22-11-24 |
1600 рет қаралған
Жазушылар одағындағы дауға билік араласа ма?.
Жазушылар одағындағы дауға билік араласа ма?

Соңғы жылдары мәдениет саласында түрлі деңгейдегі дау-дамай көбейіп барады. Жазда Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Ұлттық киноны қолдау орталығының арасында дау шықты. Тіпті, екі мекеме басшысының теке-тіресінен біраз аниматордың жалақы ала алмай отырғанын біраз отандық БАҚ жарыса жазды. Көп ұзамай киностудия басшысы Азамат Сатыбалды қызметтен кетті. Ал жақында Жазушылар одағының өңірлердегі филиалдары жабылып, өкілдікке айналғаны белгілі болды. Мұның артынша дау шығып, кейбір сарапшылар әлеуметтік желіде филиалды басқарған Дәулеткерей Кәпұлының «қызметтен кеткені» туралы ақпаратты таратты. Әдеттегідей билік құрылымдары шығармашылық одақтарда болып жатқан дауға сырт көзбен қарап отырғандай болады. Шынтуайтында, қолында әсер ету тетіктері баршылық. Жалпы, мемлекет өнер, мәдениет салаларына келгенде өзінің «нашар менеджер» екенін көрсеткен жоқ па? Осы тектес дауларды реттеуде биліктің пәрмені қандай?

Жазушылар Одағындағы кезекті дауға байланысты саланы білетін Мәжіліс депутаттары мен ақын-жазушыларға хабарласқанымызда, олар жауап беруден бас тартты. Бәрінің бірауыздан айтқан ойы «бұл дау да көп ұзамай басылады, Сәкеннің (Сәкен Сейфуллин одақтың алғашқы басшысы авт.) заманында да дау болған, қазір де бар, ертең де болады» деп, бұған қалыпты жағдай ретінде қарап отыр.   

Одақтың тарихы өз бастауын сонау 1922 жылдардан алады. Бірақ бұл жылдары көп ақын-жазушы жинала қоймаған соң, одақ құру бастамасы тағы бірнеше жылға шегерілді. Сөйтіп, 1925 жылы Орталық комитеттің Қазақстан пролетариат жазушыларының ассоциациясын құру туралы ұйғарымы шықты. Оның ұйымдастыру бюросында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин болды. Алғашқы жылдары Жазушылар одағының мүшелігінде оншақты адам болған. Қанша «пролетариат жазушыларының басын қосқан ұйым» десек те, Сәкен, Бейімбет, Ілияс бастаған Алаш қайраткерлері одақ жұмысын ұлттық, елдік бағытқа жұмылдыра білді. Бір әттеген-айы, репрессия жылдары ұлтым, елім деген азаматтар атылып кетті. Осылайша Кеңес Одағы өзінің идеологиялық жұмысына нықтап кірісті.      

Жазушы, киносценарист Зира Наурызбаева: 

–   Жалпы айтқанда, Кеңес одағында шығармашылық адамдарын үкімет идеологияға пайдаланған ғой. Бірақ соған сай ақын-жазушыға жағдайын да жасап берді. Егер сен қандай да бір құрылымға кірсең, мәселен, Жазушылар одағының мүшесі болсаң, кітаптарыңды оңай шығарып, байып кетуге де болатын. Тіпті, басқа адамдардың түсіне кірмеген қаламақыны жазушы, ақын, композиторлар мен киногерлер алған кездері де болған. Тіпті, ел басқарған Орталық комитеттің өкілдерінен де бақуатты тұрды бір замандары… Бірақ бір шарты –  таланты болса да, болмаса да, ең бастысы, идеологияға жұмыс істеуді міндеттеген. Сондықтан шығармашылық одақтарда беделді болу да маңызды еді, – дейді.

Зерттеушінің айтуынша, соңғы 30 жылда үкімет ақын-жазушыларды бұрынғыдай идеологияға пайдаланбайды. Бірақ одақты таратып, «өздерің күн көріңдер» деуге тағы да қимайды.

