15-01-25 |
510 рет қаралған
Астана колледждерінде «Жас еңбекшілер» жобасы іске қосылды.
Астана колледждерінде «Жас еңбекшілер» жобасы іске қосылды

Астанада жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру үшін қала колледждерінде «Жас еңбекшілер» жобасы іске қосылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Astana Polytechnic жоғары колледжі директорының орынбасары Майра Сембинаның айтуынша, оқу орны елордада «Жұмысшы мамандықтары жылын» жүзеге асыру үшін алты басым бағытты қамтитын 40-тан астам іс-шараны жоспарлап отыр.

Олардың ішінде ең маңыздысы – биыл мамыр айында өтетін Polytech Generation 2025 халықаралық фестивалі.

«Бұл жұмысшы мамандықтарды танымал етуге және техникалық мамандықтардың оң имиджін қалыптастыруға арналған бірінші халықаралық фестиваль болмақ. Біз тек Қазақстаннан ғана емес, әлемдік жетекші орта арнаулы оқу орындарынан да политехникалық колледждер қатысады деп күтіп отырмыз», – деді Майра Сембина.

Жыл басынан бері колледж студенттері келешегі зор жобаларды әзірлеуге белсенділік танытып келеді.

Республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен Павлодарда өткен хакатонға қатысушылар – Саят Жүнісов, Асанәлі Бабаев және Әділ Алтынбек генеративті нейрондық желілерді пайдалана отырып, алаяқтық әрекеттерді анықтау жобасын ұсынды.

«Егер транзакция бір қалада және бірнеше минуттан кейін алыс орналасқан басқа қалада болса, бұл аномалия ретінде қарастырылады. Тиісінше, аномалия алаяқтық әрекеттің белгісі болып саналады», – деп атап өтті Саят.

Жігіттер алдағы уақытта қазақстандықтардың интернет-алаяқтық тәуекелдері туралы хабардарлығын арттыру және мұндай қауіптердің санын азайту мақсатында өз жобасын белсенді түрде дамытуды жоспарлап отыр.

Astana Polytechnic колледжінің студенттері «Жұмысшы мамандықтары жылы» бастамасын оң қабылдады.

«2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болатынын білгенде қатты қуандық. Жұмысшылардың еңбегі жоғары бағаланатыны да қуантады. Бұл жұмысшы мамандардың беделін көтеріп қана қоймай, олардың ел экономикасы үшін маңыздылығын көрсетеді. Біз колледж студенттерінің техникалық мамандықтарды дамытуда маңызды рөл атқаратынын мақтан тұтамыз», – деді Әділ.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.