24-10-24 |
8540 рет қаралған
Астанада Жошы хан ұлысының тарихына арналған конференция өтті.
Астанада Жошы хан ұлысының тарихына арналған конференция өтті

«Қазақ мемлекеттігінің бастауы – Жошы ханнан қазіргі заманға дейін» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті ұйымдастырды.

Қатысшылар Ұлы дала халқының мемлекеттік-саяси жүйесінің, әскери ұйымының және әскери өнерінің ерекшеліктерін, сондай-ақ қазақтың ел болып қалыптасу негізінің әдіснамасы мен тарихнамасының өзекті мәселелерін талқылады.

Тарихшылар форумын ашқан ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков конференцияның өзектілігін атап өтіп, Жошы хан ұлысының тарихы ұлттық бірегейлікті бейнелейді және қазақ халқының мемлекеттілігін қалыптастырудың ғасырлар бойғы жолын ғылыми негіздеуге мүмкіндік береді деді. 

Конференцияда «Соғыс өнерінің тарихы – Шыңғысханнан біздің заманымызға дейін», «Қазақстан – Жошы ұлысының мұрагері», «Сарайшық қаласының Қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы орны», «Шокан Уалиханов о военном искусстве казахов», «Военное искусство Улуса Джучи и современные параллели» тақырыбында баяндамалар оқылды.

Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми-зерттеу институтының директоры Жақсылық Сәбитов Жошы ұлысының 1255-1269 жылдар аралығындағы саяси тарихы туралы айтып берді. Дәл осы уақытта Алтын Орда билеушілері Моңғол империясының билеушілерінен тәуелсіз саясат жүргізе бастағаны белгілі.

Тарих ғылымдарының докторы генерал-лейтенант Абай Тасболатов сақтардан Жошы хан дәуіріне дейінгі тарихи дәстүрлердің сабақтастығын атап өтті. 

– Тарихи жады халық тағдырында елеулі рөл атқарады, – деді А. Тасболатов. – Еліміздің тарихы, қазақ мемлекеттілігінің ұлы кезеңдері жас ұрпақтың игілігі болуға тиіс, олардың нәтижелерін халыққа кеңінен қолжетімді ету үшін жариялануға тиісті ізденістер де көп болуы керек.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиаскар Сарыбаев өз сөзінде қатысушылардың назарын ұлттық тарихты терең зерттеу қажеттілігіне аударып, соңғы жылдары бүкіл әлем білген тарихи тұлғалардың көбінің есімдері қайта жаңғырғанын атап өтті.

ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің әскери ғылыми-зерттеу орталығының Әскери өнер ҒЗИ бастығы генерал-майор Жұмабек Ахметовтың «Қазақ мемлекеттілігінің феномені: Алтын Орданың негізін қалаушы мен мұрасы» атты баяндамасы Жошы басқару жүйесінің бірегейлігіне арналды. Оның пікірінше, бұл кезеңде тұрақтылық болды. Сонымен қатар Жошы ұлысы мемлекеттік құрылымының ерекшеліктері жергілікті жағдайларға бейімделді. Жошы ұлысында әскердің болуы маңызды саналғанын айтты.      

ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабековтың айтуынша, конференцияда айтылған ұсыныстар әскери өнер мен тактиканың тарихын одан әрі зерделеу, қазақстандықтардың жалпыұлттық бірегейлігін нығайту, патриоттық тәрбиенің нысандары мен әдістерін дамыту үшін бағдар бола алады. 

Форумға қатысушылар елдің мемлекет болып қалыптасу тарихын одан әрі зерттеу үшін қаралған тақырыптың ғылыми және маңыздылығын растайтын қарар қабылдады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.