19-09-24 |
1380 рет қаралған
Отбасы – отанның тірегі, ал әке – отбасының жүрегі.
Отбасы – отанның тірегі, ал әке – отбасының жүрегі

Отбасы – отанның тірегі, ал әке – отбасының жүрегі. Содан болар, ел Үкіметі әкелер күнін белгілеу туралы қаулы шығарып, бұл мәселені ашық талқыға шығарғанда құптаған, бастамаға қуанған жандар көп болды. Себебі, соңғы жылдары әкелер институтының назардан тыс қалғаны, әкелер тәрбиесінің маңызына көңіл аударылмағаны шындық. Отбасының ғана емес, былайғы өмірдің де әйел мен ер азамат, ана мен әке арасындағы теңгерімнен тұратыны кейінгі кезде ескерусіз қалғанын мйындауымыз керек.

Мысалы бізде көпбалалы отбасыларды дәріптегенде күміс алқа, алтын алқаны иеленетін – аналар. Ал осындай отбасы үшін ерекше күнде медальды анамен қоса әкені бірге шақырып табыстауға мән бермейміз. Осының салдарынан қоғамда бала тәрбиесін тек анасы арқалап жүргендей, әкенің отбасындағы орны жоқтай пікір қалыптасады.

Бұдан бөлек, кез келген жерде ананың сөзі негізге алынады, әкенің пікірін тыңдайтындар сирек. Қазақы тәрбиедегі әкенің беделі осыдан кейін құлдырамай, төмендемей қайтсын. Жиындарда аналарды төрге отырғызғанмен, әкелердің сол жиынға шақырылмайтыны тағы белгілі. Отбасындағы тәрбиеде әкенің алар орны анадан төмендеп барады, ал қғамда ше?

Қазір балабақшадағы тәрбиеші, күтушілердің бәрі қыз-келіншектер екені бесенеден белгілі. Ондағы бүлдіршіндердің күні бойы көретіні де, тәлім-тәрбие алатыны да – әйелдер. Ер-азамат дегенде бірен-саран күзетші, электрик, дене шынықтыру сабағының оқытушысы болмаса, бұл арада әкесін еске салатын, әкенің тәлімін жалғастыратын жан болмайды.

Балалардың мектептегі білімі мен тәртібіне жауапты мұғалімдердің 80-90 пайызы тағы да әйелдер. Бұл ортада да ер-азаматтардың ақылы, қамқорлығы, керек кезінде ширықтырып, ширатып алатын қаталдығы жетіспей жатады.

Ұл-қызымыз ем алатын медицина мекемелеріндегі ақ халаттылардың басым бөлігі әйелдер. Мемлекеттік қызметтегі мамандардың құрамы да кейінгі жылдары қыз-келіншектермен толыға түскені ақиқат. Ал енді әлеуметтік желідегі ақыл айтып, кеңес беретін, жол көрсететін мықты блогер, кеңесшілердің барлығы дерлік аналар екенін мойындауымыз керек. Осыдан кейін әкенің беделі, ер-азаматтардың қоғамдағы орны туралы толымды пікір айту мүмкін бе? Үкімет тарапынан әкелер күнінің белгіленуі осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат еткені түсінікті. «Әкелер күні» мерекелеу Қазақстандағы отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға бағытталған. Осылайша 2023 жылдан бері маусым айының әр үшінші жексенбісінде әкелер күні аталып өтуде.

Жалпы, отбасын нығайтуда әкелердің орны бөлек. Кейінгі жылдары отбасына жасалған қамқорлықтың, көпбалалы отбасыларға берілетін көптеген жеңілдіктің арқасында ажырасу деректерінің айтарлықтай азайғанын байқауға болады. Мысалы 2021 жылғы ұлттық халық санағының қорытындысында көрсетілгендей Қазақстандағы отбасылар саны 5 578 947-ге жеткен. 2009 жылы жүргізілген санақта отбасылар саны 4 022 388 болғанын ескерсек, 2021 жылы шаңырақ көтергендер саны 1,5 миллионға артқанын бағамдау қиын емес. Тағы бір қуанарлығы кейінгі жылдары ажырасу саны да айтарлықтай төмендеген. Осының өзі жыл өткен сайын отбасының құндылығы артып, жанұясының жарасымдылығын сақтағысы келетіндер қатарының молайғанын дәлелдейді. Бұл жақсы үрдіс. Әрі осы қалыптасқан жағдайды одан ары жақсарту үшін әкелер институтының да маңызын арттыра түскен абзал.

