08-01-18 |
21880 рет қаралған
«МАНАС» ЖЫРЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ ЖӘНЕ ТҮРКІ ФОЛЬКЛОРЫНАН АЛАТЫН ОРНЫ.
«МАНАС» ЖЫРЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ ЖӘНЕ ТҮРКІ ФОЛЬКЛОРЫНАН АЛАТЫН ОРНЫ

Түркі халықтарының тарихын, мәдениетін, этнографиясын, фольклорын, әдебиетін, тілін бір-бірімен байланыстыра қарастыруәлі де өзектілігін жойған емес. Махмұт Қашқари еңбегінен бері түркі жұртының мәдени мұраларын салыстыра қарастырып, олардың бір-біріне ықпалы мен әсерін, ерекшелігі мен сонылығын, рухани жақындығын зерттеп көптеген ғалымдар еңбек жазды. Елдік пен ерлікті дәріптеп, атадан балаға ауызша мирас болып жеткен құнды жәдігерлердің бірегейі – «Манас» эпосы.

Қырғыз халқының еншісіне тиген «Манас» эпосы исі түркі халықтарының ортақ мақтанышы. Жауынгерлік рухтағы эпостың арғы қайнарынғасырлар бойы қытайлармен тіресіп, батыс қанатын Алтай асырып, Балқанға жеткізген ғұндар заманынан іздемегеннің өзінде, көк түріктердің телегей теңіздің толқындарындай дүниені тітіренткен дәуірінен бастау алатынын аңғаруға болады.

Мысыр жазуы туралы сөз болса Франсуа Шампольон, көне түрік жазуына қатысты әңгіме өрбісе Вильгельм Томсен, «Гильгамеш» эпосы жайындағы еңбектерде Джордж Смит есімдері қатар аталса, «Манасты»алғаш рет жазып алып, әлемдік ғылыми ортаға танылуына, зерттеу нысанына айналуына түрткі болған Шоқан Уәлиханов пен эпосты кеңестік репрессиядан арашалап қалған Мұхтар Әуезов есімдері манастану саласында алтын әріппен жазылды.

Ш.Уәлиханов Ыстықкөл сапары туралы былай деп жазады: «Менің қырғыз жұртшылығымен таныса бастағаным 1856 жылдан бері қарай. 1855 жылы қырғыздың атақты манабы Боранбай өзіне бағынатын руларымен орыс патшалығына қарады. Қырғыз халқының сұрауы бойынша 1856 жылы Хоментовский полковник бастаған бірінші экспедиция шықты. Оның мақсаты қырғыз халқымен жағынырақ танысып, олардың жерін картаға түсіру еді. Мен осы экспедицияға қатынасып, Боранбайдың ауылында болдым. Қырғыз халқының бірнеше тамаша қария сөздерін жинап, олар туралы бір очерк жаздым» [Уәлиханов Ш. Жоңғария очерктері]. 1856 жылдың 24 мамырында Шоқан Қарқарада өткен Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардың жиынына қатысып, қырғыздың манаптары Боранбай, Мұраталы, Шоң-Қараш, Качибекпен кездеседі.Осы жиында Ш.Уәлиханов «Манасты» білетін жыршыны сұрастырса керек. Себебі екі күннен соң, яғни 26 мамырда қырғыз жыршысы Шоқанға келіп, «Манас» эпосының «Көкетай ханның асы» деген тарауын айтып береді. Өкінішке қарай, Шоқан манасшының есімін жазбаларында көрсетпеген.

Шоқан «Манас» жыры туралы ең алғаш Омбыдағы кадет корпусының оқытушысы Н.Ф.Костылецкийдің лекциясынан естіген болатын. Себебі Н.Ф.Костылецкий қазақтар арасынан шәкірттері арқылы жинаған жыр-аңыздарды, ертегілерді дәріс барысында пайдаланатын. Жиналған мәліметтердің арасында «Манас» жырының сюжеттерінен алынынып, ертегі түрінде жазылған «Қоңырбай» («Ер Нұра») және «Қарабас ұлы Манас» та бар еді [Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. 234-б.].

