Жастарды ғылымға тарту – ертеңін ойлаған мемлекеттің қай-қайсысы үшін де маңызды. Әр елдің бұл бағытта атқарып отырған жұмыстары әртүрлі. Бірі жас ғалымдарды ынталандыру үшін ғылымға бөлінетін қаржыны көбейтсе, енді бірі түрлі бағдарламалар жасауда, енді бірі мемлекеттік гранттар бөлу арқылы жастарды ынталандырып келеді.
Біздің елімізде де ғылымды қолдауға айрықша көңіл бөлініп отыр. Мемлекет осы мақсатта шетелдік озық тәжірибелерді назарда ұстап, жастардың озық идеяларын қаржыландырудан қаржы аямай отыр. Сонымен бірге, жастарды ынталандыру, ғылымға қызықтыру, өз орасын қалыптастыруға ықпал ету мақсатында түрлі халықаралық басқосулар, форумдар өткізуді де жолға қойғанын айта кеткеніміз жөн. Сондай игілікті шараның бірі «Asfen. Forum, жаңа ұрпақ» деген атпен көпшілікке жақсы танымал. Бұл форум Алматы қаласында ұйымдастырылады.
Таяуда оңтүстік астанамызда өткен көрмеге 20 елдің жас ғалымдары қатысып, медицина саласындағы инновациялық жобаларын көпшілікке таныстырған болатын. Шындап келгенде, осыншама елдің жас ғалымдарын топтастырып, бір алқалы жиынға жинаған, медицинадағы соны жаңашылдықтар таныстырылған мұндай шара бұрын-соңғы өтпеген болатын. Форумның негізгі мақсаты әр елде дербес жұмыс істейтін академиялық қауымдастықтар арасындағы байланысты нығайтып, зерттеушілер мен жас ғалымдарды таныстыру, сонымен бірге, медицина саласындағы ақпараттармен дер кезінде танысып, тәжірибе алмасып, ғылыми-зерттеу нәтижелерінен хабардар болып отыру үшін ортақ ақпараттық алаң қалыптастыруға бағытталған.
Форумға ғалымдармен бірге бұқаралық ақпарат өкілдері де қатысты. Себебі, мұндай маңызды шара бойынша халықты ақпараттандыру медицинадағы соңғы жаңалықтарды таныстыруға ғана емес, денсаулық сақтау саласында түбегейлі ғылыми ізденіс жасап жүрген жас ғалымдардың еңбегін дәріптеуге, жұмыстарын көрсетуге бағытталған. Форумға қатысушылар шара барысынла өз жетістіктерін көрсетіп, идеялары мен көзқарастарын ортаға салды.
Халықаралық жиынның тағы бір артықшылығы – форум аясында семинар, курстарды ұйымдастырумен өзектес. Жас ғалымдардың білімі мен білігін көтеруді мақсат еткен семинар, курстар кәсіби түрде ұйымдастырылды. Осы шараларда медицинада жаңалық ашқан, озық идеяларымен танылған жас ғалымдар шетелдік әріптестерінің жұмыс істеу әдісімен танысып қоймай, талантты және ынталы жас зерттеушілермен кездесуге де мүмкіндік алды.
Форумға Қытай, Ұлыбритания, Ирландия, Финляндия, Түркия, Словения, Индонезия, Оңтүстік Корея, Польша, Испания, Австрия, Нидерланды, Литва, Иран, Германия, АҚШ, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей сияқты 20 елден жас ғалымдар делегациялары келді. Форумның спикерлері де осал емес. Мәселен, Ханс Клюге – ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросының басшысы болса, Скендер Сила – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) өкілі және ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің басшысы. Сонымен қатар Мелитта Якаб – ДДҰ кеңсесінің басшысы, Мартин Макки – Еуропалық денсаулық сақтау жүйелері мен саясаты обсерваториясының ғылыми директоры. Осындай айтулы шараның өтуіне мұрындық болған медицина саласында маман дайындаудың қара шаңырағы саналатын С.Асфендияров ҚазҰМУ екенін айта кеткен орынды. Университет ғалымдары медицина, фармация, биоинженерия және басқа да салалардағы бірегей жобалармен жұмыс істейді, бұл кейіннен басқа мамандардың жұмысын жеңілдетері талассыз. Осы университет ректоры Марат Шорановтың айтуынша, әлемнің әр түкпіріндегі медицина зерттеушілерін бір ортаға жинау – үлкен жұмыс. Бұл жерде жалғыз университеттің ғана емес, елдің, Қазақстанның абыройы таразы басында тұр. Сондықтан, форумды тиянақты ұйымдастыруға, осындай маңызды жиынға тек әр елдің үздік жас ғалымдарын жинауға басымдық берілген.
