Өткен аптаның дүйім жұртты дүрліктірген жаңалығы – белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембайдың елден кетуі болды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары бастау алған қазақ бизнесмендері толқынының белді-белсенді мүшесі, қоғам қайраткерінің, ұлтжанды азаматтың елден кетуі көптеген адамның шынайы өкінішін тудырып, санын соқтырды. Егер біздің билік қолынан іс келетін, ой мен іс адамдарынан қудалап, аяусыз шетке ығыстыра беретін болса елде кім қалмақ? Жалпы алғанда бүгінгі қазақ мемлекетіне адам мен азамат керек пе? Осы сынды сұрақтар алаш жұртын терең ойға батырды…
Естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын тергеу органдары шетелде қашып жүрген олигарх Мұхтар Әбілязовтың қаражатын заңдастыруға қатысы бар деген айыппен танымал кәсіпкер Ескендір Ерімбетовті тұтқындаған болатын. Қашқын олигархқа қарсы кегі мен күресін жихад дәрежесіне дейін жеткізген билік Ерімбетов пен оның серіктестеріне қоқан-лоқы көрсетіп, білгендерін істеуде. Айыпталушының туған шешесі мен жақтастарына сенетін болсақ, оған психологиялық қысым жасалып, арты ұрып-соғуға да барыпты-мыс. Басы-қасында болмағандықтан мәселенің мән-жайын біле бермейміз, алайда біздің сот-тергеу жүйесінің сталиндік НКВД-ның шекпенінен шыққанын ескерсек, ондағы біраз қызметкердің менталитеті мен психологиясының сол заманнан алыс кетпегенін ойға алсақ, қиянатқа сенгеннен басқа лажымыз да қалмай барады. Анық-қанығын алдағы уақыт көрсете жатар деп сенеміз.
Онысы аз болғандай тергеу органдары кезінде Ескендірмен бірге серіктес болған Марғұлан Сейсембайға да ауыз сала бастаған. Осыдан талай жылдар бұрын атқарған жұмыстарын тілге тиек етіп, тергеушілер Сейсембай мырзаны да жауапқа тартпақ ниет танытқан. Бұны дер кезінде сезіп-түсіне білген кәсіпкер шетел асып кеткен. Өзінің Фейсбук желісіндегі парақшасында Марғұлан мырза Әбілязовқа ешқандай қатысы жоқ екенін, одан ешқандай қаржы алмағанын айтып, тергеудің барша сұрақтарына сыртта жүріп жауап беруге әзірлігін паш етті. Алайда, дәл осындай жағдайда ит пен құсқа жем болып, отбасы мен туғандарын соққыға жыққысы келмейтінін де жазып жатыр. Егер тергеу органдары оның қауіпсіздігі мен бас амандығына кепіл берсе, кез-келген уақытта елге оралатынын да мәлімдепотыр. Онысын түсінуге де болады. Бүгінгі күні Ерімбетовтың туыстарының апта сайын өтіп жатқан баспасөз мәслихаттары мен анасының жанайғайын естіп-тыңдап амалсыз ойланасың. Сталиндік жүйенің жазықсыз құрбаны мен жемі болғанша, жан-тәніңді, ар-абыройыңды аман сақтап, шетел асқан әлдеқайда дұрыс тәсіл сияқты көрінеді. Кезінде Алаш ардақтыларының тергеу барысында түрмеде түскен, азып-қажыған қайғылы суреттерін еске алып, қазірдің өзінде жүрегің езіліп, жаның түршігеді. Бүгінгінің кешегіден айырмасы бар ма? Болса қандай?
