14-03-25 |
1210 рет қаралған
ХХІ ғасыр дағдылары: Жаңа заманға лайық білім беру.
ХХІ ғасыр дағдылары: Жаңа заманға лайық білім беру

Білім беру саласындағы маңызды мәселелер төңірегінде Tamos Space School мектебінің бас директоры, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, халықаралық білім беру жүйелерін дамыту бойынша сарапшы, «ХХІ ғасыр дағдылары» оқулығының тең авторы Нұрболат Бисенғалиевпен сұхбаттасқан едік.

– Нұрболат мырза, бүгінгі білім беру жүйесінің басты мәселелерінің бірі – мектеп түлегінің еңбек нарығына және өмірлік өзгерістерге дайын болмауы. Осы ретте «ХХІ ғасыр дағдылары» ұғымы қаншалықты маңызды?

ХХІ ғасыр – өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Еңбек нарығы, технологиялар, қоғамның құрылымы түбегейлі трансформацияланып жатыр. Мұндай жағдайда дәстүрлі академиялық білім жеткіліксіз. Білім адамға өмір бойы қажетті қабілеттерді қалыптастыруы тиіс. Оған сыни ойлау, креативтілік, эмоциялық интеллект, көшбасшылық, цифрлық сауаттылық, проблеманы шешу дағдылары жатады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселенің өзектілігін бірнеше рет атап өтті. Себебі білім беру реформасы тек оқулық ауыстыру емес, адамның қабілетін жан-жақты дамыту жүйесін құру деген сөз.

– Осыған байланысты «ХХІ ғасыр дағдылары» оқулығы қалай әзірленді? Оның ерекшелігі неде?

Бұл жоба – халықаралық тәжірибе мен Қазақстандық білім беру ерекшеліктерінің үйлесімі. Біз бұл оқулықты әлемдік деңгейдегі сарапшы Лэнс Кингпен бірлесіп әзірледік. Лэнс Кинг – Халықаралық Бакалавриат (IB) жүйесінің сарапшысы, көптеген елдерде сындарлы ойлау мен өзін-өзі реттеу әдістерін енгізген маман.

Сонымен қатар, бұл жобаны жүзеге асыруда «Arman-PV» баспасының рөлі де ерекше болды. Бұл баспаны таңдаудағы басты себеп – олардың креативті идеяларға ашықтығы, сапалы контент әзірлеудегі тәжірибесі және білім беру саласындағы жаңашылдыққа деген ұмтылысы. «Arman-PV» баспасы – білім беру реформаларының маңыздылығын жақсы түсінетін серіктес, олар осы жобаның құрылымдау және мазмұндық сапасын жоғарылатуға зор үлес қосты.

– Қазақстанда білім беру жүйесі осы бағытта дамуға қаншалықты дайын?

Қазіргі таңда бізде білім беру жүйесі академиялық білім беруге бағытталған. Tamos Space School мектебінде бұл жүйе сәтті енгізіліп, оқушылардың сыни ойлау, өзін-өзі басқару және көшбасшылық дағдыларын дамытуда жақсы нәтиже көрсетуде. Оқушылар мектепті бітіргенде, өмірлік дағдылардан гөрі теориялық білімге ғана ие болады. Сондықтан бұл әдістеме – біздің жүйеміз үшін үлкен қадам. Қазақстанда білім беруді реформалауда жақсы бастамалар бар, бірақ оны жүйелі, кешенді түрде жүргізу қажет. Бізге пәндерді оқытумен ғана шектелмей, баланы өмірге дайындайтын оқыту жүйесін енгізу керек. Бұл өзгерістерді тек мұғалімдер ғана емес, ата-аналар да қолдауы маңызды. Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деген сөзі ХХІ ғасыр дағдыларын меңгерудің негізгі қағидатын айқындайды. Бұл дағдылар тек білім алу ғана емес, оны өмірде қолдана білу, дербес шешім қабылдап, үздіксіз даму қажеттігін көрсетеді. Қазіргі таңда білім тек жаттанды ақпарат беру емес, оны өмірде қолдануға үйрету болуы тиіс.

– Лэнс Кингтің әдістемесі біздің оқушыларға қалай көмектесе алады?

Лэнс Кингтің әдістемесі – қателіктер арқылы үйрену қағидасына негізделген. Бізде көп жағдайда қате жасау қорқынышты нәрсе ретінде қабылданады. Ал шын мәнінде, адам қателіктерінен сабақ алып, сол арқылы дамиды. Оның әдістемесі баланың сенімділігін арттырып, әр сәтсіздікті тәжірибеге айналдыруға үйретеді. Сондай-ақ, бұл жүйе оқушының өз оқу процесін өзі басқаруына, уақытты тиімді пайдалануға, алдына мақсат қойып, оған жетуге дағдыландырады.

– Бұл оқулық елімізде қаншалықты қолжетімді болады?

Біз бұл оқулықты барынша қолжетімді етуді мақсат тұттық. Ол қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді, мектептерге, мұғалімдерге, ата-аналарға таныстырылып жатыр. Сонымен қатар, біз осы әдістемені насихаттау үшін оқыту семинарларын ұйымдастырып, мұғалімдерге қажетті әдістемелік қолдау көрсетудеміз. Білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтарды кеңінен тарату үшін мұндай іс-шаралардың маңызы зор.

– Бұл әдістеме әлемдік деңгейде қаншалықты өзекті?

Бұл тәсіл бүгінгі әлемдік білім беру стандарттарына толық сәйкес келеді. Қазір Финляндия, Сингапур, Канада сияқты елдерде білім беру оқушының бойындағы қабілеттерді дамытуға бағытталған. Альберт Эйнштейннің «Білім деген – мектепте үйренгенің емес, мектептен кейін өзің үйрене алатын нәрсең» деген сөзі бар. Біз де осы қағиданы ұстанамыз. Яғни, бала мектепте нақты бір ақпаратты ғана меңгеріп қоймай, өздігінен білім алуға қабілетті болуы керек. Бұл оқулықтың мақсаты – білімді тәжірибеге айналдыру.

– Оқулықтың таныстырылымы қашан өтеді?

2025 жылғы 26 наурызда Астана қаласындағы Tamos Space School мектебінде «ХХІ ғасыр дағдылары» оқулығының таныстырылымы өтеді. Лэнс Кинг арнайы келіп, кітаптың мазмұны мен оның қолдану ерекшеліктері туралы баяндайды. Сондықтан, оқырмандарды осы маңызды кездесуге шақырамыз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.