13-02-19 |
8980 рет қаралған
Ақтаулық судьяны айыптаудың артында не тұр?.
Ақтаулық судьяны айыптаудың артында не тұр?

Неше күннен бері әлеуметтік желіні шулатып, бүкіл сот жүйесіне қарсы шыққан Мәлік Кенжалиев кім? Ақылға салып қарасаңыз, зейнетке шығуына 3-4 жыл ғана қалған Кенжалиев «өзі отырған бұтақты өз қолымен кесетіндей» қысқа ойлайтын азамат емес. Тіпті бұл кісінің еңбек жолына қызыға, қызғана қарауға тұрарлық. Бірнеше ауылдың әкімі болып еңбек жолын бастаған ол  кейіннен «бағы жанып» Кеден комитеті департаментінің бастығы, Қаржы полициясы агенттігі басқармасының басшысы, Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы, Жаңаөзен қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы, Түпқараған аудандық сотының төрағасы қызметтерін атқарған. Ал қазір Ақтау қалалық сотының төрағасы лауазымында. Кезінде «Маңғыстау облысындағы ең үздік судья» атағын еншілеген Мәлік Сәбитұлының кешелі бері қоғамның назарын аудару үшін «шырылдап» жатқанына куә болып отырмыз. Осы жайдың өзі жып-жылмағайдай көрінетін қазақстандық соттың жағдайы қандай екенінен хабар беретіндей.

Ең алдымен бұл Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов айтқандай «судьялардың тәуелсіз» еместігін көрсетіп берді. Және мұны дәлелдеген басқа емес, Ақтау қалалық сотының төрағасы, өмірінің 15 жылын сот саласына арнаған Мәлік Кенжалиев. Ол баспасөз қызметкерлеріне берген жария сұхбатында, бейнежарияланымда өзіне қандай істер бойынша жоғарыдан нұсқау берілгенін айтып, оны көпшілікпен бөлісуге дайын екенін мәлімдеді. Яғни, Асанов сендіргендей судьяларға «жоғарыдан» нұсқау беретін тек облыстық соттың алқа төрағалары, төрағасы емес екен. Судьялардың қандай шешім, үкім шығаратынына Жоғарғы Сот та араласатын болып тұр ғой.

Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Дәулиев
Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Дәулиев

Екіншіден, бір сөзінде Мәлік Кенжалиев «әркім өз қарауындағы қызметкерлерді қорғайды, ал сіз төраға ретінде неге маған ара түспедіңіз?» деген ренішін Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Дәулиевке қаратып айтты. Өкпе орынды. Өкінішке орай, басқа салаларды қайдам, ал Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Жоғарғы сот сияқты құзырлы орындар кемшілігі көпшілікке белгілі болған әріптестерінен тезірек құтылғысы келеді. Не бір күн бұрын жұмыстан босатады, не өз еркімен жұмыстан қуады. Әйтеуір, өздері таза болса, «күйесі» жұқпаса болды.  Дегенмен, судьяны тағайындайтын да, орнынан босататын да Президент! Қазының үстінен қандай да бір арыз-шағым түссе оны істің мән-жайы анықталғанша жұмыстан уақытша шеттетуге болады. Тәртіп солай. Мұны барлық судья біледі. Және қазылардың үстінен үнемі шағым түсіп, ол ішкі қауіпсіздік, судьялар жюриі тарапынан тексеріліп тұратындықтан, мұндай жағдайға бәрінің еті   үйренген. Қалай болғанда да судьяны жұмыстан босату туралы шешімді тек Президент қабылдауы керек. Ендеше, Кенжалиев айтқандай Маңғыстау облыстық сотының бір топ қызметкерінің кабинетке басып кіріп, бөлмені босатуды талап етуі қаншалықты заңды? Бұған кім рұқсат берген? Бұл білдей бір сот төрағасын көрінеу төмендету, ар-намысына тию емес пе? Осыны басқа білмесе де, Жоғарғы Сотта судьялық етіп, бүгінде маңғыстаулық соттың тізгінін ұстап отырған Дәулиев неге білмейді? Судьяның кінәсі дәлелденіп, жұмыстан босату туралы Президент жарлығы шықса әңгіме басқа. Кенжалиевті да «көшеге» шығарып жіберген осы заңсыздық болса керек. Ал білдей бір соттың төрағасы өз құқығын дәлелдей алмай, өзі сонша тер төккен салаға сенімсіздік танытса, қарапайым адамдар кімнен пана күтеді?

