02-07-24 |
6180 рет қаралған
Қазақстанның төрт бірдей қаласына террористік қауіптің «сары» деңгейі енеді.
Қазақстанның төрт бірдей қаласына террористік қауіптің «сары» деңгейі енеді

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2-4 шілде аралығында Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларында террористік қауіптің «сары» деңгейін енгізетіндерін мәлімдеді.

Терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі елордада өтетін маңызды халықаралық шараларға байланысты енгізіледі. Құқықтық режим 2 шілде сағат 00:01-ден бастап 4 шілде 23:59-ге дейін созылады және ШЫҰ саммиті өтетін объектілер аумағы мен күзетілетін тұлғалардың жүру бағыттарында белгіленеді.

«Қазақстанда шілденің 2-5 аралығында бірқатар маңызды халықаралық іс-шара, оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі мен Қытай Халық Республикасы төрағасының мемлекеттік ресми сапары өтеді.  Осыған орай әлемге белгілі тәжірибеге сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар шетелдік делегациялардың, олардың ішінде мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар басшыларының қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін толыққанды шаралар қабылдайды», – деп мәлімдеді ҰҚК. 

Осыған байланысты ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының шешімімен Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларының жекелеген учаскелерінде құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қолдау іс-шаралары өтеді.

Терроризмге қарсы операция өткізілетін аймақтарда күзетілетін тұлғалар жүрген кезде басқа адамдар мен автокөліктердің қозғалысына шектеу қойылады. Бұдан бөлек күзетілетін тұлғалар жүретін арнайы трассаларда қалалық жолаушылар көліктерінің қозғалысы тоқтатылады. Тиісті бағдарлардағы өзгерістер туралы Астана әкімдігі хабарлайды.

Сондай-ақ терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізілуін ескеріп, Астана, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларында ШЫҰ саммитін өткізу объектілерінде 2 шілде 00 сағат 01 минуттан бастап 4 шілде 23 сағат 59 минутқа дейін террористік қауіптің бірқалыпты («сары») деңгейі белгіленеді. 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.