25-04-19 |
2070 рет қаралған
Шетелдегі қазақ студенттері Алматыда қамалған белсенділерді қолдап, акциялар өткізуде.
Шетелдегі қазақ студенттері Алматыда қамалған белсенділерді қолдап, акциялар өткізуде

Сәуірдің 24-і күні Францияда оқитын үш қазақстандық студент Алматы марафонында «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген баннермен акция өткізіп, 15 күнге қамалған Әсия Төлесова және Бейбарыс Толымбековты қолдап, акция өткізді.

Акцияға қатысушы студенттің бірі Нұрлан Қуанышбектің Азаттық тілшісіне айтуынша, 24 сәуірде студенттер дәл сондай жазуы бар баннермен Париждегі Қазақстан елшілігі алдына барған. Дипломатиялық өкілдік ғимаратынан шыққан адам акцияға мән бермей, студенттер жанынан өте шыққан. Бұдан кейін студенттер Париж орталығындағы Триумф аркасы алдында да баннермен бірге суретке түскен.

Қазір қамауда отырған Төлесова мен Толымбековты қолдау акциясы 24 сәуірде Чехиядағы Қазақстан елшілігі ғимараты алдында да өтті. Оқиға орнынан Facebook-та тікелей эфирде хабар таратқан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бұл жерде де он қазақстандық студент «Менде таңдау бар», «Әсия мен Бейбарысқа бостандық», «Әділдік үшін» деген жазуы бар плакатпен дипломатиялық өкілдік алдына келген.

Олар Қазақстанда 9 маусымға белгіленген президент сайлауының әділ өткенін, елде білім мен медициналық қызмет көрсету сапасының жақсарғанын, пікір айту еркіндігінің болғанын қалайтынын жеткізген. Акцияға қатысушыларға елшілік өкілі шығып, акцияның мақсатын сұраған. Студенттердің айтқандарын жауапты тұлғаларға жеткізетінін айтқан.

Алматыда 21 сәуірде «Шындықтан қаша алмайсың» деген жазуы бар баннер ілгені үшін бес азамат жауапкершілікке тартылды. Олардың үшеуіне сот «бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды» деп айыппұл салды.

Төлесова мен Толымбеков қамалған күннің ертесінде Алматыда отыз шақты белсенді қалалық сот ғимараты алдына келіп, қамалғандарды босатуды талап етті. Әлеуметтік желі қолданушылары да жастардың ұсталуын айыптап, интернетте қолдау көрсетті.

Бұл оқиғаға халықаралық ұйымдар да реакция білдірді. 25 сәуірде Freedom House құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Алматыда ұсталған белсенділерді босатуға шақырды. Amnesty International халықаралық ұйымы Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті «ар-ождан тұтқыны» деп таныды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.