Судья – әділеттің айнасы болуы керек. Кенжалиевтің басындағы жағдайдан кейін осы сөзге күдік көбейді. Күмән бұрыннан да аз емес еді ғой. Мына жағдай оны бұрынғыдан қоюлата түсті.  Бұл біздегі жүйенің құлдырап біткенін, заңдылықты қалыпқа келтіреді деген құрылымның өзі заңсыздық жасауға бейім екенін көрсетеді. Бұлай дейтініміз, Кенжалиевтің жария түсіндіруінен кейін лезде Маңғыстау облыстық сотының хабарламасы әлеуметтік желіде тарап кетті. Онда «Жоғарғы Сот жюриінің 2019 жылғы 7-ақпандағы шешімімен Мәлік Кенжалиевтің Ақтау қалалық сотының төрағасы ретіндегі өкілдігі тоқтатылды. Оған Жоғарғы Соттың ішкі қауіпсіздік бөліміне Өзбекстан азаматы Максуд Каландаровтан түскен шағым себеп болған» делінген. Бұл бір делік. Артынша, сол әлеуметтік желіде Жаңаөзендегі мұнайшылар көтерілісіне қатысқандарға Кенжалиевтің әкімшілік жаза тағайындағанын дәйектейтін құжаттар пайда болды. Не деген жылдамдық! Азаматтар өзіне қатысты кеше шыққан шешімнің көшірмесін шығарып алу үшін біраз уақытын жоғалтады. Ал, қаралғанына жеті жылдан аса уақыт өткен әкімшілік істердің көшірмесі қалай тез табыла кеткен? Мұны сот қызметкерлерінің мәселені өзінен аулақтату үшін, Кенжалиевті жаманатты ету үшін жасап отырған қадамы демеске лажың жоқ. Өйткені, Жаңаөзен оқиғасы десе тебіренбейтін, жаны күйзелмейтін қазақ аз. Ереуілге қатысам деп қаза тапқан, зардап шеккен азаматтарға қатысты кез келген ақпаратқа жұртшылықтың бейжай қарамайтыны сондықтан. Кенжалиевті көтерілісшілер ісін қараған судья ретінде жаман атты етудің астарында осындай жымысқы ой жатқандай. Дегенмен, халық та қазір қара жаяу емес. Ненің не екенін білетін жағдайда. Содан болса керек, елге танымал адвокат Гүлнар Жуаспаева Кенжалиевке қатысты тараған ақпаратқа «Мұндай істің былтырғы күзден бері қаралуы ұзақтау емес пе? Және ақтау үкімінен кейін ақпараттың тарауын, жазаның қолданылғанын қалай түсінеміз?  Сенгің келмейді» деп түсінік берсе, белгілі журналист Ғалия Әженова «Маңғыстау облыстық соты, жаз кезінде өзге елдің азаматы арызданады, ол қарашада дәлелденеді, содан бері 4 ай не бағып отырдыңдар? Неге дер кезінде шара қолданылмады этиканы бұзған судьяға? Енді мына сөзге кім сенеді?!» деген орынды күмәнін ортаға салады.

Мәлік Кенжалиевтің жұмыстан кетуіне түрткі болып отырған өзбекстандық азаматтың шағымында да сәйкессіздік аз емес. Маңғыстау облыстық сотының баспасөз баянында судьяның 1,8 млн теңге берешек екені айтылған. Ал құзырлы орындардың дыбыс-бейне түсірім жасайтын асай-мүсейімен «қаруланған» Каландаровтың «200 мыңды қашан бересіз?» деген дауысы анық естіліп тұр.

Әрине, бұл бейнетаспада Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиевтің боқтап сөйлегені, қоқан-лоққы жасағаны анық көрсетілген. Әлеуметтік желідегі халық «қайдағы бір өзбек үшін неге судья зардап шегуі керек» деген мағынадағы пікір қалдырып жатқанымен, біз зайырлы елміз. Құқықтық мемлекетпіз. Біздің елде ешкімнің құқығы тапталмауы керек. Тіпті, Ақтау қалалық соты тұрмақ, Жоғарғы Соттың төрағасының да өзінен берешегін сұраған адамды «Қаматып жіберем, көзіңді құртам» деуге қақысы жоқ. Тек осы бейнетаспа шындыққа қаншалықты сәйкес келеді? Бұл арнайы тексеруді қажет етеді.

Осы оқиғадан кейін көңілде бір сұрақ қалды. Осы біздің «тәуелсіз» судьялар бастықтарының «ана істі былай шеш, мына істі былай шеш» деген талаптарын түгелдей жазып, сақтап отыра ма екен?

Гүлназ Әсенғазы, arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.