12-12-19 | 20:51
“Қадірі кете бастаған орден-медаль үлестіруде парақорлық та орын алады…”.
“Қадірі кете бастаған орден-медаль үлестіруде парақорлық та орын алады…”

МАРАПАТТАНУ

Біздегі жыл сайын берілетін “мемлекеттік марапат”, шындығында, “өкіметтік марапат”. Сөз жоқ, жарияланып жатқан тізімдерде мәртебелі атаққа әбден лайық тұлғалар бар. Өз кәсібінде айтарлықтай табыстарға жеткен, ел мен қоғамның дамуына расында да еңбегі сіңген азаматтар бар.

Бірақ, біздің марапаттанудың екі үлкен кемшін тұсы бар.

Біріншіден, сол тізімдерді жасақтауда әлі де көңілжықпастық, инерциялық ұстаным бар. Кейде биліктің құлағының құрышын қандырар сөз айтқандардың бағы жанып жатады. Ғылымда нағыз ізденушіге қосарланып, мекеме басшылары қызмет бабы жөнімен ғылыми атақ-дәреже алып жатады. Қадірі кете бастаған орден-медаль үлестіруде парақорлық та орын алады деп естіп жатамыз.

Екіншіден, шын мәнінде ұлтқа, мемлекетке, қоғамға еңбек сіңірген, бірақ ағымдағы билікке сыни пікір айтып жүргендер осы тізімдерде атымен жоқ. Мәселен, демократиялық күштер қатарында қаншама лайықты азаматтар бар. Өз кәсібінің білікті мамандары, балама бағдарлама ұсынып жүрген экономистер мен әлеуметтанушылар, журналистер, құқық қорғаушылар, қоғамдық ұйым жетекшілері дегендей. Осының бәрі билікке балама ой-пікір айтып жүргендерің ішінде бар!

Олар да мемлекетке, Республикаға, Тәуелсіздікке өз үлесін қосып жүр емес пе?!

Не істеу керек?

Әрине, мына билік мына бетімен оппозицияда жүрген азаматтарға құрмет көрсете қоймас.

Сондықтан да, үкіметтік (өкіметтік) емес, қоғамдық деңгейдегі марапат жүйесін қалыптастыру керек.
Оған, мәселен, отандық бизнес белсене ат салыса алар еді. Тіпті мәселе ол атаққа қосыла беретін қаржыда емес, қоғамдық қадірлеу мен құрметтеуде емес пе?

Бәлкім, сонда билікке жақпаса да, халыққа жағып жүрген талай тұлғалар көзі тірісінде өз бағасын алып қалар еді…
Әйтпесе, арыстарымызды тек о дүниеге жөнелткенде ғана мақтай бастаймыз!

Әміржан Қосанов, саясаткер

Жазба автордың фейсбук парақшасынан алынды

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.