Ыстықкөлге бет түзеген сапарында Шоқан Манас туралы аңыздарды, ертегілерді, шежіре-аңыздарды Жетісу өңіріндегі Ұлы жүз қазақтарынан ести бастайды. Манасқа қатысты естіп-білгендерін дәптерлеріне жазып алады. Демек, Шоқан Уәлихановтың Ыстықкөл бойында «Көкетай ханның асын» жырлаған манасшымен кездеспей тұрып-ақ, Манас батыр туралы аз да болса құлақдар болған.

Шоқан қырғыздардың сарыбағыш, солты, саяқ, шерік руларына тиесілі Орман, Жантай, Төрекелді ауылдарын аралайды. Мұндағы мақсаты – географиялық атаулардан бөлек, көнекөз қариялардан жеткен мифтерді, аңыз-жомоқтарды (ертегілерді) жинау, олардың «Манас» жырымен қатынасын, байланысын анықтау, ескіден жеткен есті сөздер негізінде қырғыз тілінің дамуын танып-білу. Жиналған материалдар негізінде Ш.Уәлиханов «Жоңғария очерктерінде»: «Манас» – қырғыз мифтерінің, жомоқтарының, аңыздарының энциклопедиялық жинағы. Бұлардың барлығы бір ғана дәуірге және бір ғана Манас батырдың төңірегіне топталған», – деп жазады.

Бір ғажабы қырғыздар Манасты Шоқанға ноғайлы дәуірінің батыры ретінде жырлаған. Тіпті, өзге де аңыздары мен жомоқтарын ноғайлы кезеңімен байланыстыра жаздырған. Шоқанның өзі: «Ноғайлы дәуірінде айтылған көп аңыздар, ертегі-жырлар қырда осы кезге дейін жеткен. Ол жырларды ерекше қадірлеп, көзінің қарашығындай сақтаған, әсіресе қазақ, қарақалпақ, қырғыз жұрттары. Жалпы айтқанда Алатау қырғыздары ноғайлының ертегі-жырына, қария сөздеріне өте қанық», – дей келіп, «Жырдың алыбы ноғайлының батыры Манас, қорқуды білмейтін ер: бар өмірін сұлу әйел үшін соғысумен өткізген», – деп жыр кейіпкерін ноғайлының батыры деп көрсетеді.

Шоқаннан кейін Жетісу мен Алатауды аралаған түрколог-ғалым В.В.Радлов «Манас» жырыныңбір нұсқасын 1862 жылы хатқа түсіреді. Бірақ 80 беттік бұл нұсқаның көркемдігі Шоқанның жазып алған нұсқасынан әлдеқайда солғын шығады. 1869 жылғы екінші сапарында В.В.Радлов «Манас» эпосының көлемді нұсқасын, сонымен қатар «Алмамбет», «Жолай» жырларын жазып алады. Өкініштісі сол, В.В.Радлов та Шоқан секілді «Манасты» жеткізушінің аты-жөнін жазып алмайды. Дегенмен, манастанушы кейінгі зерттеушілер екі ғалым да жырды бір кісіден жазып алғандығына түрлі дәлелдер келтіреді және ол жеткізуші ХІХ ғасырда бірнеше манасшының ұстазы болған Назар жырау екендігін алға тартады.

В.В.Радловтан кейін бірнеше адам «Манас» эпосының тарауларын, үзінділерін жазып алғаны жөнінде мәліметтер болғанымен, олардың

қолжазбалары жарияланбаған. «Манас» эпосын жүйелі түрде жазып алу бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, Ресей империясының орнына Кеңес үкіметі орнағаннан соң жүзеге асады. «Манас» үзінділерін, белгілі бір тарауларын айтушы жомокшылар көп болғанымен жырды тұтас күйінде білетін манасшылар некен-саяқ еді. Эпостың классикалық үлгісін жырлаушы Сағымбай Оразбақов пен Саяқбай Қаралаев нұсқалары ең толық саналады. Мұнда манасшылар Манастың жеті атасын, туылуын, балалық шағын, қырғыздарды Алатау баурайына әкелуін, түрлі жорықтарын, үйленуін, Манастың қасындағы шораларын, Манастың сән-салтанатын, өлімін, баласы Семетей мен немересі Сейтектің ерлік жолдарын жырлаған.