– Өйткені адамдар шулайды, тағы да дау шығады. Бұдан бөлек шенеуніктердің түп санасында «өнер, мәдениет керек» деген идея бар. Бірақ нарықтың жолымен дамуға жолды өздері жабады. Билік танымал еркін адамдардан тағы да қорқады. Байқайсыз ба, қазір жұрттан қандай танымал ақын-жазушыны білесің деп сұрасаңыз, жастар ешкімді білмеуі мүмкін. Жастар арасында Ирина Қайратовна деген топтар танымал. Ал егде және орта жастағы адамдар совет заманында танылған ақын-жазушыларды ғана айта береді. Кезінде олардың насихаты күшті болды. Соңғы 30 жылда насихат жоқ, бірақ үкімет одақтарға азмас ақша беріп тұрады. Мәселен, қаржылай көмек, грант сипатында берілуі мүмкін. Сол себептен нарыққа бейімделе алмаған адамдар үкіметтің, биліктің дастарханынан түскен қиқымға таласады. Осындай жүйе қалыптасқан. Мысалы, «әлеуметтік маңызы бар әдебиетті шығару» деген желеумен нақты бір баспаларға белгілі бір кітаптарды шығару үшін ақша беру одан ары масылдыққа, жатыпішерлікке бойды үйретеді, – дейді Зира Наурызбаева.

Жазушы, киносценарист, философия ғылымының кандидаты әрі қазақ мифологиясының зерттеушісі Зира Наурызбаева осы күнге дейін оншақты кітап шығарған. Ол қоғамда өткір ойларымен танымал. Оның қазақ мәдениеті, дәстүрлі музыкасы мен мифологиясы жөніндегі кітабы 2022 жылы Меломан желісіндегі Үздік Ондыққа кірген. Зерттеуші салада қордаланған мәселелерді ашық айтады:

– Қазір министрлік өкілдері «біз авторларға төленетін қаламақыны көтердік» дейді. Мәселен, 5-10 жыл бұрын әлеуметтік маңызы бар кітаптар шыққанда, олар әр баспатабаққа 10-15 мың теңгедей төлейтін. Демек, 20 баспатабақ дегеніміз шамамен 300-400 беттей кітап. Мұндай көлемді кітапқа небары 200-300 теңге қаламақы төлейтін еді. Қазір бір баспатабаққа 100 мыңның үстінде төлейді, яғни орташа бір кітапқа 2-3 млн теңге қаламақы алуға болады. Ал мен әу бастан министрлік өкілдеріне қаламақы көтеру кері әсер ететінін айтқан едім. Өйткені біз 10-15 мың төлейтін бағдарламаға кіре алмай жүрсек, 100-200 мың төлейтін жерге тіптен жақындай алмаймыз. Оған тек жолын білетін адамдар ғана кіре алады. Жазушылар одағы болсын, басқа одақ болсын, үкіметтен ақша түскен соң, әкімшілік ресурс белгілі бір шешімдерге ықпал ете алады. Сондықтан көп адам нарыққа бейімделе алмай жүргендіктен, сол қаржы үшін күреседі, – дейді.

 Мемлекеттік басқару ісінің маманы, қоғам белсендісі Марғұлан Ермағанбетұлы елімізде әлі де кеңестік заманның басқару тәсілдері барын алға тартады.  

