
Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы ең күрделі кезеңінде ұлттық ғылым мен білімнің дамуына ықпал еткен бірегей тұлғалардың бірі – Елдес Омарұлы. Ол – тіл білімі, математика, аударма, терминология, физика, публицистика, педагогика және ғылыми-ағартушылық салаларында теңдессіз еңбек сіңірген ғалым, сондай-ақ Алаш қозғалысының белсенді қайраткері. Ахмет Байтұрсынұлының шәкірті, әрі лингвистикалық мектебінің ірі өкілі.
Бұл мақалада Елдес Омарұлының өмір жолы, ғылымға қосқан үлесі, саяси қызметі мен қуғын-сүргінге ұшырауы, сондай-ақ оның қазақ руханиятындағы орны жан-жақты қарастырылады.
Балалық шағы және білім алуы
Қостанай өңіріндегі балалық шақ:
Елдес Омарұлы 1892 жылы 29 ақпанда (кей деректерде 1 наурыз делінеді) Қостанай уезінің Қойшыбай ауылында (кей деректерде Қожай ауылы делінеді) дүниеге келген. Оның әкесі Омар – ел ішінде беделді, көзі ашық, сауатты адам болған.
Алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашқан Елдес кейін Қостанай қаласындағы екі жылдық орыс-қазақ мектебінде оқиды. Бұл оқу орны – ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған мектептердің бірі еді, оны 1907 жылы бітіреді.
Орынбордағы білім ордасы:
1907 жылы Елдес Омарұлы Орынбордағы мұғалімдер семинариясына түсіп, 1911 жылы үздік тәмәмдәйді. Мұнда ол қазақтың болашақ зиялыларымен бірге білім алып, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов сияқты Алаш қайраткерлерімен жақын танысады. Оның ғылым мен ағартушылыққа деген ерекше қабілеті осы кезеңде байқалып, қазақ тілінің құрылымы мен терминологиясын жүйелеуге деген алғашқы қадамдары басталады. Осыдан кейін, ұстаздық, қоғамдық саяси және ғылыми қызметі басталады. Алғашында, 6 жылдық мұғалімдік міндетін өтеу үшін, 1911 жылдың ортасынан, 1913 жылдың 25 желтоқсанына дейін, Донбай ауылында мұғалім болып жұмыс істейді.
Кейін 1914 жылы 28-ші мамырда Қос Мұхамед Шуақаевтың орнына Орынбор округтік аудармашы болып жұмысқа тұрады да, 1917 жылы 13-ші науырызға дейін сонда істейді. Қос Мұхамед Шуақаев сол заманының аса талантты қазақ жастарының бірі болған. Орынбор мұғалімдер мектебін бітірген, Орынбор округтік сотта аудармашы болып жұмыс істеген білікті маман. Ауыр науқастан ерте қайтыс болған. Оның мезгілсіз қазасына Ахмет Байтұрсынұлы қазақ газетінде: «Марқұм, қазақ даласында сирек ұшырайтың көркем мінезді, аса зирек жігіт еді» деп көңіл білдіреді.
Осындай қапыда кеткен хафиздің орнына Елдестей жас талант келіп, болашаққа бой түзейді. Елдес Омарұлы 1917-1919 жылдары Алаш Орда автономиясын құруға атсалысты. Бірінші Жалпықазақ съезіне қатысты.
Алаш қозғалысына қатысуы
1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Қазақ даласында ұлттық жаңғыру үдерісі басталды. Осы тұста Елдес Омарұлы Алаш партиясына қосылып, Қостанай өңіріндегі ұлттық мүддені қорғау жолында қызмет етеді.
1917 жылы желтоқсанда өткен Жалпықазақ съезінде Алаш автономиясы жарияланып, Алашорда үкіметі құрылғанда, Елдес Омарұлы оның саяси жұмыстарына белсене араласты. Ол Алашорда үкіметінің Қостанай бөлімшесін ұйымдастыруға атсалысып, ұлттық білім беру жүйесін қалыптастыру ісіне белсенді қатысты.

Екінші Жалпықазақ съезіне шақырылған 5 адамның бірі болды. Уақытша өкіметтің Торғай уездік комиссарының көмекшесі, Торғай областық Азаматтық комитетінің төрағасы, Торғай областық Земства төрағасының орынбасары кейін төрағасы қызметтерін атқарды. Алаш Орда өкіметі құрылған тұста Қостанай уездік Алаш Орда комитетінің төрағасы ретінде жергілікті халықты Алаш автономиясын қолдауға шақырды.