Дегенмен Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін сталиндік режим кезінде «Манас» эпосын бай-манаптарды, ескілікті, хандық дәуірді жырлаған жыр есебінде қаралаушылар да табылып, эпосты жариялауға, насихаттауға түбегейлі қарсы шықты. Қырғызстанда ғана емес, сонымен қатар Кеңестік Одақ көлеміндегі мерзімді басылым беттерінде эпостың болашағы туралы түрлі сыни пікірлер, мақалалар жазылды. Тіпті, 1952 жылғы 8 шілдеде Қырғызстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұйымдастыруымен Фрунзе қаласында (қазіргі Бішкек) «Манас» эпосының болашағы туралы ғылыми конференция өткізілді. Бұл жиын осы уақытқа дейін жазылған, айтылған пікірталастың қорытындысы ретінде жоспарланды. Конференцияға қырғыз ғалымдарынан бөлек Мәскеу, Ленинград қалаларынан А.К.Боровков, Л.И.Климович секілді белгілі профессорлар, Орталық Комитет өкілдері қатысты.

Бұл конференцияға қырғыз елінің мүдесін қорғап, «Манас» эпосын саяси қудалаудан арашалау мақсатында қазақтың ұлы жазушысы, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, академик М.О.Әуезовты арнайы шақыртты. Конференцияда сөз алғандар «Манас» елдік және ерлікті жырлайтын шығарма ма әлде патриархалық-феодолдық қоғамды дәріптейтін реакцияшыл эпос па дегенпікірлер төңірегінде шоғырланды. Осы конференцияда қорытынды сөз алған Мұхтар Әуезов: «Бұл талқылау партия және совет баспасөзінің беттеріндегі айтыстан басталды. Әділіне жүгінсек, төрт ай уақыттың ішінде республикалық баспасөз ұлан-ғайыр іс тындырды, тек «Советская Киргизия» және «Қызыл Қырғызстан» газеттерінде ғана ұзын-ұрғасы он беске тарта мақала жарияланды… «Манас» жайындағы мәселені талқылау ісіне тек Қырғызстанда ғана емес, Москва да зор көңіл бөліп отыр. Бүкілодақтық Академия да, СССР совет жазушылары Одағы да біздің конференциядан түбегейлі жауап тосады», – деп бұл конференцияның маңыздылығын, бір ұлттың мақтанышына айналған мәдени мұраның тағдыры осы жиынның қорытындысына тәуелді екеніне өзін ұйып тыңдаған халықтың назарын аударады.

Өз баяндамасында Мұхтар Әуезов өзіне дейінгі мақалаларды сараптай келе, «Манас» ерлік пен елдікті насихаттайтын халықтық эпос екендігіне дәйекті мысалдар келтіре отырып, А.К.Боровков пен Л.И.Климовичтің пікірлеріне ғылыми тұрғыда тойтарыс береді. Туыстас халықтар арасындағы фольклорда бұл эпостың оқшау тұрған үлгісі екеніне, сюжеттерінің

көркемдігіне тоқталады. Жырдың түп асылын Орхон жазуларымен салыстыра отырып іздеу қажеттігін алға тартады. Манас батырдың ерлік жорықтарын Күлтегін ескерткішінде жазылған жолдармен салыстыра қарастыруды алға тартады. Сөз соңында «Бәр-бәріміз иық сүйесе, тізе қоса еңбек ете отырып, «Манасты» жат сарындардан тазартып, оны қалыққа қайтарып беруге борыштымыз» деп қорытындайды.

Мұхтар Әуезовтің осы конференцияда «Манасты» қорғай сөйлегенін өз көзімен көріп, залға симай, есіктің аузында тікесінен тік тұрып тыңдағанын қырғыз халқының мақтанышы Шыңғыс Айтматов әртүрлі жиындар мен естеліктерінде тебірене айтып, жазып жүрді.

«Манас» тек қырғыз халқының ғана тиесілі емес, ол сонымен қатар Байкалдан Қара теңізге дейінгі, Сібір ормандарынан Памир шыңдары аралығында тіршілік еткен барша түркі жұртының ортақ жәдігері.

