13-12-24 |
560 рет қаралған
ШҚО-да төрт қаржылық пирамиданың әрекеті тоқтатылды.
ШҚО-да төрт қаржылық пирамиданың әрекеті тоқтатылды

ШҚО-да ағымдағы жылы Экономикалық тергеп-тексеру Департаменті қаржылық пирамидаларға байланысты төрт алаяқтық оқиғаны анықтап, тоқтатты. Екі аяқталған іс бойынша алданған адамдардың саны 250-ден астам болды, ал жалпы шығын 400 миллион теңгеден асты. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру Департаментінің  басшысы Айдын Молдабеков Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен «Заң және тәртіп» идеологемиялық шарасы барысында хабарлады.

«Chia Tai-Tianqing Pharmaceutical» және «Eolus» сияқты әшкере болған  компаниялардың мысалы алаяқтардың инвестициялардың танымал тақырыптарын – фармацевтика мен жаңартылатын энергетиканы пайдаланып жатқанын көрсетеді. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарын «кепілдендірілген» табыс уәдесімен алдап, қаражат жинаған.

Экономикалық тергеп-тексеру Департаменті қаржылық пирамидалардың негізгі белгілерін атап көрсетеді:

* Қауіпсіз табысқа уәде беру;

* Жаңа қатысушыларды тарту арқылы төлемдер алу;

* Интернетте белсенді жарнама жүргізу;

* Компанияның Қазақстанда тіркелмеуі немесе жақында тіркелуі;

* Ақшаны немесе бейресми төлем жүйелері арқылы қабылдау.

Айта кету керек, компанияны тексеру үшін «Baiqa, piramida!» телеграм-боты жасалған, онда компанияның БИН-ін немесе вебсайтының сілтемесін енгізіп, тәуекелдер туралы ақпарат алуға болады.

Сондай-ақ, «Аманат» партиясы «Қарызсыз қоғам» бағдарламасын жүзеге асырып, азаматтарды қаржылық қауіпсіздік негіздеріне үйретуді мақсат етеді. Бағдарламаның жетекшісі Ермек Жұмагұловтың айтуынша, бағдарлама жұмыс істеген уақыт ішінде 7 мыңнан астам адам оқудан өтті.

– Бағдарлама бес күндік офлайн оқыту курсын қамтиды, жеке кеңестер беріледі. Біз жеке қаржыны басқаруды, қаржылық қор қалыптастыруды, отбасылық бюджетті талдауды және жоспарлауды үйретеміз. Сондай-ақ, несие алу, олардың пайыздық мөлшерлемелері және олардың қаржылық тарихына әсері туралы толық ақпарат береміз, – деп түсіндірді Ермек Жұмагұлов.

Бұдан бөлек, ШҚО-да экономикалық қылмыстардың алдын алуға ерекше назар аударылады. «Экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу» жобасы білім беру шараларын, конкурстар мен халықпен кездесулерді қамтиды.

– Біз елдің экономикалық қауіпсіздігін нығайту, қаржылық қылмыстардың алдын алу және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша жұмысымызды жалғастырамыз. Біздің мақсатымыз – азаматтарда қаржылық алаяқтыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру, – деп атап өтті Айдын Молдабеков.

Егер сіз немесе жақындарыңыз күмәнді қаржылық ұсыныстарға тап болсаңыз, Экономикалық тергеп-тексеру Департаменті үнсіз қалмауға шақырады. Сіз Өскемен қаласы, Новаторов көшесі, 7/2 мекенжайы бойынша немесе 8 (7232) 24-06-05 сенім телефонына хабарласа аласыз.

Есіңізде болсын: қаржылық сауаттылық – алаяқтардан қорғанудың басты құралы!

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.