22-10-19 | 09:12
Қабылданған латын әліпбиіне ғалымдардың қатысы жоқ болып шықты.
Қабылданған латын әліпбиіне ғалымдардың қатысы жоқ болып шықты

Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрғанда бекіткен латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жасалуына тіл ғалымдарының, мамандардың және «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия құрамындағы «Қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі» жұмыс тобының мүшелерінің қатысы жоқ болып шықты. Бұл туралы А.Байтұрысынов атындағы Тіл білім институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек айтты.

“Алайда, мамандар мен жұмыс тобының ұсынысы, өкінішке қарай, қабылданбады және кейіннен қоғамға әліпбидің үш нұсқасы ұсынылды ‒ диграфпен (Парламентте), апострофпен (бірінші Жарлық) және акутпен (соңғы Жарлық). Әліпбилердің жоғарыда көрсетілген үш нұсқасының ешқайсысы Қазақстанның филолог ғалымдарына және «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия құрамындағы «Қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі» жұмыс тобының мүшелеріне қатысы жоқ екенін мойындауға мәжбүрміз” деп жазады Ерден Қажыбек фейсбук парақшасында.

 

Ол мұндай пікірді президент Қ.Тоқаевтың латын әліпбиіне қатысты мәдениет және спорт министріне берген тапсырмасына орай жазған жазбасында айтқан.

Сондай-ақ Ерден Қажыбек қазіргі латын әліпбиі тіл талаптарына жауап бере алмайтынын жазған.

“Жаңа қазақ әліпбиі ең аз дегенде негізгі үш талапқа жауап беруге тиіс.
Бірінші. Ол – ана тілі, яғни қазақ тілінің дыбыстары мен заңдарының шынайы табиғатына толық жауап беруге тиіс.
Екінші. Ол жақын туыс түркі тілдері үшін түсінікті болғаны жөн. Тұлғасы жағынан да, мағынасы жағынан да бір-біріне ұқсас мыңдаған сөздерді әртүрлі жазудың еш мәні жоқ.
Үшінші. Ол дыбыстарды берудің латын жүйесінің қағидаттарын бұзбауы және тілді тұтынушыларға «таныс болуы», сондай-ақ қазақ тілінің латынграфикалы білім беру, ғылым, ақпараттық-техникалық кеңістікке бейімделуі мен қосылуына ықпал етуге тиіс.
Өкінішке қарай, әліпбидің нұсқалары жоғарыда келтірілген талаптардың ешқайсысына жауап бере алмайды” дейді ол.

Естеріңізге салайық, ұзақ талқылау, дау-дамайдан соң 2017 жылы 27 қазанда сол кездегі президент Н.Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қол қойған еді. Жарлықпен бірге бекітілген латын әліпбиінің нұсқасы қоса жарияланған болатын.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.