29-01-19 |
4960 рет қаралған
Сот төрағалары «тағынан» түспей келеді.
Сот төрағалары «тағынан» түспей келеді

Сот жұмысына қатысты сын аз айтылмайды. Үшінші биліктің төңірегінде жүргендер осы уақытқа дейін бұл сынның орынсыз екенін айтудан, өздерінің дұрыстығын дәлелдеуден шаршаған емес. Алайда, өткен аптада мәжіліс мінберінде  «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын таныстырған Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов салада кемшіліктің барын ашық айтты. Сонымен, ол қандай кемшіліктер?

Асановтың қазақстандық соттың басы-қасында жүргеніне бір жылдан асты. Алғашқы кезде «дауысы» қатты-қатты шығып, оқтын-оқтын үндеу жариялаған бас бидің әрекетін жұртшылықтың әртүрлі қабылдағаны рас. Бірін қорытып болмай жатып, екінші, үшінші үндеуін халыққа таныстырған Асановтың белсенділігі көпшілікті қайран етпей қоймады. Бұған дейін қымтанып, ақпарат таратуға тым сараңдық танытып келген құрылымның Асанов келгелі әлеужелішіл болып алғаны да түрлі ойларға жетелейді екен. Бұл өзгерісті кейбір мамандар жаңа төрағаның өзіне жүктелген жұмысты тиімді үйлестіруге деген ынтасымен байланыстырса, келесі бір тарап Жақып Қажыманұлы өзіне дейін қалыптасқан жүйені жалғыз өзі өзгерте алмайтын болғандықтан, халықтың дауысын пайдаланып, жетістікке жетуді көздеп отыр деген сәуегейлік айтты. Бұл адвокат Айман Умарованың «Асанов кемшілікті жалғыз жоя алмайды, бар мәселе оның айналасындағыларда» деген пікірімен үндес келеді. Расында жылдар бойы қалыптасқан жүйені жалғыз адамның өзгертуі мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда Жақып Қажыманұлының «таптаурын тірлікті» заңның күшімен бұзуға тырысуы құптарлық.

Соның ішінде облыстық сот төрағаларының сайланбай, тағайындалуы сот саласындағы көп түйткілдің басы. Ал, жаңа заң күшіне енер болса облыстық сот пен облыстық соттың алқа төрағаларын тағайындау енді жаңаша жүргізіледі. Бас судьяның айтуынша, қазіргі кезде төраға лауазымына қол жеткізгендердің бір өңірден екінші өңірге ауысып, қызметін 65 жасқа дейін атқаруына шектеу жоқ. Мысал керек пе?

Айталық, Астана қалалық сотының төрағасы болып отырған Тілектес Бәрпібаев 1999 жылдан бері «тақтан» түспей келеді. Бұған дейін аудандық, қалалық соттарға төрағалық еткен Тілектес Ешейұлы 1999 жылы Алматы облыстық сотының тізгінін ұстаған еді. Одан кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық соты төрағасының орынтағына қонжиған ол 2007-2011 жылдары Алматы қалалық сотының, 2012-2013 жылдары Алматы облыстық сотының төрағасы болып тағайындалған. 2013 жылдан бері алаңсыз астаналық судьялардың жұмысына жетекшілік етуде.

Қазақстандық соттар арасында беделді төрағалардың тағы бірі Мейрамбек Таймерденов те 2007 жылдан бері «ат үстінде». Бұған дейін аудандық, қалалық, облыстық соттарда төраға, алқа төрағасы болған Таймерденов те алматы облыстық сотының, Алматы қалалық сотының жұмысын үйлестірді. 2013 жылдан бері Алматы облыстық сотына қайтадан төраға болып тағайындалған.

2017 жылдан бері Ақмола облыстық сотының төрағасы болып келе жатқан Досжан Әміров те тәжірибелі басшы. 2011-2015 жылдары Маңғыстау облыстық сотын, 2015-2017 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық соттарын басқарған Досжан Сарманқұлұлы да оңай шағыла қоймайтын жаңғақтың бірі. Осы секілді төрағалық жолдарын сәтті бастап кеткен Нұрлан Қайырбеков, Марғұлан Бектұрғанов, Қамбар Нұрышевтар да екі облыстық сотқа басшылық етіп үлгергендер.

Шынын айтқанда бұл – судьяның тәулесіздігіне зиянын тигізетін фактор.  Тек төраға болып отыру әрбірден соң жоғарыдағы кісілердің өзіне зиян. Өйткені, олар тек менеджментпен айналысып, іс қарауды қояды. Сөйтіп, өзінің кәсіби міндетін орындамай, біліктілігін жояды. Жаңа құжат бойынша бұған кедергі қойылып, аталмыш қызметтерді атқару екі мерзімнен аспау керектігі жайлы талап белгіленіп отыр. Сол секілді қолданыстағы заңнамаға сай облыстық соттың алқа басшыларын  тағайындау үшін Жоғарғы Сот төрағасының ұсынысының болуы да дұрыс емес. Өйткені, бұл қызметке үміткерлердің байқауға қатысып, іріктелу үрдісіне шек қояды. Әлемдік тәжірибе бойынша олар конкурсқа түсіп, оған Жоғарғы Соттың төрағасы ықпал етпеу керек. Сонда ғана бұл қызметке лайықтыларды таңдауға мүмкіндік болады.

Заң жобасы таныстырылды. Мәжіліс отырысын тікелей желіде тамашалап, жобадағы жаңалықтарға қаныққан жұрт та өз пікірін жасырмай айтып жатыр. Соның бір Маңғыстау облыстық сотының судьясы Гулажар Бакытжанова «Өте дұрыс ұсыныстар! Төрағалар ренжімесін, орнын ешкім баса алмайтын адам болмайды» деген ойын жеткізді. Мұның өзі белгілі бір адамдардың ауысып төраға бола беретінін басқа судьялардың да қаламайтынын көрсетсе керек.

Гүлназ Әсенғазы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.