Эпостың шыққан дәуірі туралы пікірлер әлі де сан алауан. Ш.Уәлиханов өзіне жырлап берген манасшылардың дерегіне сүйене отырып, эпосты ноғайлы заманының мұрасы ретінде қарастырса, В.М.Жирмунский «Манасты» ХV-ХVІІІ ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы тұсында орын алған оқиғалармен байланыстырады [Жирмунский В.М., «Введение в изучение эпоса «Манас», 1948. стр. 12.].Дегенмен, Алпамыс батыр мен Қорқытқа қатысты зерттеулерінде Манасты осы шығармалармен салыстырып, эпостың тарихы тереңде екенін тілге тиек етеді.

Профессор П.А.Фалев Күлтегін ескерткішіндегі «Биікте көк тәңірі,Төменде қара жер жаралғанда,Екеуінің арасында адам баласы жаралған» деген жолдар мен «Манас» жырының «Жер, жер болып, Суу, суу болгондо» деген жолдармен басталатынына, Күлтегін мен Манас батырдың ерлік жорықтарының ұқсастықтарына назар аударып, эпостың өмірге келген уақытын ІХ ғасыр деп топшылайды [П.А.Фалев, Введение в изучение тюркских литератур и наречий. Лекции читанные проф. П.А.Фалевым в 1921 г. в Туркестанском Восточном Институте, Ташкент, 1922. стр. 22.].

Мұхтар Әуезов «Қырғыздың батырлық эпосы «Манас» деген көлемді мақаласында ұстазы П.А.Фалевтің (Мұхтар Омарханұлы 1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне тыңдаушы болып оқуға түсіп, Фалевпен сонда танысады) «Халық (қырғыз – М.Ә.) эпосы шығармаларын Орхон жазуларымен салғастыру әбден орынды» деген пікірін қуаттап, өзі осы бағытта зерттеу жүргізеді [Әуезов М., Уақыт және әдебиет. 1962. 207- бет.].Ол «Манас» эпосының халықтық нұсқасын жасау керек» атты мақаласында: «Орхон жазулары деген не? Бұл күнге дейін оларды тіл тарихының ескерткіштері ретінде зерттеп жүр. Соған қоса олар фольклордың мейлінше көне үлгілерінің де ескерткіштері емес пе? Сол жазуларда эпостық аңыздардың шағын да ықшам фабулалық желілері бар ғой. Егер мұндай ескерткіштер қара тастан ойылып, қашалып тұрып жасалса, сол жырлардың ауызша айтылып таралған әрі бұдан да толық нұсқалары болмауы мүмкін бе?» [Әуезов М., Уақыт және әдебиет. 1962. 243-244-бб.] – деп орынды мәселе көтереді. Енді бір тұста «Олардың мазмұнында эпостық баяндау сазы басым, аңыздың көркемдік түрі де соған орайлас. Күлтегін, Тоныкөк немесе

Суджа жазуларында қанша адам, қанша ерлік, қанша оқиға бейнеленген десеңізші?! Оларда әралуан рулар мен тайпалардың кескілескен шайқастарының, соғыс суреттерінің, батырлар ерлігінің, жорықтардың шежіресі бар… Ол жазуларда хронологиялық тәртіп те бар… Сол жазуларда Тоныкөк тек батыр ғана емес, соғыс тактикасын жасауға қатысушы, дипломат болып та көрінеді. Онда тағлым ретіндегі өсиет те бар» [Әуезов М., Уақыт және әдебиет. 1962. 208-б.], – деп ескерткіш жанрының көп қырлылығына назар аударады. Демек, ғасырларды артқа тастап, осы күнге жеткен жәдігерлерді біржақты ғана қарастырып, бір жанрға телу ғылымға қиянат болары анық. Бұл ескерткіштерде хронологиялық тәртіппен жазылған тарихи мәліметтер де, аңыз-әңімелерге сүйенген фольклорлық элементтер де, адамның жанын шабыттандыратын поэзиялық үлгілер де, тұрақты сөз тіркестерінен құрылған шешендік сөздер де, көркем ойды жеткізетін қарасөз тізбектері де кездеседі. Мұнда пәлсапалық ой-тұжырымдар мен тұтас ел болу идеясына қатысты саяси ұстанымдар да сөз болады.