Осы ретте елімізде ең алғаш рет «Әкелер одағын» құрып, қоғамдық бірлестіктің тіркелуіне мұрындық болған қоғам қайраткері Қуаныш Жұматаевтың еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды.

Мұндайда тарихты түгендеген артық болмайды. Жалпы әкелер одағының негізі Астана қаласындағы №59 мектептен бастау алған болатын. Бала тәрбиесіне бей-жай қарамайтын Қуаныш Жұматаев ұлының сынып жиналысына келгенде жиналғандардың тек аналар екенін көріп таңданады. Баланың тәрбиесіне әкелер салғырт қарай ма, әлде аналар қалыптасқан дағдымен ата-аналар жиналысын жолдасына айтпай, өзі бара бере ме? Неге әкелерді баласының білімі, тәртібі қызықтырмайды? Осындай сауалдар мазалаған Қуаныш Жұматаев мектеп оқушыларының ата-аналарына ашық үндеу жасап, бала тәрбиесіндегі әкелердің рөлін, белсенділігін арттырудың маңызын айтады. Осылайша, мектептің күнделікті шараларына қатысып, тыныс-тіршілігін бақылап, жиналыстарына белсенді атсалыса бастаған қоғам белсендісі білім ордасында «Әкелер кеңесін» құру бастамасын өз қолына алады. Бұл ой көпшілік көңілінен шыққандықтан болар, кеңеске мүше болуға ынталы жандардың қатары көбейе береді.

Құрамындағы мүшелері көбейген сайын жұмысын бір жүйеге келтіріп, белсенділігі артқан Әкелер кеңесі кейіннен өткізетін шаралар ауқымын кеңейтіп, 2011-2012 жылдары әскери-патриоттық клуб ашуға мұрындық болады. Әкелер мен балалар арасындағы байланыс пен өзара сыйластықты мейлінше нығайту үшін көптеген байқау, жиындар ұйымдастыруға мұрындық болады. Осылайша әкесі мен баласының қатысуымен шахмат пен футболдан спорттық чемпионаттар, әртүрлі  бағыттағы шығармашылық байқаулар және т.б. іс-шаралар жыл сайын тұрақты өте бастайды.  Сонымен қатар ер-азаматтар балалармен бірге ағаш егіп, «Әкелер аллеясының» бой көтеруіне бастамашы болады.

Әке мен баланың үндестігін дәріптейтін мұндай шаралар жалпы қоғамның назарынан тыс қалған жоқ. Содан болар, Қуаныш Жұматаевтың жетекшілігімен өткен әр шара бұқаралық ақпарат құралдарында жиі насихатталып, елдің ризашылығына бөлене бастады. Әкелердің белсенділігін көріп қызыққан өзге мектептер де артынша жақсы істі жалғастырып «Әкелер кеңесіне» біріге бастады.

Міне, осындай кішкентай кеңестен бастау алған бұл игі бастама кейіннен «Әкелер одағы» деп аталатын республикалық қоғамдық бірлестіктің құрылуына түрткі болды. 2012 жылы жұмысын бастаған одаққа мүше болған әкелер қатары қалың. Сған орай еліміздің әр өңірінен құрылған «Әкелер одағының» республикалық әкелер қозғалысына айналғанына көпшілік куә. Алайда осындай ауқымды істің басы-қасында болып, қоғамдағы әкелер ролін көтеруде көшбасшы болған қоғам қайраткері, танымал қазақстандық меценат Қуаныш Жұматаев 2019 жылы 40 жасында қайтыс болды. Бірақ, мықты ұйымдастырушының жақсы ісі үзіліп қалған жоқ. Әкелер одағы ер-азаматтардың отбасындағы, қоғамдағы беделін көтеруге қызмет етуде.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.