– Жазушылар одағы сияқты бірлестіктер үкіметтік емес ұйымдарға жатады. Олар заңға сәйкес реттеліп, не қоғамдық бірлестік, не қоғамдық қор боп құрылады. Екінші жағынан, бұл мемлекет араласпайтын сала ғой. Бірақ бізде автократия, диктатура бар ғой, яғни кей жағдайда мемлекеттік басқару құралы ретінде қолданады. Оны біздің арамызда «гонго», яғни «мемлекет ашқан мемлекеттік емес ұйымдар» деп атайды. Демек, мемлекеттің ықпалымен ашылған квазиұйымдар. Мысалы, біз қоғамдық қорды басқарамыз, заңды тұлға ретінде жұмыс істейміз. Жеке тұлғадан гөрі заңды тұлғамен жұмыс істеудің өз қажеттіліктері бар. Ал олар мемлекеттің қолдауымен құрал ретінде ашылған. Негізі, елімізде Суретшілер одағы сияқты көптеген ұйымдар бар. Бірақ көбіне Жазушылар одағына қатысты дау-дамай жиі туындайды. Шындап келгенде, бұл кеңестік заманның басқару тәсілінен ғой, – дейді.

Қоғам белсендісі шетелдің тәжірибесін де баса айтады. Яғни, шетелде мұндай ұйымдар әр тұлғаның өз дегенімен мемлекеттің қатысуынсыз ашылады. Бұл өз кезегінде мұндай одақтардың қоғам игілігі үшін өз деңгейінде жұмыс істеуіне жол ашады.

Марғұлан Ермағанбетұлы:

– Бұл жерде, екінші жағынан, совет заманынан қалған билікқұмарлық, атаққұмарлық деген дүниелер бар. Тойға барғанда, «Жазушылар одағының төрағасы, орынбасары, мүшесі» деген мақтан сөз ғой баяғы… Менің ойымша, қазіргі таңда Жазушылар Одағын ұстап тұру қажет емес. Қазір тіпті, бір одақты ұстап тұру үшін арнайы офистің де керегі жоқ. Яғни, қоғамдық ұйымдар офисте емес, қоғамдық алаңда жүруі керек. Әр қоғамдық ұйымның өз миссиясы, идеясы бар. Жазушылар одағы мемлекеттен қаражат алмай, нарықтық қоғамда жарысуы керек. Ал шын мәнінде жазушылар біріккен қоғамдық ұйым құрылса, олар қоғамға не керек деген сұрақтың аясында бірігеді. Өткенде Астана қаласының «Керуен» сауда орталығындағы Меломан дүкеніне кірдім, алғашқы екі қатар орыстілді кітаптардан құралған. Ал қазақша кітаптар қайда? Меломан өкілдері «қазақша кітаптарға сұраныс жоқ» дейді. Бұл да күмән туғызады. Дегенмен қазір Жазушылар одағынан шығып жатқан кітаптар көп оқыла бермейді. «Кітап оқыту керек» дейді, бірақ шынтуайтында нарық мұны реттеуі керек. Сұранысқа қарай түрлі жанрларда кітаптар жазылуы керек, – дейді.

Қалай десек те, Жазушылар одағы қазақ әдебиетінің қара шаңырағы. Соңғы жылдары нарыққа бейімделе бастаған жас авторлар легі де қалыптасып келеді. Бұл тұста қоғам белсенділері одақта өткізілетін сайлаудың да әділ өткенін қалайды.  

– Одақты үлкен жастағы кісілердің басқаруы советтік сарқыншақтың белгісі. Өткен жылы одақта сайлау өтті. Оның өзі формальді түрде өтеді ғой. Сайлау заңына сәйкес емес… Жазушылар дауыс берді деген көрнекі дүние ғана. Болмаса онлайн дауыс беруге де болады. Сайлауда ашық бәсеке болуы керек, – деп түйіндейді қоғам белсендісі Марғұлан Ермағанбетұлы.

Жазушылар одағындағы кезекті дау филиалдың өкілдікке айналғанынан басталғаны жасырын емес. Қалай десек те, құқықтық тұрғыдан филиалдың мүмкіндігі басым еді. Мұндай даулар болашақта Жазушылар Одағына альтернатива ретінде бөлек ұйымның пайда болуына әсер етуі мүмкін бе? Бұл уақыт еншісіндегі мәселе.

Кәмшат АЙТБАЙҚЫЗЫ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.