Қазақстан швейцариялық компаниямен 557 вагон сатып алу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Бір плацкарт вагон 1,18 млрд теңге тұрады. Бұл туралы Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат Нұртай Сабильянов мәлімдеді.
Мәжілісменнің айтуынша, қазір пойыз вагондарын жаңарту қарқыны оның қызмет ету мерзімі мен техникалық жай-күйі бойынша пайдаланудан шығып қалу қарқынына ілесе алмай отыр. Мәселен, 2014-2023 жылдар аралығында 928 жаңа жолаушы вагоны келіп түссе, физикалық тұрғыдан тозғанына байланысты 969 вагон пайдаланудан шыққан, деп жазды Azattyq Rýhy.
«Әрине, мұның бәрі теміржол көлігін дамытудың негізгі көрсеткіштеріне әсер етеді. Қазір бізде 2 667 жолаушы вагоны бар, оның ішінде 1012 бірлік немесе 38 пайызы – 28 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келе жатқан ескі вагондар. Өздеріңіз білетіндей, 2012-2022 жылдар аралығында «Тальго» шығарған 676 жолаушы вагоны сатып алынған. Оның бағасы 350 млн теңгеден 650 млн теңгеге дейін барды. Қазір бұл зауыт жабылып қалды. Содан кейін «ЗИКСТО» ЖШС-дан 2023-2024 жылдары 750 млн теңгеден 850 млн теңгеге дейінгі бағамен 150 жолаушы вагоны сатып алынды. Ал қазір «Штадлер Қазақстан» ЖШС швейцариялық компаниясымен 557 вагон сатып алу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр, плацкарт вагонының бағасы – 1,18 млрд теңге», – дейді Сабильянов үкімет сағатында.
Депутат ескі вагондардың жай-күйін жақсы білетінін айтты.
«Мен кезінде Алматы-Ленинград, Алматы-Саратов, Алматы-Мәскеу пойыздарында жолсерік болғанмын, сол вагондар әлі жүр. Ескі вагондар халыққа кері әсерін тигізуде. Сондықтан ұлттық тасымалдаушы жолаушыларды жаңа жайлы вагондармен қамтамасыз етуі тиіс», – дейді ол.
Сондай-ақ, мәжілісменнің ақпаратынша, теміржол желілері 54%-ға, локомотивтер 61%-ға, вагондар 56%-ға тозған. «Қанағаттанарлықсыз» деп бағаланған жолдардың үлесі де жыл сайын артып барады. Ұзындығы 16 мың шақырымнан асатын теміржол желілерінің жартысынан көбі жөндеуді қажет етеді.
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024