Қостанайдан Қарасу ауылына баратын тас жолдың алты шақырымын әлі су басып жатыр. Екі аралықта қатынайтын жұрт дала жолымен жүруге мәжбүр.
24.KZ телеарнасының мәліметінше, көлкіген суда тұрған электр бағандарының да құлау қаупі бар. Сондықтан бұл аумақта төтенше жағдай режимі әлі сақталып отыр.
Қостанайдан аудан орталығы Қарасуға аса бір қажеттілік болмаса, былайғы жұрт қазір бара қоймайды. Өйткені көктемде тас жолды су басқаннан бері, қатынас қиындаған. Ол жаққа тек сексен шақырым айналма жолмен, не жаңбыр жауса ми батпаққа айналатын дала жолымен жетуге болады.
Бәрінен бұрын арнайы қызмет көліктерінің жүргізушілеріне қиын.
«Мынау жолмен сырқат адамды қалай жеткіземіз. Ауыр жарақаты бар не жүрегі ауыратын адаммен жолда қалып қойсақ не болмақ? Міне, итіңдеп, сағатына 20 шақырым жылдамдықпен келе жатырмыз», – дейді жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Арман Айтпаев.
Алқаптан астық тасып жүрген Арман Рахымбеков кеше күні бойы батпаққа батып тұрғанын айтады.
«Бүгін тағы таңертеңнен қозғала алмай тұрмын. Атқарушы билік қамсыз отыр деуге болмас. Іргедегі Алабота көлінен күні-түні су сорып, далаға ағызып жатыр. Бірақ одан қайыр болмай тұр», – дейді көлік жүргізуші.
Жергілікті атқарушы билік жазда екі есе көп ылғал түсіп, көлдің су деңгейі түспек түгілі, көтеріліп кетті деген уәж айтуда.
«Облыс басшылығы су арнасын бұру үшін қосымша арық қазу жөнінде шешім қабылдады. Оған 108 миллион теңге бөлінді», – дейді Қарасу ауданы әкімінің орынбасары Динара Тұрсынбаева.
Ауданға тартылған электр бағандарының 15 проценті қазір суда тұр. Аяз түскенше ол маңайды құрғатып үлгермесе, мұз болып қатқан баған тіреуіштері бұзылып, қирауы мүмкін. Олай болған жағдайда аудан жарықсыз қалады.
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024