Қазақстанда дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді енгізу кейінге қалатын болды. Естеріңізде болса, осыдан үш жыл бұрын яғни, 2016 жылы жеке тұлғаны нақты әрі жылдам анықтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау дәрежесін жоғарылатуға, мемлекет пен қоғам мүддесін қорғауды сапалық жаңа деңгейге көтеруге, миграциялық ағынды пәрменді бақылауға бағытталған жеке басты куәландыратын құжаттарға биометриялық және басқа да заманауи технологияларды енгізудің құқықтық тетіктері «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң негізінде айқындалған еді. Осы құжат шеңберінде былтыр Қазақстанда дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді өткізудің ережелері бекітілген болатын. Олар уәкілетті ұйымдар мен мемлекеттік органдардың дактилоскопиялық және геномдық ақпараттарды жинау, өңдеу мен қорғаудың,адамдардың жеке басын анықтау мен бекітудің тәртібін белгілейді. Осыған орай 2021 жылдан бастап 12 жасқа жетпеген балалардан басқа қазақстандықтар саусақ іздері басылған жаңа құжаттар ала бастайтыны болған. Саусақ іздерін тапсыруға қылмыстың белгілі бір түрін жасаған сотталғандар да міндеттелген еді. Сол секілді геномдық ақпаратты жоғалған адамдардың ерікті түрде туыстары да тапсыру мүмкіндігі көзделген болатын. Ал, одан бас тартқандар үшін айыпппұл енгізу ұсынылған. Бүгінде елді елеңдеткен осы шараның едәуір уақытқа кейінге қалатын түрі бар. Бұл жөнінде осы сәрсенбіде Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті өткізген отырыста Ішкі істер министрлігі жедел-криминалистік департаментінің бастығы Әлішер Мұхамедов мәлімдеді. Әлішер Шухратұлының айтуынша, бұған бюджеттен қажетті қаржының бөлінбеуі себеп болып отыр. Жоба үш жылға есептелген. Жеке тұлғаның саусақ таңбаларын жинау, оларды ақпараттық талдау жүйесін құру үшін толыққанды инфрқұрылым жасалу керек. Яғни, көптеген арнайы құрылғылар сатып алынып, оларды орнатып, іске қосу, жүйені сынақтан өткізіп, қолданысқа енгізу, ақпараттық қауіпсіздіктің талаптарына сәйкестігін айқындау қажет. Алайда, 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетте бұл шараларды жүзеге асыруға қажет қаржы қарастырылмаған. Ішкі істер министрлігі ағымдағы жылы керек ақшаны экономикалық сараптаманың жоқтығына байланысты күн тәртібіне қоя алмайды. Жоба бұған дейін қаржыландырмағандықтан биыл техникалық экономикалық негіздемелерге түзетулер енгізу және барлық рәсімдерден қайтадан өту қажет. Сондықтан 2020 жылы да жобаны іске қосудың алғы шарттары жасалмайды. Қаржы мәселесі толыққанды шешілмегендіктен оны едәуір уақытқа кейінге қалдырудан өзге жол жоқ.
Ал, жиында арнайы сөз алған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпараттық қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары Виктор Арсенов болса, бұл жобаның неғұрлым тезірек іске қосылу қажеттігін ортаға салды. Оның айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекеттік шекарадан өту үрдісін бақылау жүйесін толықтай жетілдіруді бастаған. Құзырлы орында арнайы жабдық сатып алынып, оны 2020 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Сондықтан комитет қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін дактилоскопиялық және геномдық тіркеудің тезірек іске қосылуына өте мүдделі. Алайда, көңілдегі көрікті ойды базарағы нарық бұзады дегендей, қымбат тұратын бұл жобаның тағдыры тек Ішкі істер органдарының қолында тұрған жоқ сияқты. Қаржы вице-министрі Татьяна Савельованың айуынша, жобаны жүзеге асыру үшін биыл 36,9 млрд теңге керек қарастырылыпты. Ол осы жұмысты қолға алатын үш құзырлы орын Ішкі істер, Әділет министрліктеріне жәнеҰлттық қауіпсіздік комитетіне беріледі. Қаржының дер кезінде бөлінбей, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін маңызды болып отырған азаматтардың биологиялық бірегейлігін тіркеу шарасының кейінге қалдырылуы сенаторларға ұнамады. Олар мұны құзырлы орын тарапынан тиісті заңнаалық құжатты дайындау барысында жіберілген олқылық деп атап көрсетті. Осы ретте сенатор Сәуле Айтпаева оларға қарата біраз сын айтты. Айтпаева ханымның мәлімдеуінше, бұл заңның жүзеге асыру жоспарынсыз дайындалуының салдары. Үкімет отырыстарында бұл мәселе жан-жақты қаралуы керек. Онда іс- қимылдың бағдарламасы, оны жүзеге асыратын нақты тұлғалар және жоба іске қосылатын мерзім толықтай қамтылуы керек. Алдағы уақытта Парламентке ұсынылған заң жобалары заңды жүзеге асырудың нақты шараларынсыз қабылданбауы тиіс. Осындай талап қойылмаса біздегі маңызды шаралар дер кезінде атқарылмай, ұзын арқау, кең тұсауға салына беретін болады. Осы жайлы айта келіп, сенатор: -Биылғы жылдың үшінші айы басталайын деп тұрса да «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заңды қолданысқа енгізу үшін қажет техникалық экономикалық негіздемелер, бағдарламалар, құрал-жабдықтар бойынша бойынша талаптар әлі күнге жоқ. Олардың бәрі аттестациядан өтіп, сәйкестік сертификатын иелену керек. Мұның бәрі тыңғылықты жұмысты қажет етеді. Өйткені, дактилоскопиялық және геномдық деректер ерекше бақылауды, қадағалауды қажет ететін дербес деректер. Тіркеу барысында олардың дұрыс сақталып, қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі айрқыша маңызға ие,-деп түйген еді сөзін . Тоқ етерін айтқанда, кейінге қалдырылған бұл шара заң дайындау ісіндегі көптен айтылып жүрген олқылықтың бетін тағы да ашты. Расында , біздегі заңнамалық құжаттардың көпшілігі үстірт, жан-жақты экономикалық сараптамаларсыз жасалатыны шындық. Ең өкініштісі, мұндай жауапсыздықтан елдік мүдде зардап шегіп жатады. Алайда, кінәлі жандар көбіне осындай базына естуімен ғана оңай құтылып кетеді.
Айша Құрма
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024
-
21.11.2024