1917 жылдың соңында Алаш Орда автономиясының 5 адамнан тұратын оқу-комиссиясы мүшелерінің бірі болып сайланды. Ол жылдары ғалым өзін қазақтың ұлттық мемлекеттігін құруға атсалысқан мемлекет қайраткері ретінде танытады.
Алайда 1920 жылы Кеңес билігі күшейіп, Алаш қозғалысының жетекшілері қуғындала бастағанда, Елдес те олардың қатарында қудалауға ұшырайды.

Кеңес үкеметі орынағаннан кейін ғалым, білім беру ғылым саласына бір жола бет бұрады. 1920, 1922, 1925 жылдары Орынбордағы халықағарту комиссариятында нұсқаушы, кеңестік партия мектебінде оқытушы болды. 1922, 1926 жылдары Қазақ халықағарту комиссарияты жанындағы білім ордасында, білім кеңесінде жұмыс істеді. 1926-1929 жылдары Ташкент педагогикалық институтында Орта-Азия мемлекеттік университетінде оқытушы болды. Білім, ағарту майданында қызмет еткен осы жылдарды тілдегі білім мен мәдениет саласындағы ұлттық мәселелерді көп көтергендігінен болса керек, 1929 жылы тұтқындалып, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлымен бірге аты шулы Бутырка түрмесіне қамалады.
Қазақ тіл біліміне қосқан үлесі
Елдес Омарұлы – қазақ тілінің ғылыми негізін қалаушылардың бірі. Ол фонетика, жазу теориясы, емле, терминология, тілді оқыту әдістемесі, стилистика, морфология, синтаксис салаларында алғашқылардың бірі болып зерттеу жүргізді.

Елдес Омарұлы Ахмет Байтұрсынұлының тілдік мұраларын терең меңгерген және дамытқан ғалым. Ол ұстазына көзсіз табынған шәкірт емес, шын ғыламаның тілді ашқан ақиқатына көз жеткізе білген талантты ғалым. Қазақ тілінің емле, жазу мәселесі Елдес Омарұлының ХХ-шы ғасырдың 20-шы 30-шы жылдардағы терең айналысқан тақырыптарының бірі болды.

Тіл біліміндегі еңбектері:
• «Синтаксис танытқыш» – қазақ тіліндегі сөйлем құрылымын алғаш зерттеген еңбектердің бірі.
• «Қазақ тілінің грамматикасы» – морфология мен сөз таптарын жүйелеуге арналған.
• Терминология саласы – ол қазақ тіліне көптеген ғылыми, техникалық терминдерді енгізді.
Ахмет Байтұрсынұлы ашқан қазақ тілінің көптеген заңдылықтарын қорытындылай келе, оны жазу мәселесіне теориялық тірек етті. Латын, емле тақырыбында Телжан Шонанұылы, Жүсіпбек Аймауытұлымен бітіспес қарсылас, бірақ өмірде нағыз достар болды.
Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы Елдес Омарұлын Орынбордағы Кергейский училищеде оқып жүрген кезінен жақсы таныған. 1914 жылы Орынбор окружной сотқа жұмысқа тұрғанда Қазақ ғазеті бетінде: «Омаров қазіргі қазақ жастары арасында талапты һәм пікірлілерден» деп баға береді.
Математика және жаратылыстану ғылымына қосқан үлесі.
Елдес Омарұлы тек тіл білімімен ғана шектелмей, математика және жаратылыстану ғылымдарын дамытуға да зор еңбек сіңірді.
• «Пішіндеме» (Геометрия) – қазақ тілінде жазылған алғашқы математикалық оқулықтардың бірі.
• «Арифметика» – бастауыш сыныптарға арналған математика оқулығы.
• Қазақша терминология қалыптастыру – математикалық және техникалық терминдерді қазақша жүйелеу.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан мәскеуден Ахмет Байтұрсынұлына жазған хатында: «Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді одан да сүйікті болып кетті… Физиканы оқып қарасам, Елдесім де қазақ екен» деп жазады. Жүсіпбек Аймауытұлы Елдес Омарұлымен болған кезекті бір айтысында: «Елдес Тәшкендегі жоғары мектепке оқытушы болғаннан бері бұрынғыдан бетер дыбыстың түп-тұқиянын қазуға айналған көрінеді» деп жазады.