М.Әуезовтің көрсетуінше, Ұйғыр қағандығын құлатып, Қырғыз қағандығын орнатқан батыр 847 жылы дүниеден қайтқан. Өкінішке қарай, ол батырдың есімі жазба деректерде сақталмаған. М.Әуезов осы батыр Манастың өзі болуы бек мүмкін деген жорамалға келеді.

М.Әуезов эпостардың шығу төркіні туралы: «Халық арасында әлде бір батырдың қоштасуы және соны жоқтауға байланысты таралған өлең-жырды алғашқыда бір ақын жинап, басын құрауы, сөйтіп тұңғыш эпостық дастанның тууына негіз қалауы ықтимал» [Әуезов М., Уақыт және әдебиет. 1962. 35-б.], – деп дұрыс айтқан. Белгілі бір батыр қайтыс болғанда артында қалған жұрт руының, елінің қорғанышы болған әлгі адамның туылғаннан бастап өлгенге дейінгі өмірі тізбектеліп, қадір-қасиетін, ерлік жолдарын, тіршілігін айтып жоқтап, қаза болған кісіні сағынып, егіле жылайды. Бұл жоқтау елден-елге ауызша тарап, кейінгі таратушылар батырды дәріптеп өз жанынан жыр қосып, алғашқы жоқтау жан-жақты толығып, үлкен бір эпосқа айналады.

Мұндай керездерді (өсиет жыр, бақұлдасу), қошоқтарды (жоқтауларды) біз «Манас» эпосынан бірнеше жерде көреміз. Мәселен, «Көкетай ханның асындағы» Көкетайды жоқтауы, Алмамбеттің Чубакпен бақұлдасу, Манастың Алмамбетті жоқтауы, Манасты жоқтау. Бұл секілді бақұлдасу мен жоқтау түрлері қазақ фольклорында, соның ішінде батырлық жырлар мен эпостарда, көптеп кездеседі. Мәселен, Сорқұдыққа бет алған Ертөстіктің қоштасуы, Төлегеннің аспандап ұшқан алты қазбен қоштасуы, белінен шойырылған Тарғынның Ақжүніспен бақұлдасуы және т.б.

Орхон жазба ескерткіштерін фольклорлық мұраларсыз қарастыру мүмкін емес. Тасқа қашалып жазылған ерлік жорықтарын жалпы түркі халықтарына ортақ батырлық эпостармен салыстыра талдау және оларды тарихи деректермен нақтылап көрсету ескерткіштің құндылығын арттыра түсері сөзсіз. Сол себебептен де, біз тарихи жазба ескерткіштен батырлық эпостардың толық нұсқасын, қалыптасқан тұлғасын іздемей, түркі халықтары эпостарында кездесетін ұқсас жекелеген сюжеттерді, типтік образдарды анықтасақ әлдеқайда тиімді болары анық. Өйткені, фольклор мен ежелгі

әдебиет арасындағы сюжеттер мен образдар, жанр мен құрылымы бірде ұқсас, бірде ерекше болуы мүмкін.

Қазіргі әдебиеттану ғылымында түркі халықтарының жазба әдебиетін Орхон ескерткіштерінен бастау қалыптасқан. Дегенмен бұл жазба әдебиеттің алдында түркілердің атадан балаға сан ғасырлардан мирас болып қалған аңыздары, ерлік дастандары, ауызша тараған өлең-жырлары бар еді. Күлтегін мен Білге қағанның жорықтары мен ерліктерін тасқа сыналап жазған авторлар сол ауыз әдебиетінен, қуатты поэзиядан, бабалар сөзінен нәр алып, сусындаса керек. Олар өз заманының қағаны мен батырының ерлік жорықтарын тек хронологиялық-тарихи шежіресін ғана беріп қоймай, сонымен қатар, дәстүрлі поэзия өрнектерімен де әдіптеген. Сол себептен де тас жазуларын эпостармен салыстыра зерттеуді алға тартқан М.Әуезов, Ә.Марғұлан сынды ғалымдардың ой-тұжырымдары әлі де мәнін жойған жоқ. Эпостық дәстүрі ерекше дамыған түркі халықтарының бай мұрасын Орхон мұраларымен байланыстыра қарастыру тарихи жәдігерлердің ұлттық әдебиетіміздегі құнын арттыратыны анық.

Ақжігіт ӘЛІБЕКҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Шығыстану кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.