04-12-24 |
640 рет қаралған
Қостанай облысының автожол саласында бірқатар кемшіліктер анықталды – Антикор.
Қостанай облысының автожол саласында бірқатар кемшіліктер анықталды – Антикор

Қостанай облысында автомобиль жолдарын салу және жөндеу мониторингі барысында жұмыстардың құнын негізсіз көтеру фактілері анықталды. Бұл туралы Антикор хабарлады.

«Мәселен, әкімдіктер ағымдағы және орташа жөндеу бойынша сметаға жоба сомасының 2% мөлшерінде күтпеген шығыстарды енгізген. Бұл ретте заңнамада мұндай шығындар көзделмеген. Нәтижесінде жолдарды жөндеу құны 840 млн теңгеге өсті», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, сметаны қалыптастыру кезінде сметалық пайданы есептеу бойынша енгізілген өзгерістер ескерілмеген.

Жобалардың қымбаттауына әкелген 8%-дық ескі норматив қолданылған (жаңа 5%).

Мониторинг көрсеткендей, мердігер орындаған жұмыстардың сапасын бақылау жолдардың кейбір учаскелерінде ғана жүргізілген. Әкімдіктер зертханалық зерттеулерден қандай жолдар өтетінін өздері таңдаған.

Нәтижесінде жыл сайын жөнделетін учаскелердің 20% -30% Ұлттық жол активтері сапасы орталығының филиалы тексермеген.

Мысалы, Меңдіқара ауданында «Боровская-Ұзынағаш» жолының 3 шақырымында ғана сынақ жүргізілген, оның ұзындығы – 28 шақырым.

Талдау қорытындысы бойынша Қостанай облысының әкімдігі шарттардың талаптарын қайта қарап, күтпеген шығыстар алынып тасталды, сондай-ақ мердігер ұйымдар 32 млн теңге көлемінде негізсіз алынған қаражатты өтеді. 2025 жылы жөнделетін жолдарды сараптамамен толық қамту жоспарланған.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.