12-06-24 |
6990 рет қаралған
Ұлттық құрылтай – ұлтты ұлы мақсаттарға ұйытатын бірегей құрылым.
Ұлттық құрылтай – ұлтты ұлы мақсаттарға ұйытатын бірегей құрылым

Ұлттық құрылтай – ұлт мүддесін қозғайтын маңызды жиын. Ұлтты ұлы мақсаттарға жеткізетін ұтымды ойлар, ұстамды ұсыныстар айтылатын бұл жиын қоғамға керектігін ә дегеннен дәлелдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей бұл құрылтай арқаны кеңге салып отырып, сән-салтанатпен өткізетін той емес. Бұл бабалардың жолымен мемлекеттік маңызы бар мәселелерді талқылау, шешу мақсатында ұйымдастыралтын бірегей басқосу.

Тарихи деректер көрсеткендей, ата-бабамыз ұлт болашағына қатысты толғақты мәселе туындап, нақты шешім қабылдайтын сын сағатта құрылтай шақырған. Сол құрылтайларда жасалған төреліктің арқасында еліміз тәуелсіздігін сақтап, жеріміз бүтіндігін сақтап қалды. Ендеше, Ұлытай төрінен басталып, кейіннен киелі Түркістанда жалғасқан, күні кеше Атырауда түйінделген Ұлттық құрылтайды бабалар аманатына адалдықтың, ел іргесін берік сақтауға деген мүдденің көрінісі дейге әбден болады.

Ұлытауда өткен ұлттық құрылтай – мемлекеттің халық дауысын естуге, қарапайым жұрт пікірімен санасуға деген ынта-ықыласын көрсетті. Дұрысында Ұлытауға облыс мәртебесінің беріліп, өңір дамуына көңілдің бөлінуі биліктің азаматтар тілегіне құлақ асатынының дәлелі болса керек.  Себебі, Жезқазған жеріне көп назар аударылмай, тұрақты қаржылық қолдау болмаған соң, әр саланың кері кетіп, халықтың тұрмыс-тіршілігінің төмендегені жиі айтылатын. Ал жеке облыс мәртебесі берілген соң, бұл өңірдің дамуына, халық тұрмысының түзелуіне айрықша назар аударылады. Ең бастысы, бұған Мемлекет басшысының өзі кепілдік беріп отыр.

Осылайша тәуелсіздік тарихында алтын әріппен жазылатын тағы бір маңызды шара ел өміріне енгізілді. Соған сәйкес, 2022 жылдың 14 маусымында Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлық шығарды. Бұл құжатта дәйектелгендей Ұлттық құрылтайдың міндеттері ауқымды. Соның ішінде мәртебелі басқосу шеңберінде қоғамдық бірігуді дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету, жұртшылық пен саяси партиялар, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдар арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету міндеті жүктеліп отыр.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин атап өткендей,Ұлттық құрылтайдың құрамында жалпы 117 қатысушы іріктелген. Оның ішінде Парламент депутаттары, саяси партия, бизнестің ірі өкілдері, медицина, білім, ғылым, мәдениет, спорт, адам құқығын қорғау және өзге де әлеуметтік топтардың өкілдері құрылтай мүшесіне енгізілген.

Алғашқы жылы Ұлытай төріне жиналғандар мемлекеттің ілгерілеуіне негіз болар басымдықтарды талқылап, аяқтар шалар кемшіліктерден арылудың тетіктерін саралады. Мәртебелі басқосудағы пікірталас ел мүддесі, ұлт болашағына әсер ететін биік мақсаттар турасында өрбіді.

Екінші құрылтайдың да маңызы Ұлытаудағы жиыннан бір мысқал да кем емес. Еліміздің рухани астанасы саналатын, киелі өңір – Түркістанға туын қадаған Ұлттық құрылтай өзекті мәселелерді таразы басына салуымен есте қалды. Құрылтайға қатысушылар Түркістан төрінде Үкімет мүшелерімен пікір алмасты, өздерін мазалап жүрген ойларын ортаға салды. Құрылтай мінберінен тың бастамалар көтерілді.

Бұл жиын алыс-жақын шетелдерде түрлі қақтығыстар туындап, бейбіт елдің тыныштығы бұзылған сындарлы сәтпен тұспа-тұс келген болатын. Соған орай құрылтайда ең алдымен халықаралық бірлік, келісім, татулық турасында өрбіді. Мұны өз сөзінде Президент те айрықша атап өтіп: «Халықаралық ахуалдың беталысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Қазақстан Республикасы бұрын-соңды болмаған деңгейде біртұтас болуы керек. Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып, бірқатар маңызды сауалға жауап беруге тиіспіз» деген ойын ортаға салды.

Осы ретте Мемлекет басшысының «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс. Қазақстан – бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты. Яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек» деген ұсынысы да көпшілік тарапынан толық қолдау тапты. Соның арқасында бүгінде өзі тұрған жерді таза ұстау түсінігі орнығып, ауласын ұқыпты ұстағандарға арнайы марапаттар беру арқылы туған жерге деген құрмет қалыптасып келеді. Әрі қоғамдық орындарды ластағандарға жаза қатайтылды.

Түркістандағы құрылтай су тапшылығын жою, заң мен тәртіпті сақтау, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер қалыптастыру, Адал азаматтар санын көбейту мәселесін өзек етті. Мемлекеттік наградалар беделін көтеру, қазақ тарихын зерделеуге терең мән беру, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөліп, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қарсы буллингті жою, есірткі мен вептарды тұтынуға тегеурінді тосқауыл қою мәселесі сөз болып, ол бойынша нақты шешімдер қабылданды.

  Былтырғы Ұлттық құрылтай Жайықтың төрінде, Атырау жұртшлығының қатысуымен өтті. Бұл жиында да ел еңсесін тіктеуге тұғыр болар ұсыныстар айтылып, елді кері тартатын мәселелерді шешудің жолдары сарапқа салынды. Осы ретте Мемлекет басшысы мемлекеттік тіл мәселесіне тоқталып, «Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін» мәлімдеді. Осы жиында Президент көпшілік пікірін ескере келе құзырлы орындарға дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі саналатын таңбалы тастарды (петроглифтерді) қорғауға алу үшін тиісті шаралар қабылдауды, сондай-ақ тарихи-мәдени мұрамызды сақтау үшін археологиялық қызметті жүйелеуді тапсырды. Сондай-ақ ұлттық бірегейлікті сақтау да бүгінгі күні өзекті екенін атап өтті. Бұдан бөлек, есірткі саудасы және нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессия, вандализм, ысырапшылдық секілді түйткілдермен ел болып күресі қажеттігін айтып, заңшығармашылық мекемесіне жастардың болашағына балта шабатын қылмыстар үшін жазаны қатайту жөніндегі тапсырма жүктеді.

Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныс, тапсырмалар айтылған жерде қалған жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейту мақсатында еліміздегі бірнеше заңнамаға өзгерістер мен тзетулер енгізілді. Лидомания, нашақорлық, энергетикалық сусындардың зардабын жоюға тікелей әсер ететін заңдық тетіктер бүгінде Парламент қабырғасында талқылануда. Халық қалаулыларының сүзгісінен өткеннен кейін Президент қол қоюы тиіс бұл жаңа заң тәжірибеге енгізілер болса, қоғамдағы түрлі құқық бұзушылық пен қылмыстың етек алуына себеп болып келе жатқан есірткі, құмар ойындарға тыйым салынар еді.

Осы мысалдың өзі Ұлттық құрылтайдың міндеті айқын, мақсаты зор, нәтижесі толымды екенін көрсетеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.