08-08-24 |
38420 рет қаралған
Курск шайқасы: Украина әскері алға жылжыды.
Курск шайқасы: Украина әскері алға жылжыды

Ресейдің Курск облысында үш күннен бері шайқас жүріп жатыр, – деп жазады Азаттық.

8 тамызда таңертең аймақ басшысы міндетін атқарушы Алексей Смирнов облыста әуе қорғаныс жүйесі жеті ракета мен алты дронды атып түсіргенін хабарлады. Түнде бірнеше рет ракета қауіпсіздігі режимі жарияланған.

Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, 8 тамызда түнде және таңертең Курск облысында әуе қорғаныс жүйесі алты дрон мен бес ракетаны жойған. Бұдан бөлек, Белгород облысында 14 дрон атып түсірілген.

Америка соғысты зерттеу институтының мәліметінше, Украина әскері Курск облысында он шақырым алға жылжыған болуы мүмкін.

Ресей қорғаныс министрлігіне жақын «Рыбарь» телеграм-арнасының мәліметінше, Украина әскері Суджа қаласының батыс бөлігінің жартысын басып алған. Қазір қаладағы Суджа арнасының маңында шайқас жүріп жатыр. Бұл аумақты Ресей жағынан «жергілікті жасақ» қорғап жатқаны хабарланды.

Телеграм-арна қазір «украин әскерінің саны, батыс техникасының қоры мен қарсылас жақтың әскери потенциалы түгесілмегенін» жазды. Ресей қорғаныс министрлігін сынап жүрген «Два майора» телеграм-арнасының жазуынша, қазір жағдай «күрделі», ал қарсылас жақ «көп күш қолданып жатыр». Бұған дейін арна Курск облысына Украина қарулы күштерінің бригадасы яғни, мыңнан астам әскер кіргенін хабарлаған.

Осыған дейін Ресей президенті Владимир Путин украин күштерін Курск облысында «ауқымды арандату әрекетін» ұйымдастырды деп айыптаған. Ал Ресей бас штабының жетекшісі Валерий Герасимов жағдай «бақылаудан шықпағанын», Ресей әскерінің қарсылас жақтың жылжуын «тоқтатқанын» айтқан.

6 тамызда Украина қарулы күштерінің тұрақты бөлімі Ресейдің Курск облысының Суджан ауданына басып кірген. «Агентство» сайтының есебінше, Украина Курск облысындағы 350 шаршы метр аумақты басып алған.

Бұған қоса, украин әскері Украина арқылы Еуропаға газ тасымалдайтын «Суджа» газ өлшеу станциясын да басып алған. Әзірге ақпарат ресми түрде расталмады.

Аймақта төтенше жағдай режимі жарияланды. Ақпарат құралдарының жазуынша, Суджан ауданында бес тұрғын опат болған. Ресей денсаулық сақтау министрлігі атқылау кезінде 30-дан астам адам жараланғанын, алтауы – бала екенін мәлімдеді.

Курск облысында дрон шабуылының салдарынан ресейлік мемлекеттік ВГТРК медиахолдингінің тілшісі Евгений Поддубный ауыр жараланған. Ол Курскідегі ауруханалардың бірінде жатыр, жуық арада Мәскеуге емдеуге жіберіледі деді губернатор міндетін атқарушы Алексей Смирнов.

Украина жағы Курскідегі жағдайға қатысты түсініктеме бермеді. Украина қарулы күштерінің Курск облысына шабуылы – соғыс басталғалы бергі Ресей аумағындағы ең ірі шайқас.

Оған жақын жатқан Украинаның Сумы облысында шамамен 6 мың адам тұратын 23 елді мекен тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген.

АҚШ Курск облысындағы шабуылға қатысты Киевтен түсініктеме талап етпек. АҚШ мемлекеттік департаменті Украина қарулы күштерінің қимылы жөнінде алдын ала білмегенін, алайда соғыс жағдайында қалай қимылдау керегін Киевтің өзі шешеді деп мәлімдеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.