Өз басым Марғұлан Сейсембайды біраз уақыттан бері білемін, азды-көпті араласымыз бар, бірге сапарлас болдық. Өз басым Мәкеңді ерекше құрмет тұтамын. Бүгінгі кәсіпкерлердің ішіндегі еліне адал, қазақтығы мол азаматтардың бірі. Соңғы кездері ауыл шаруашылығы мәселелеріне белсенді араласып, құс өсіру, жеміс бақтарын егу, балық өндіру сияқты ауылға керек, тұтынушыға қажетті тауар өндіретін, жоғары инновациялық кәсіптер мен кәсіпорындарды аша бастады. Кез-келген мәселенің түбіне дейін жетіп, бәрін өзі жіті түсініп-түйсінуге тырысатын отандық инвестор. Қоғамдық тұрғыдан жастарға тәлім-тәрбие беріп, ақыл-кеңесін аямайтын тұлға. Даладағы ақбөкендерге ара түсіп, достарымен қаржы жинап, көлік пен құрал алдырып, арнайы қорық та құрды. Еліміздегі туризмді дамытамыз, еліміздің ең сұлу, қасиетті жерлерін ең алдымен ел азаматтары аралауы керек деп Маңғыстауға, Шығысқа, басқа да тарихи-табиғи жерлерге керемет экспедицияларды ұйымдастырды, мақалалар жазды, кинохабарлар жасады. Соның жарнамасы мен сипатына қызыққан талай ел тұрғындары ізімен аралап-жүруге бел шешті. Бұл Марғұланның соңғы екі-үш жылдағы ғана қалың бұқара білетін тыныс-тіршілігі. Бір адам үшін бұл аз ба әлде көп пе? Менің ойымша аз емес…
Бұл, әрине, бір адамның басынан өтіп жатқан іс. Құдай қаласа, бұл мәселе оңынан шешіліп, көп ұзамай кейіпкеріміз сүйікті Отанына оралады деп сенеміз. Алайда, мәселеге тереңірек үңілсек, кеңінен қарасақ, көптеген мазасыз ойға шомады екенсің. Осы біздің билікке керегі не? Отандық бизнесті қолдау, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту керек дегендері шын сөз бе әлде жай ғана дүние ме? Біреуге ұнасын-ұнамасын, бірақ Марғұлан Сейсембай ірі тұлға, бүгінгі қазақ бизнесінің жарық жұлдыздарының бірі, отандық кәсіпкерліктің символы. Егер аты бар, мүлкі-капиталы бар, қоғамға танымал тұлғаларымыз өзін-өзі қорғай алмаса, аты шыға бермейтін, беймәлім ондаған, жүздеген кәсіпкерлеріміз туралы не деуге болады? Егер мүйізі қарағайдай, даңқы жер жарған бизнесмендер шарасыздықтан, амалсыздықтан шетел асып жатса, қолынан іс келетін, ойы-есі бар, ешкімге жалынбай өз күнімді өзім көремін деген басқа іс адамдары не ойлауы керек?
Бүгінгінің ащы да болса шындығы мынадай: қазақ азаматы мемлекеттік органдар алдына қорғансыз. Егер билік пен тергеу органдары қандай да бір себеппен артыңа түсіп, істі-айыпты қылатын болса, тергеу мен сотқа сенім аз. Тіпті заңның барлығын біліп, өзімдікі мың рет, миллион рет дұрыс деп имандай сенсең де билікке қарсы тұруың екіталай. Тіпті барыңды салып, терген-таянғаныңды салған күннің өзінде кемі алтын уақытың кетеді, ал көбіне-көп бизнесің мен мүлкіңнен айрыласың, денсаулығың кеміп, ауаң мен ауаның тарылады. Бұндай оқиғалардың соңғы бес-он жылда талайын естіп-көріп жатырмыз емес пе? Ел ішінде талай ескендірлер мен марғұландар ішкі эмиграцияда жүр емес пе осы күннің өзінде? Ал осыған шыдамай, құрысыншы барлығы да деп шетелдік эмиграцияға кеткендер қаншама? Бүгінде қай елге барсаң да бөтен елдің экономикасын көркейтіп, өз ақыл-ойын, білігін, талантын бөтен қоғамдардың дамыуына жұмсап жүрген талай қазақ баласы жүргені өтірік емес қой? Есесіне, Тәуелсіздігімізді алғалы шетелге шамамен 170 миллиард доллар қаражат шықты деп жатады. Солардың бір бөлігі ұрлық-қарлыққа байланысты қашқан қаржы десек те, біразы отандық ескендірлер мен марғұландардың нәпәқасы емес пе? Тіпті сол жемқорлыққа батқан шенділеріміздің өзін жарылқаған билігіне сенбей, жиған-тергенін шетелдегі мүлікке салып, ақшасын шетелдік банкілерге тығып жатқаны туралы да жиі естіп жатамыз. Өтірік пе? Шенділер-шекпенділер барын тықпалап, күні-түні қалш-қалш етіп дірілдеп отырған заманда нанын адал тауып, болашағын ойлаған кәсіпкерлерден не сұрай аламыз? Оларға қалай патриот болыңдар деп сөгіп, ақшаны елге қайтарыңдар деп қалай айтамыз?
