12-02-25 |
960 рет қаралған
Полиция басшысының жүргізушісі мас күйінде көлік жүргізген.
Полиция басшысының жүргізушісі мас күйінде көлік жүргізген

Патрульдік полиция қызметкерлері бастықтың қызметтік көлігін жол жиегінде тұрған жерінен тауып, оның жүргізушісінің мас болғанын анықтаған.

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты Павлодар облыстық полиция департаментінің қызметтік Toyota Camry көлігін тізгіндеген жүргізушіні жауапкершілікке тартты.

Іс материалдарына сәйкес, департамент басшысының көлігіне бекітілген қызметкер таңғы уақытта дәмханадан үйіне қайтып келе жатып, жолдан шығып кеткен. Оқиға орнына шақырту бойынша жеткен патрульдік полиция қызметкерлері оны көлік ішінде тапқан. Медициналық тексеріс жүргізушінің жеңіл дәрежеде мас болғанын растады.

Сотта ер адам Павлодар облыстық полиция департаменті басшысының жүргізушісі екенін және қызметтік көлікті жұмыс уақытынан тыс басқаруға тыйым салынбағанын айтты. Ол өз кінәсін мойындамай, рөлде танысының отырғанын алға тартты. Оның айтуынша, көлік жолдан шығып кеткен соң, танысы көмек іздеуге кеткен, ал өзі машинаны жылыту үшін жүргізуші орнына отырған.

Алайда сот іс материалдарын, куәгерлердің айғақтарын және бейнежазбаларды зерттеп, бұл уәждерді жауапкершіліктен жалтару әрекеті деп бағалады.

«Жоғарыда айтылғандарды және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігінің баламасыз санкциясын ескере отырып, сот жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза қолдануды қажет деп санайды», – деді судья Эльвира Жанабаева.

Шешім заңды күшіне енген жоқ және оған шағымдануға болады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.