10-02-19 |
2690 рет қаралған
Қараусыз қалған баланың қиыс жолға түсуі оңай.
Қараусыз қалған баланың қиыс жолға түсуі оңай

Алматы облысында бес жүз қырық әйел маскүнемдікке салынғаны үшін тіркеуге қойылған. Учаскелік инспекторлар 800-ге жуық қолайсыз отбасыны бақылауында ұстайды. Ал онда бір жарым мың бала маскүнем, нашақор ата-ананың тәрбиесінде өсіп жатыр. Алматы облысы полиция департаментінің басшысы Мұрат Ұрымханов тұрғындармен кездесу өткізген кезінде бала тағдырына, ұрпақтың ертеңіне алаңдайтынын айтты. Мынандай деректер ешкімді бейжай қалдыра қоймас. Оның үстіне, құзырлы орындар былтырғы жылы 240 ананы маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеу үшін арнайы орталықтарға жіберген екен. Көзі тірі анасынан уақытша болса да көз жазып қалған балалардың күні не болды десеңізші. Тәрбиені былай қойғанда, олардың ас-суын әзірлеп, жағдайын жасауы тиіс ананың жауапсыздығы қорғансыз балалардың әлімжеттік көруіне әкелмесіне кім кепіл? Өзінің ата-анасы қызықпаған балаға өзгелер қамқорлық танытады деймісіз?

Қазір балалар үйінің санын азайтып, «балалар ауласын» қалыптастыру қолға алынуда. Мұндағы мақсат тастанды балаларға өмірдің ауыртпалығын сезіндірмеу, арнайы тәрбиеші белгілеу арқылы отбасылық жылылықтың мәнін ұғындыру. Мемлекет осы арқылы жетімдердің мәселесін шешпек. 7-8 баланы бір отбасында, бір ананың бауырында тәрбиелеудің қаншалықты тиімді екенін алғашқы нәтижелердің өзі көрсетіп отыр. Ал, ата-анасы бола тұра, панасыздың күйін кешкен тірі жетімдердің ертеңі белгісіз. Әсіресе, анасы маскүнемдікке салынған қыз балаларға араша тұратын пенде жоқ. Мұндай қолайсыз отбасыларды құзырлы орындар анықтап, қандай да бір шешім қабылдағанша біраз уақыт өтеді. Әсіресе, мектеп мұғалімдері мен көршілердің қырағылығы, белсенділігі осындайда маңызды.

Мысалы, Алматы облысының Талғар ауданында тұратын Гүлзираның екі баласы да мектеп жасында. Учаскелік инспектор назар аударғанға дейін үлкені 6-сыныпта, кішісі 4-сыныпта оқитын екі қыз өлместің күнін көрген. 15 күн сатушы болып жұмыс істеп, 15 күн ішімдікке салынатын анасы қыздардың тәрбиесін мүлде қаперінен шығарған. Талғардағы жатақханалардың бірінде тұратын оларға көршілер көз қырын салып, қолдан келгенше көмектескен. Учаскелік инспектор араласқаннан соң қыздардың әкесі табылып, ажырасқаннан кейін маскүнемдікке жақын болған әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесі көтеріліп отыр. Ал бізде мұндай тағдырлар қаншама? Әсіресе ажырасушылар санының өсуі, неке бұзылғаннан кейін балалардың әке тәрбиесінде емес, анасының қарауында қалуы жаңа қиындықтарды тудыратынын мойындауымыз керек.

Алматы облысының полиция департаментінің басшысы Мұрат Ұрымхановтың айтуынша, былтыр 27 ата-ана өзінің ата-аналық құқығынан айырылған. Қанша баланың қауіпсіздігі талқыға түскенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Ата-ана құқығынан айыру мәселенің шешімі емес. Себебі, жер үйлерде тұратын, көршілермен араласпайтын қолайсыз отбасылардың құпиясы толық ашылды деу қиын. Өзі араққа салынып, үйіне бөтелкелестерінен жинап, сауық-сайран құратын ата-анаға ұл-қызының болашағынан гөрі, сол күнгі ішімдіктің табылғаны маңыздырақ. Осындай отбасылардың балалары көбінесе зорлық-зомбылықтың құрбанына айналатыны сондықтан. Ата-ана жылуын көрмеген балалардың қиыс жолға түсуі де оңай. Мысалы тек Алматы облысында өткен жылы кәмелетке толмағандардың қолымен 288 қылмыс жасалыпты. Сонымен бірге аймақтық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция бөліміндегі есепке алынған жасөспірімдер саны 700-ден асып кеткен. Бұл да ата-ананың бала тәрбиесін уысынан шығарып алуының нәтижесі. Жұмысты ойлаған үлкендер қазір бар тәрбиені мектеп пен мұғалімнің жауапкершілігіне итеріп, өздері қаржылай қиындық көрсетпесек болды деген пікірде. Ал, мектептің бар баланы қадағалауға мүмкіндігі жетер емес. Айлық аз, жұмыс қауырт болғандықтан мектеп инспекторы болуға ынталылар да аз. Қазірдің өзінде бұл өңірде 266 мектеп инспекторы жетіспейді.

Құзырлы орындар былтыр кәмелетке толмағандарға қатысты 184 қылмыс анықталғанын, және оның 66-сы жыныстық тиіспеушілікке байланысты екенін алға тартып отыр. Сондай-ақ, өз баласына қатыгездік танытудың 6 дерегі анықталған. Ең сорақысы, балалар өзгенің емес, өз туыстарынан зорлық-зомбылық көруде. Осының барлығы бала құқығының жиі аяқасты болатынын, сондықтан, бұл саладағы жұмыстарды әлі де ширата түсу қажеттігін қаперге салады.

Гүлназ Әсенғазы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.