20-09-24 |
700 рет қаралған
Павлодар облысында 18 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған әйелді тізімнен заңсыз шығарып тастаған.
Павлодар облысында 18 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған әйелді тізімнен заңсыз шығарып тастаған

Павлодар облысының мүмкіндігі шектеулі тұрғыны 2006 жылы коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін кезекке тұрған. ​Бірақ 18 жылдан кейін, 2024 жылы оны  мониторинг анықтаған күйеуінің жылжымайтын мүлікке меншік құқығы тіркелуіне байланысты бұл кезектен шығарып тастаған. Бұл туралы Жоғары сот хабарлады.

Тіркеуге алынған сәттен бастап, оның тұрғын үйінің бар-жоғы туралы қалалық тұрғын үй қомиссиясы бірнеше рет тексерген.

​Әйел коммуналдық тұрғын үй қорынан өзін тұрғын үйге мұқтаждар тізімінен шығару  туралы шешімді заңсыз деп тану және тұрғын үй кезегіне қалпына келтіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.

​Талап қоюды оның пәтер иесі еместігімен, бұл пәтерде тұруға жағдайдың жоқтығымен, орталықтандырылған жылу немесе кәріз жүйесі болмауымен, пәтер жөндеуді қажет ететіндігімен уәждеді.

​Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты.

​Апелляция істі қарай келе, талап қоюшының күйеуінің – жалпы ауданы 44 шаршы метр, екі бөлмелі пәтері 4 адамнан тұратын отбасының тұруына жеткіліксіз екендігін ескерді.

​“Тұрғын үй қатынастары туралы” заңның 69-бабының 4-тармағына сәйкес тұрып жатқан тұрғынжайы белгіленген санитариялық және техникалық талаптарға сай келмесе азаматтар тұрғын үйге мұқтаж деп танылады.

​2011 жылғы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды тексеру актісі бойынша үйде су мен жылу жоқ, кәріз жүйесі жұмыс істемейтіні анықталды.

Яғни, бұл тұрғын үй тұрмыс жағдайына сай емес.

Сот талап қоюшыны коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж деп таныды және әкімшілік органның сенімгерлік құқығын қорғау қағидасын бұзуы анықталды (әкімшілік процеске қатысушының әкімшілік органның қызметіне сенімі, ӘРПК-тің 13-бабы).

ӘРПК-нің 12 және 14-баптарына сәйкес, әкімшілік органға, лауазымды адамға әкімшілік процеске қатысушының құқығын жүзеге асырудан бас тартуға, шектеуге немесе тоқтатуға, сондай-ақ оған белгіленбеген талаптарды сақтау міндетін жүктеуге тыйым салынады, әкiмшiлiк рәсiмдер туралы заңнаманың барлық күмәндерi, қайшылықтары мен түсiнiксiздiктерi әкiмшiлiк рәсiмге қатысушының пайдасына түсiндiрiледi.

Заңдылық, пропорционалдылық, сенім құқығын қорғау, құқықтардың басымдығы қағидаттарын ескере отырып, әділдік пен парасаттылық өлшемшарттарына сүйене отырып, әйелдің талап арызы толық көлемде қанағаттандырылды.

Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.