Ахметжанов пен Нұржігітов Тоқаевтың тапсырмасын орындамай отыр.
Ахметжанов пен Нұржігітов Тоқаевтың тапсырмасын орындамай отыр

Еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жылдан асса да қос азаматтығы бар адамдардың саны азаяр емес. Кейінгі кезде қос азаматтық қарапайым адамдарды былай қойғанда жоғары лауазымды қызметкерлердің ішінен де анықталып жатыр. Осыдан болса керек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені бір емес, бірнеше рет көтерді. Алайда жауапты тұлғалар президенттің тапсырмасына жүрдім-бардым қарап отыр.

Нақтырақ айтсақ солардың ішінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындамай отыр. 2021 жылдың ақпан айында Президент қос азаматтық алған адамдарға қатысты жазаны қатайтуды тапсырды. Себебі қос азаматтық ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін бірден бір фактор екені белгілі.

Егер бас полицей өз міндетін адал атқарса, Назарбаевтар әулетіне жақын беделді көптеген олигархтар шетелге оңайлықпен шығып кете алмас еді. Өкінішке қарай қос азаматтығы бар азаматтарға құзырлы орган тарапынан тегеурінді жұмыс болмағаннан кейін көптеген «әттеген-айлар» болып жатыр.

Мысалы 2022 жылдың наурыз айында әлеуметтік желіде Жамбыл облысы Қордай ауданы мәслихатының депутаты Татьяна Подщибякинаның қос азаматтығы бары жарияланды. Әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа сенсек, оның Қазақстанның көк төлқұжатынан бөлек, Ресей Федерациясының азаматтығы бар көрінеді.

Міне осы ақпараттан кейін бақандай 3 ай өтті. Қордай ауданы әкімдігінің ҚР Ішкі істер министрлігіне жіберген жауабынан басқа ештеңе жоқ. Ішкі істер министрі Марат Мұратұлы мен Жамбыл облысының әкімі Нұржан Молдиярұлы қашанға дейін Мемлекет басшысының тапсырмасын елеусіз қалдырады?
Ал бұған дейін Ұлттық кеңестің кезекті отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің төлқұжатымен жүрген азаматтар туралы айтқан болатын.

«Қазақстанда қос азаматтыққа қатаң тыйым салынған. Мұндай талап Ата заңға енгізілген. Соған қарамай соңғы уақытта қос азаматтыққа жол берілген жағдайға куә болудамыз, бұл тіпті мемқызметкерлер арасынан анықталуда.

Аталған дүниеге өте сергек қарау қажет, себебі бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесін қамтиды. Мұндай жайт анықталған жағдайда оның жолын бірден кесу керек», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент 2020 жылғы Жолдауында “қос азаматтығы бары анықталған мемқызметкерлер мен квазимемлекеттік сектор басшыларын жұмыстан қуу туралы” тапсырма берген болатын. Әрі Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істер агенттігінен осы бағытта атқарылған жұмыс жайында есеп беруді талап етті.
Алайда қос азаматтығы бар жоғары лауазымды қызметкерлердің саны азаяр емес. Мәселен бұған дейін Шымкент қаласы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың қос азаматтығы бары анықталып, әзер дегенде жұмыстан қуылды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов соңғы сәтке дейін басқарма басшысының қос азаматтығы барын мойындамай қасарысып алды. Әлеуметтік ұлардау шулап маза бермеген соң барып амалсыз Почиваловты қызметтен босатты. Бұл қос азаматтығы анықталып, жұмыстан қуылған бір ғана дерек. Ал елімізде Почивалов пен Подщибякина сынды қанша адам бар. Міне осыған Ахметжанов пен Нұржігітов мән бермей отыр.

Серік Құдайбергенұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk