Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ұжымы Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын талқылады.
Университет ректоры Ақылбек Күрішбаев Елбасы биылғы Жолдауында Аграрлық ғылымға және аграрлық университеттердің беделін көтеруге баса назар аударылғанын және нақты тапсырмалар берілгенін атап өтті. «Канада мемлекетінің ауа райы жағдайы біздегі Солтүстік Қазақстан аймағымен бірдей. Бірақ, Канадада ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігі біздікінен 14 есеге көп. Голландия – кішкентай ғана мемлекет, аумағы Қазақстаннан 66 есеге кіші. Бірақ, сол Голландия жылына 100 млрд АҚШ долларына ауылшаруашылық өнімдерін экспорттайды. Ал Қазақстан ең көп дегенде 2,1 млрд теңгеге өнім шығарады. Яғни, Голландия көрсеткішінен 50 есе аз. Сондықтан, үлкен әлеуетімізді пайдаланып, табиғи-климаттық жағдайы ұқсас елдердің үздік тәжірибелерін әкеліп, өзімізге бейімдеу аса маңызды», – деді ректор Елбасы Жолдауын талқылауға арналған жиын барысында. Сонымен бірге, ректор Елбасының ғылыми-зерттеу университетін құру туралы тапсырмасы аясында бірқатар жұмыстардың атқарылғанын атап өтті. «Аграрлық білім беруде үздік деп саналатын Дэйвистегі Калифорния университетінің ғалымдарымен бірге оқу бағдарламаларын өзгертіп жатырмыз, тәжірибеге басымдық бердік. Біздің ғалымдар мен оқытушылар Америкаға барды, олар бізге келді. Осылайша, шетелдік серіктестермен Университетіміздің даму бағдарламасын жасадық. Бүгінге дейін 6 бағдарлама жасалды, бірақ, тағы 62 бағдарлама жасау қажет. Оған мемлекеттің қолдауы керек», – деді А. Күрішбаев. Ректордың айтуынша, ҚазАТУ-да бір баланы оқытуға мемлекет жылына 346 мың теңге бөледі. Бұл студенттердің ғылыми зерттеу жүргізуіне, оқытушылардың біліктілігін арттыруға, оқу процесін түбегейлі өзгерту үшін шетелдік профессорларды шақыруға жетпейді. «Сондықтан, Үкіметтен грант құнын ұлттық ЖОО деңгейіне – 635 мың теңгеге дейін көтеруін сұраймыз. Біздің есебімізше, жаңа құнмен бес жылға 2,4 млрд теңге қажет. Біздің мемлекеттің бұған мүмкіндігі жетеді. Үлкен қайтарымы да болады. Осы Жолдаудан кейін Үкімет біздің даму бағдарламамызға қолдау білдіреді деп үміттенемін», – деді ол. Одан бөлек, ректор университеттің шетелдік инвестициялар тартуды үйренгенін атап өтті. Соңғы төрт жылда университетке 1,2 млрд теңге инвестиция құйылған. Соның есебінен университет жанынан Оңтүстік Корея, Беларусь, Қытай және Германиямен бірлескен халықаралық орталықтар ашылған. «Оңтүстік Кореямен бірге құрған ақпараттық технология орталығы астық жинау кезінде Қазақстанның барлық өңірін ғарыштан бақылау мүмкіндігін ұсынды. Енді Қазақстандағы барлық табиғи ресурстарды ғарыштан бақылау бойынша тапсырыс алып, университетке 500 млн теңге көлемінде табыс әкеліп отыр. Қытайлық ғалымдармен бірлесіп, тұзға төзімді, шөлге төзімді 40 ағаш түрін жерсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ағаштар кейінірек Астананың жасыл белдеуіне отырғызылады. Өнімділігі 5 есе жоғары жаңа картоп түрі де қытайлық мамандармен бірлесіп жасалған. Аустралиялық ғалымдармен түрлі табиғи жағдайға қарамастан, сапалы өнім беретін жаңа бидай сұрыпын шығару жоспарланған», – деп сөзін түйіндеді Ақылбек Күрішбаев. Сондай-ақ, университетте студенттер тәжірибесі үшін жылыжайлар, егістіктер, ет, сүт, майлы дақылдарды өңдейтін цех және наубайханалар жұмысы ұйымдастырылған.
Умарова Индира
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
21.11.2024