Біз осы кезге дейін мұнай мен металдарды экспорттайтын ел болатынбыз. Бүгінгі шайқап-шашып жүргеніміз осы шикізаттың арқасы. Бірақ, соңғы жылдары біздер адамдарды, адам капиталын экспорттаушы елге айналып бара жатырмыз. Өз-өзін отанында, туған жерінде таба алмаған, өз таланты мен білімін кәдеге жарата алмаған мыңдаған қандасымыз шетел ауып кетті. Бәрінің бірдей жағдайы жаман деп айта алмаймыз. Біразының жайы жақсы, ауқатты, жақсы орындарда отыр. Елінің мақтанышы болатын, экономикасын, мәдениетін, әдебиетін, журналистикасын, қоғамын, медицинасын, білімін дамытатын талай нарқасқамыз еліне жоламай кетті. АҚШ-та тұрып жатқан, өлсем елге апарып әуре болмаңдар деп жатқан Мұхтар Мағауиндікі де сол сыртқы эмиграция болмағанда не? Ал бесіктен белі шықпай жатып, барша арманы қандай да жолмен шетелдік оқуға түсіп, барған елінде қалуды армандайтын қаншама жастарымыз бар ел ішінде? Бұлар да, қарап отырсаң, адами шикізат. Алған білімін елінің, өзінің кәдесіне жарата алмай, амалсыз шетелге кеткен қаншама «Болашақ» бағдарламасын тәмамдаған шәкірттерді де білеміз. Бұлар да біздің экспорттық тауарымызға айналып бітті. Естеріңізде сақтаңыздар: біздің экспортымыз – мұнай, металл және азаматтар. Мұнайсыз да, металсыз да күн көріп жүрген елдер аз емес, алайда азаматсыз, тұлғасыз күнін көрген ұлттар мен мемлекеттерді өз басым білмейді екенмін…
Баяғыда бір француз ойшылы өз заманы туралы: «Егер елден 300 парасаты биік тұлғалар эмиграцияға кететін болса, Франциямыз мақұлықтардың еліне айналады» деп қадаған екен. Осы біздер, қазақтар, Қазақстанымыз «мақұлықтар еліне» айналып кеткен жоқпыз ба осы арада? Шетелдік эмиграциямен қатар «ішкі, рухани эмиграция» деген де болады. Ол дегеніміз өмірден, заманнан түңіліп, қайғы-мұңға батып, өз таланты мен дарынын іске асыра алмайтындар, асырғысы келмейтіндер. Бәріне де қолын бір сілтеп, «Мен өзі кімге керекпін? Менің бұлқынғанымнан не пайда? Елім деймін-ау, ерім дейтін ел қайда?» деп жүрген талай азаматтарды білемін. Елде жүрсе де эмиграцияда жүргендер бұлар. Сыртта жүрген эмигранттар елін-дәмін сағынады, жусанның иісін аңсап шаршайды. Ішкі эмиграцияда жүргендер елін-дәмін татып-тұтынып жүрсе де күйікке салынып, ұшынып жатады. Қазақ сияқты кішкентай ұлтқа мақұлыққа айналу үшін тіпті 300 адамның да қажеті жоқ. Шамамен 100-150 нартұлғамыз сыртқы не ішкі эмиграцияға кетсе де жетіп жатыр. Сонда елдің болашағы не болмақ? Бізді не заман күтіп отыр? Бүгінгідей сыртқы және ішкі эмиграция жалғаса беретін болса күніміз не болмақ? Осы бір жаман үрдісті тоқтататын кез келіп жетті. Ертең кеш болып, өкініп қалмайық! Асыл азаматтарды шеттетіп, жаппай шетелге асырған ешбір ел оңған емес. Бізде оңбаймыз бұлай кете берсе! Олай болса жоғымызды түгендейтін, бар ерлерді шын құрметтеп, бағалайтын, кеткенін қайтадан елге қайтаратын уақыт келді. Азаматтарымызды оңды-солды есепсіз шаша беретін миллиард халқы қытай емеспіз. Қазақ сияқты азғантай ұлт үшін әрбір ойлы-есті азамат пен тұлғаның маңызы зор! Артық қазақ жоқ! Шын кіріссек бәріне де өзіне лайықты орын, бәріне де абырой әперетін жұмыс табылады!
Осы туралы шындап бір ойланайықшы, ағайын!
Айдос Сарым, саясаттанушы, қоғам қайраткері
Дереккөз: zhasalash.kz
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
21.11.2024