Кеңестік билік кезіндегі қуғын-сүргін
Алғашқы қуғындалуы (1930 ж.)
1929 жылы Кеңес билігі Алаш қозғалысының бұрынғы мүшелерін жаппай қуғындауды бастады. Елдес Омарұлы «контрреволюциялық әрекеттер жасады» деген жаламен басында ату жазасына кесіледі. Кейін үкім өзгертіліп, конслагерге 10 жылға сотталды. Сөйтіп, Карелия орманындағы конслагерге айдалып, жан төзгісіз ауыр жұмысқа жегіледі. 1933 жылы жазықсыз жазадан ақталып, мерзімінен бұрын босайды.
Уақытша бостандық (1933 ж.)
1933 жылы мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады. Ол ғылыми-ағартушылық қызметін жалғастырып, қазақ тілін дамыту жұмыстарын қайта қолға алады. 1934-1935 жылдары болашақ академик Ісмет Кеңесбаевпен бірге Қазақ Мемлекеттік Медицина Институтында, 1935-1937 жылдары ҚазНУда оқытушы болып жұмыс істейді. Ғалым осы университет қабырғасында Келжан Шонанұлын жақтап сөйлеген сөзі үшін «халық жауы» атанып, көп ұзамай 1937 жылдың 22 қарашасында тұтқындалады.
Қайта тұтқындалуы және атылуы (1937 ж.)
1937 жылы желтоқсанда Сталиндік қуғын-сүргіннің жаңа толқыны басталғанда, Елдес Омарұлы қайта тұтқындалып, 1 желтоқсанда «халық жауы» деген жаламен ату жазасына кесілді. Ол тек 1989 жылы толық ақталды.
Елдес Омарұлының ғылыми мұрасы
Елдес Омарұлының тырнақалды еңбегі Жалпыұлттық Қазақ ғазеті бетінде жаряланады. Одан кейін ғалым өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастамады. Еңбектерінің көпшілігін Елдес есімімен баспаға береді. Бұдан бөлек саяси мәні бар мақалалар мен аудармаларын, Тайбағар Бүркеніш есімімен жариялады.
Елдестанушылар Таймінер Ломоносов Бүркеніш есімдері де болғанын айтады. Елдес Омарұлы өмірінің соңғы жылдарында қазақ тіл білімінің терең ауқымды ғылыми мәселелерін зерттеумен айналысып, нағыз ғалымдық келбетін танытты.
Ол қазақ тіл білімінде сөзтіркесі синтексисінің арнайы қараған алғашқы ғалым. Оған дәлел синтексис танытқыш атты қол жазба кітабы. Еңбек 1936 жылы баспаға ұсынылсада, кеңестік цензурадан өтпей, баспа бетін көрмеді. Кейін Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағатында 80 жыл бойы шаң басып жатты.
2018 жылы Елдес Омарұлының еңбектері екі томдық жинақ болып жарық көрді:
• Бірінші том – қазақ тіл біліміндегі еңбектері
• Екінші том – аудармалары мен математикалық зерттеулері
Елдес мұрасы тіл білімі мен өзге де ғылым салаларында ғылыми ойдың дамуына зор серпін береді. Халқының жазу мәдениетінің қалыптасуына, дамуына өлшеусіз үлес қосты. Тілге жасырынған ұлттық құндылықтарды қорғау, сақтау, дамыту жолында аянбай еңбек етті.
Елдес Омарұлы – қазақ ғылымы мен руханиятының ұлы тұлғаларының бірі. Оның еңбектері мен қызметі – ұлттық ғылым мен білімді дамытуға бағытталған қайраткерліктің үлгісі. Бүгінгі ұрпақ Елдес Омарұлының ғылыми мұрасын танып, оны ары қарай дамытуға тиіс. Ол – қазақтың ғылымы мен ұлттық рухының шамшырағы. Ақтық демі қалғанша, ұлттық мүддеден айынымаған, ұлты үшін бар күш-жігерін сарқа жұмсаған Алаштың бір туар азаматы ұлт жадында мәңгі сақталады.
АВТОРЫ: Бақытбек Алтынай Дауренқызы
СУРЕТТЕР: Әлеуметтік желідегі архивтерден алынған
-
12.03.2025
-
12.03.2025
-
12.03.2025
-
12.03.2025
-
12.03.2025
-
12.03.2025
-
12.03.2025
-
12.03.2025
-
12.03.2025