Форумды өткізу – өркениетті елдердің медицинадағы зерттеулерінен хабардар болып, бағыт-бағдарын біліп отыру үшін де өзекті. Себебі, бүгінгі күні ғылымда медициналық жаңашылдықтарға айрықша назар аударылады. Әр елдің басты құндылығы адам, оның денсаулығы, жайлы өмірі мен мүддесі болғандықтан, медицинаны дамытуға тұрақты көңілдің бөлінетіні түсінікті. Оның үстіне, бүгінгідей экологиялық ахуал төмендеп, азы-түлік қауіпсіздігіне байланысты мәселе туындаған тұста, әр елдің медициналық зерттеулерге арнайы көңіл аударуы қалыпты жағдай. Соның нәтижесінде бүгінде жаңадан түрлі дәрілер, ем-дом жасау әдістері енгізілуде. Қазақстан да мұндай жаңашылдықтардан сырт қалмауы керек. Мұның қаншалықты өзекті екеніне форумға қатысушылардың толық көзі жетті.
Форумда «Кардиология», «Онкология», «Гинекология», «Педиатрия», «Хирургия», «Урология», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Биомедицина», «Фармация» секциялары бойынша талқылаулар ұйымдастырылып, ғылымның түрлі салаларындағы өзекті мәселелер талқыланады. Сонымен қатар, «Стоматология», «Оңалту және спорттық медицина» және «Мейірбике ісі» де форумға қатысушылар назарынан тыс қалмады.
Әсіресе, форум қонақтарын қазақстандық жас ғалымдардың «Аллергиялық вакцина», «Жасуша терапиясы – Қазақстандағы церебральды сал ауруын емдеудің перспективті әдісі», «Коронавирустық инфекцияның ерлердің репродуктивті денсаулығына әсері», «Жасанды интеллект» бойынша жасаған зерттеулері қатты қызықтырды. Шетелдік ғалымдар осы тақырыптар бойынша өз практикаларында кездескен жағдайлармен бөлісіп, зерттеуді толықтыруға қатысты өз пікірлерін ортаға салды.
Жалпы, адамзат игілігіне жарайтын, өмір сүру жағдайын жақсартатын кез келген жаңашылдықтың пайдасы зор. Сондықтан осы бағыттағы зерттеулер ынталандырылуы, жас ғалымдар барынша қаржыландырылуы керек. Осыны ескерген Қазақ ұлттық медицианлық университеті «Ғылым қоры» АҚ-мен бірлесіп бизнес серіктестерге жас ғалымдардың ғылыми жобаларының питчингін ұйымдастыруды орынды деп шешкен болатын. Осы шара барысында жас ғалымдар дайындаған барлығы 10 жобаның тұсауы кесілді.
Сондай-ақ, халықаралық форумға үлкен дайындықпен келіп, әлем ғалымдарының алдында тың зерттеуімен бөліскен жастарды мемлекет те қолдаусыз қалдырған жоқ. «Асфен. Форум, жаңа ұрпақ» аясында үздік ғылыми әзірлемелер дайындаған жас ғалымдарға 5 700 000 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді.
Форумда жастардың денсаулық сақтау саласына қатысу тақырыптары, ғылым, білім, тәжірибе және бизнес интеграциясы аясында денсаулық сақтау және білім беру жүйелерін дамытудың жаңа мүмкіндіктері мен перспективалары талқыланды.
-
24.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024