09-09-24 |
11230 рет қаралған
Парламент қазақ тіліне қарсы ма?.
Парламент қазақ тіліне қарсы ма?

Мен Парламентке бірнеше рет Конституцияның 7-бабындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл – қазақ тілі» делінген норманы жылдар бойы ескермей, орындамай келесіздер деп арыздандым. Олар жазғаныма үнемі алғыс айтумен шектеліп, Ата заңға қарсы  әрекеттерін жалғастыруда.

Осы заңсыздықты тоқтату үшін биыл 5-ші наурызда арнайы  мәжілістің «Заңнама және сот-құқықтық реформа» комитетінің төрайымы С. Имашевамен (суретте сол жақта) кездесіп, сіздер заң шығаруды, қабылдауды тек қана мемлекеттік тілде жүргізулеріңіз керек деп шағымдандым.

Алайда С.Имашева маған тосыннан неге заң шығару тек қана қазақ тілінде болуы керек деп сұрақ қойды.

Мен депутаттардың қызметін құқықтық реттейтін «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 37-  бабында «Парламент жұмысында тiлдердi пайдалану Республика Конституциясына және Республикадағы тiл туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады» -деп бекітілгенің. Ал «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңның 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi.  Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» деп көрсеттім. Осы заңның 9-бабында мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады делінген дедім!

Мен де Имашевадан қай заңның негізінде сіздер орыс тілінде заң қабылдайсыздар деп сұрадым.

Бұған С.Имашева парламентте қазақ тілін білмейтін, сөйлемейтін депутаттардың бар екенін айтып ақталды. Мен С.Имашевадан «Заңнама және сот-құқықтық реформа» комитетінің төрайымы ретінде депутаттардан Парламенттің заң шығару процесінде Конституцияның 7-бабында, заңдарында  Қазақстандағы мемлекеттік тiл – қазақ тілі деген нормаға қарсы заң бұзушылықты жою жайлы шешім  шығаруды талап ететінімді айттым. Және де депутаттардың Конституцияға қарсы бұл әрекеттерінде біліксіздіктің, білімсіздіктің және президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, арандатушылықтын белгілері бар екенін жеткіздім.

Мемлекетіміздің заң шығарушы органы Парламенттің осы заң бұзушылықтары тек қана қазақ халқының құқын таптап отырған жоқ, сондай-ақ 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда біртұтас ел болып қабылдаған Конституциядағы тіл нормаларын мойындамай, бүкіл елдің құқын шектеп отырғанын да Имашеваға айттым.

Менің арызыма жауап беруге төрайым С.Имашеваның уақыты жетпедім е әлде басқа ма, ары қарай бұл мәселені араларындағы заң білетін депутат деп тауып, Н.Байтилесовке (суретте оң жақта) сырғытып жіберіпті.

Ал депутат Байтилесовтың берген жауабы мынадай:

На №ЖТ-2024-03591532 от 2 апреля 2024 года»  Сіздің Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде мемлекеттік тілді қолдану туралы хатыңыз қаралып, келесіні хабарлаймын. Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабының 2-тармағына және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің регламентінің 4-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісінде жұмыс қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

Член Комитета по законодательству и судебно правовой реформе  БАЙТИЛЕСОВ НУРСУЛТАН ТОЛЕНОВИЧ».

Енді осы жауапты талдап, құқықтық бағасын берейін.

Мемлекеттік тілдегі арызыма жауапты орыс сөздерін қосып, толық қазақша жауап бермеген. Бұл қолданыстағы заңдарға қайшы.

Жауапта Н.Байтилесов сілтеме жасаған Конституцияның 7-бабының 2-тармағының менің арызыма қатысы жоқ, өйткені Парламент мемлекеттік орган. Қазақстан Үкіметі туралы Конституциялық заңда мемлекеттік органдарының тізбесі берілген, олар Президент, Парламент, министрліктер. Ал 7-баптың 2-тармағы тек қана «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», -деп жазылғанДепутаттар мемлекеттік орган мен мемлекеттік ұйымдардың айырмашылығын білмейді, заңдарды түсінбейді. Демек «ресми түрде» деген сөз тіркестері бар, бірақ бұл «орыс тілі ресми тіл» дегенді білдірмейді. Осы күрделі мәселені Конституциялық Кеңес 2007 жылы 23 ақпандағы нормативтік мiндеттi күші бар Қаулысымен «мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi мен ресми түрде пайдаланылатын орыс тiлiнiң тең қолданылуы бұл соңғысына (орыс тіліне) екiншi мемлекеттiк тiл мәртебесi берiлетiнiн білдірмейді» деп бекіткен еді. 

Енді қай жерде, қалай орыс тілінің ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатынын айтайын. Олар азаматтық заңдарда көрсетілген мемлекеттік ұйымдарда қолданылады. Атап айтсақ, мемлекеттiк кәсiпорындар, мекемелер, шаруашылық серiктестiктер, акционерлiк қоғамдар басқаша айтқанда, құрылтайшысы меншік иесі мемлекет болатын компаниялар, заңды тұлғалар, және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, мәслихаттар.

Бұдан шығатын қорытынды, Ата заңымыздың 3-бабындағы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық деген нормасына сүйене отырып, депутаттарымыздың заңдарды орындамауы қоғамға қауіп екенін ескере келе, олардың Ата заңның тіл туралы баптарын қаншалықты сақтайтынын тексеру қажет деп ойлаймын.

Айыпқан Мұхамедиев, заңгер

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.