04-12-24 |
540 рет қаралған
Қазақстан мен Қытай шетелдік рұқсат бланкілерін электронды форматта алмасуды бастады.
Қазақстан мен Қытай шетелдік рұқсат бланкілерін электронды форматта алмасуды бастады

Қытай Халық Республикасымен шетелдік рұқсат бланкісін алмасу бұдан былай электронды форматта жүзеге асады. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті хабарлады.

Шетелдік рұқсат бланкісі (ШРБ) – тасымалдаушыларға жүкпен шетелге шығуға мүмкіндік беретін арнайы құжат.

Биылғы жылдың 26 қарашасынан 27 қарашасына қараған түні сынақ режимінде алғашқы жүк көлік құралдары өткізілді. Сәтті тестілеуден кейін электронды жүйе ресми түрде енгізілді.

Осы жылдың басынан бері Қытай тарапымен 190 000 бірлік көлемінде жүктерді тасымалдауға арналған рұқсат бланкілерімен алмасу жүргізілді. Бұл — рекордтық көрсеткіш. Екі елдің жауапты ведомстволары қосымша 40 мың бірлік көлеміндегі шетелдік рұқсат бланкілерін алмасу бойынша келіссөздер жүргізді. Оның 30 мыңы электронды форматтағы жаңа жүйені қолдану арқылы жүзеге асса, ал қалған қосымша 10 мың дана қағаз жүзінде болды. Шетелдік рұқсат бланкісін алмасу 29 қарашада жүзеге асты.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы екі жылда ҚХР-мен шетелдік рұқсат құжаттарымен алмасу 50 мыңнан 230 мыңға дейін өсті.

Жалпы, қазақстандық тасымалдаушылардың халықаралық автотасымалдарға қатысу көрсеткіші 31% – дан (2021) 52% – ға (2023) дейін өсті. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемнің 42 елімен шетелдік рұқсат бланкілерін алмасуды жүзеге асырады. Биылғы көрсеткіш — 364 705 дана шетелдік рұқсат бланкісі. Бұл да рекордтық көрсеткіш.

Электронды форматтағы бланкілерді енгізудің негізі Мемлекет басшысының 2023 жылғы мамыр айында Сиань қаласына жұмыс сапары аясында қол қойылған құжаттан бастау алады. Ал электронды форматқа көшудің нақты уақыты биылғы қыркүйекте орын алған Премьер-министрдің Шанхайға іс-сапары аясында қытайлық әріптесімен кездесу барысында бекітілді.

Электронды бланкілерді енгізу жүк тасымалдау процесін барынша жеңілдетіп, адами фактор мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.