өзі қорқыныш тудырады, ал онымен емін-еркін қатынас жасап, белгілі бір деңгейде оларды бағындыратын субьектінің қызметінің өзі «сұрқиялау» болып шығады.

Ол көріпкел-дана, өмірлік-тұрмыстық деңгейдегі ақылды тұлға. Оның рухани болмысының өзі қалыпты адамға ұқсамайды, көріпкелдік пен даналықты ұштастырған бұл жан иесі, екінші бір қырынан алғанда, шығармашылыққа да ие. Ол шынайы өмір идеяларының  «қоймасы» тәрізді, өнімді (продуктивті) ойы мен мақсатының өзі көбінесе «мүмкін еместің мүмкіндігі» аясында жүзеге асып отырады. Осы «мүмкін еместі мүмкін жасау» үшін қаншама рух пен руханияттық қуат, сенімділік пен шабыт керек екендігі түсінікті.

 Осы тұста, айта кететін жайт, бақсының жеке басына табыну  – оның мәйітіне барып бас ию емес, заманалармен жалғасқан кеңістіксіз-уақытсыз тұтастанған-жалпыланған ата-баба аруағына сиыну екендігін баса айтуымыз керек, себебі, түркі дүниетанамындағы бақсы осы ата-баба аруағын жалғастырушы, алып жүруші психологиялық-физиологиялық жан иесі. Бұны жалаң физиологиялық қимылмен түсінбеу қажет.

Сондай-ақ бақсының тек күй тартушы, керемет жан иесі ғана емес, ұлыстың ұлы кеңесшісі, даналық сөз айтушысы,  тарихи оқиғаларды жырлап беретін жыраулар болғандығын шамандық дүниетанымды зерттеушелер де қолдайды. Мұның бәрі бақсының даналық пен парасаттылық, рухани кемелденген иесі екендігін қуаттай түседі. Сондықтан, ол кей жағдайда ішкі және  сыртқы саясатқа ақыл-ұсыныс айту арқылы араласатын «мемлекеттік хатшы» да іспетті.  

Ол сонымен қатар, шамандық сенімінің нақты өкілі, атауы көрсетіп тұрғандай шаман болмаса, шаманизм де  болмайды. Бір ерекшелігі, басқа діндердің өкілдері кез-келген адам болуға құқықты және ол сәті келгенде қауымдастықтан босауға да ерікті.

Ол материалдылық байлықтың, дәулеттің және биліктің иесі болмағандықтан, қоғамда өздерін өзгелерден артығырақ санайтындай әлеуметтік даңқпен әйгіленбеген, қарапайым тұлға.Ол материалдылық байлық пен саяси билікке ұмтылмайды, себебі, оның билігі «өзге әлемдегі жындар мен шайтандарға тағайындалған», ал байлығы, өзінің рухани психологиялық күш-қуаты болып саналады. Оның тұлғасы, әлеуметтік-саяси аренада арнайы әйгіленбейді, рухтық-психологиялық климатта ғана айшықталады.

 Ол – қоғамнан оқшауланған, әлеуметтік нормаларды мойындай бермейтін, өз заңдарымен жүретін: «әлемде ерікті, қоғамда еркін» жан иесі. Ол адамзат қоғамынан оқшауланып барып, табиғатпен және өзге де тіршілік иелерімен «іштеседі», бірақ түбегейлі жалғыз тіршілік ететін субьект  емес, себебі, оның болмысы мен мақсаты – «адам-үшін», «ел-үшін». 

Оның өнер иесі, емші, гуманист аскеттік рухани кісілік қасиеттері ашылады. Бақсының адамзат қоғамы қабылдаған көркемдік-эстетикалық таным мен талғамға ұмтылысы да жоқ емес. Мәселен, қобыз, даңғара аспабында ойнайтын, жырлайтын, тамақпен әндететін т.б. өнерлер шаман үшін жат нәрсе болып табылмайды, көбінесе, бұл рухани болмыс элементтері осы жан иесінің болмысын тұтастандыра түсетін атрибуттарына да айналады.

Берік Аташ

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

университетінің оқытушысы,

философия ғылымдарының докторы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.