09-07-24 |
6490 рет қаралған
Үкімет утиль алымды толық алып тастай алмайды – депутат.
Үкімет утиль алымды толық алып тастай алмайды – депутат

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан сырттан келетін көліктерге қатысты утиль алымды алып тастау мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Үкімет тарапынан Санжар бастаған топтың петициясын қараудың мерзімі аяқтала келе жатқанын айтқан депутат бұл мәселенің шешімнің бірнеше нұсқасы барын айтты. Ол: 1. Петиция талабын қанағаттандыру, утильалымды жою (жеңіл көліктерге азайту), 2. Петицияны ішініра қанағаттандыру, утильалым мөлшерін азайту, 3. Петицияны қанағаттандырудан бас тарту.

«Осыған орай әуелі утильалым деген не өзі, ол бойынша алыс-жақын елдердегі тәжірибе қандай деген сұрақтарға тоқтала кетсем. Утильалым – қысқаша айтқанда, белгілі-бір отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында төленетін «қосымша» салық түрі десе болады.  Оның жарқын мысалын көршілес Өзбекстан мен Қытай елдерінен көруге болады. Екі елде де автоөндіріс толық мемлекеттерінің қолдауымен дамуда. Күні кеше Евросоюз Қытайға өзінің наразылығын білдірді, олардың ойынша мемлекет тарапынан Қытай автоөндірушілеріне берген көмек салдарынан, европалық көліктер бәсекеге қабілетсіз. Евросоюз наразылық білдірумен ғана шектелмей, қытай көлектеріне баж салығын 40% -ға көтеріп тастады, ал АҚШ болса оны 100% ғып енгізді. Ресей елі бұндай қатаң шараларды осы шілде айынан бастап, арнайы техникаға қатысты қолдануда. Яғни, барлық елдер өз ішкі нарығын, отандық автоөндірушілері мен инвесторларын белсенді қолдауға көшуде, бұл жалпы қалыпты жағдай», – деді А. Құспан.   

Сонымен қатар ол Үкімет утиль алымды толық алып тастай алмайды деген ойда. Өйткені мемлекеттің инвесторлар алдындағы міндеттемесі бар. Жақсы болсын, жаман болсын Қостанай, Алматы қалаларындағы зауыттарда біраз көлік түрі шығуда. Утиль түгел алынар болса, олардың өнімі сатылмайды, тиісінше инвестордың салған қаражаты қайтпайды, ал ол инвесторларлар қаражат салар алды Қазақстанмен мемлекеттік қолдау турасында тиісті келісімшарттарға отырғаны даусыз.

«Сондықтан, Үкімет үшін өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай аман шығу өте маңызды.

Өз тарапымнан қосарым, мынау қолданыстағы экологиялық кодекстің 388 бабын қайта қарастыру қажет, кезінде бұл өзгерістерді енгізу барысында Қазақстандықтардың қалыс қалғаны түсінікті, енді осы петиция аясында утильлалым түріндегі бұл «қосымша» салық түрін қайта қарастырып, жиналған қаражаттың нақты қайда, қалай жұмсалатынын түсінікті ғып қайта жазу сонымен қатар, утильалыммен айналысатын уәкілетті мекеме қызметінің қоғам алдындағы ашықтығын қамтамасыз ету маңызды», – дейді ол.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.