12-09-24 |
3240 рет қаралған
Робот сот орындаушы: ол қандай?.
Робот сот орындаушы: ол қандай?

Жаңа технология, жасанды интеллект араласпаған сала аз. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес азаматтардың қарыз жүктемесін азайту және Әділет органдарының жұмысын одан әрі цифрландыру бойынша іргелі жұмыстар қолға алынып, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Заманауи жаңашылдықтардың көмегімен сот, құқық қорғау, әділет саласының жұмысын жандандыруға да барынша күш салынып отыр. Жақында қолданысқа енгізілген «Цифрлық сот орындаушыны» жобасы сөзіміздің жарқын дәлелі.

          Робот сот орындаушы жобасын Әділет министрлігі дайындаған. Бұл сот шешімдерін дер кезінде орындату, сот актілеріне қатысты халықтың мәселелерін тиімді шешу мақсатында қолға алынған игілікті шараның бірі. Жалпы, әкімшілік соттарға жария-құқықтық даулар бойынша жүгінетін жұртшылықтың басмы бөлігі жеке сот орындаушылардың іс-әрекетіне көңілі толмайтындарын алға тартады. Соның ішінде жеке сот орындаушылардың жауапсыздығы, қызмет ақысының жоғарылығы, берешекті өндіру бойынша қолданатын шараларының қатаңдығы жиі сыналады. Әрине, сот актілерін дер кезінде орындату сот орындаушылар міндеті. Бірақ, бұл құзырлы орган қызметкерлерінің де заңды белден басып, теріс қылық жасайтын кездері аз емес. Ал робот сот орындаушы қарызын өз еркімен төлеймін деген азаматтардың мәселесін оңтайлы шешуге көмектеседі.

Робот сот орындаушының жеке сот орындаушыдан артықшылығы неде? Ең алдымен робот сот орындаушы берешегі бар адамға қарызды қайтаруды белгіленген уақытта, қандай шартпен қайтаруға болатыны туралы ескертпені дәл уақытында жолдайды. Оларда кешігу болмайды. Ал жеке сот орындаушылар ескертуді кешіктіріп беруі, соның кесірінен қарыздың көбеюіне әсер етуі мүмкін. Оның үстіне, бұрындары жеке тұлғалар хабарлама уақытылы келмегендіктен айыппұл алғанын білмей қалатын жағдайлар жиі кездесетін. Екіншіден, робот сот орындаушылар тек ақпарат берумен шектеледі, ал жеке сот орындаушылардың кейбіріне сөйлеу мәдениеті төмен, құқықтық тұрғыдан түсіндіруі кем соғып жатады. Бұдан бөлек, робот орындаушы қызметіне ақы төлеудің қажеті жоқ. Ал жеке сот орындаушылардың соққан қоңырауы, жазған смс хабарламасы, поштамен жіберген ескерту хатына дейін ақылы. Оған қоса, берешек сомасының кқлеміне қарай қызметіне ақы төленетіні тағы бар. Сондықтан, робот сот орындаушылар дер кезінде енгізілген, қарапайым халық игілігі үшін жасалған тиімді жоба десек қателеспейміз.

          Әділет министрлігінің жаңа бастамасын қоғам жылы қабылдады. Биылғы жылдың 18 қаңтарынан бастап тәжірибеге енгізілген жоба Тараз қаласы бойынша сынақтан өткізілген еді. Осы белгіленген уақыттың өзінде азаматтардың ақшалай міндеттемесін төмендету, қағаз тасығыштан толық бас тарту және Атқарушылық іс жүргізуді орындау процесінде адами факторды болдырмау бойынша атқарылған істер оң нәтиже көрсетті. Робот сот орындаушыны іске қосылған санаулы уақыттың өзінде аймақ тұрғындары 226 млн теңге теңгесін үнемдеді. Сөйтіп бастапқыда пилоттық жоба ретінде енгізілген робот сот орындаушылар өзіне жүктелген міндетті талапқа сай орындаған соң, 2024 жылдың тамыз айынан бастап Қазақстан Республикасының барлық аумағында  қолданысқа енгізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай дайындалған бұл жоба енді несиесі бар азаматтардың қаржылық қиындықтан шығуына мүмкіндік береді. Әрі роботтардың тәжірибеге енгізілуі әділет органдарының көптеген жұмысын цифрландыру механизміне сай жетілдіруге жол ашары анық.

Әділет министрі Азамат Есқараев атап өткендей, робот сот орындаушылардың арқасында қарызын уақытылы өтемеген азаматтар жеке сот орындаушылар қызметі үшін 25% қаражат төлеу шығынынан босатылады.

Жаңа жобаны пайдалану тетігі де жеңіл. 20 АЕК-ке дейінгі сомадағы оңайлатылған өндіріс барысында азаматтар іс туралы егжей-тегжейлі ақпаратты EGOV Mobile арқылы 1414-тен SMS хабарлама және push-хабарлама түрінде ала алады. Жобаны жүзеге асыру барысында қарызды қайтарудың барлық шаралары, яғни тыйым салу түрлері автоматты түрде алынып тасталады. берешекті онлайн төлеу қолжетімді. Осылайша, адами фактор толығымен алынып тасталады.

Құзырлы орган өкілдерінің есептеуінше жеке сот орындаушылар қызметіне төленетін 25 пайыз төлемді алып тастағанда жыл сайын азаматтар шамамен 5,5 млрд. теңгеге дейін үнемдейді деген болжам бар. Жаңа бастаманы қолданғысы келетін азаматтарға енді сот орындаушыларымен байланысудың қажеті жоқ. Себебі жобада айқындалғандай берешекті қайтару бойынша барлық әрекеттер онлайн режимінде жүргізіледі. Сондай-ақ енді өндірісті тоқтату және қамауға алуды алып тастау үшін түбіртектер мен басқа да растайтын құжаттарды ұсынудың қажеттілігі болмайды.

Бұл жерде игілікті шараның мерзімі шектеулі екенін де қаперде ұстауымыз керек. Негізгі талапқа сай робот сот орындаушылар қызметін бір ай көлемінде пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Ал 30 күн ішінде оңайлатылған іс жүргізу бойынша атқарушылық құжат талаптары орындалмаған жағдайда, іс жалпы тәртіппен бұрынғыдай жеке сот орындаушысының өндірісіне орындауға беріледі. Осылайша сот орындаушылар басты заңнаманың талаптарына сай өзі жасаған атқарушылық әрекеттер үшін комиссия өндіріп ала отырып, сот актілерін орындауды жалпы тәртіппен жүзеге асырады.

          Жақында Әділет министрлігі өздері бастамашы болған робот сот орындаушы жобасының бір ай уақыт ішіндегі нәтижелерін ортаға салды.  Расында, жобаның қорытындысы ауыз толтырып айтарлықтай жоғары. Робот сот орындаушылардың насихаты кемшін, оны пайдаланушылардың саны әлі де аз болғанына қарамастан, межелі уақыт ішінде республика тұрғындарының 1,2 млрд теңгені қамтитын 60 мыңнан астам атқарушылық ісі шешімін тапқан. Осы аралықта бірқатар берешегі бар азамат 25% төлем төлеуден босатылып, 300 млн теңгесін сақтап қалған. Дәл қазіргі нәтиже алдағы уақытта да жалғасын табаиын болса, ел азаматтары бір жыл ішінде 5 млрд. теңгеге жуық қаражатын үнемдейді деп батыл болжам жасауға болады.

Көпшілік көңілінен шыққан мұндай ілкімді жобаларды Әділет министрлігі алдағы уақытта да дамытып, цифрландыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыруды мақсат етіп отыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.