Ақтөбенің шалғай ауылдарында екпе салдыруға ересек жастағылардың белсенділігі жоғары. 1928 жылы туылған Владимир Филипп есімді ақсақал 70 жастағы ұлы мен 40 жастағы немересін еріп, вакцина алуға өзі келген.
Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы Әлімбет селолық округі Шандыаша ауылының тұрғыны Владимир Филипп 93 жаста. Қарияның індетке қарсы екпе салдырғанына 2-3 күн өткен. Дәрігерлердің айтуынша, ақсақал өзін жақсы сезінеді.
«93 жастағы ақсақалдың қазіргі жағдайы жақсы. Ол кісі 2-3 күн бұрын вакцина алды. Дене қызуы болған жоқ. Медбикелер тұрақты қадағалап отыр. Ол кісі 70 жастағы баласы, 40 жас шамасындағы немересін ертіп келіп, үй ішімен алды. Қазір 93 жастағы атамыз ауласында жұмыс жасап, ағаш жарып отыр. Жағдайы жақсы»,-дейді Қарғалы аудандық ауруханасының бас дәрігері Берік Жаржанов.
Қазір аудандық аурухананың бас дәрігерінің өзі бастап, шалғай ауылдарды арнайы жабдықталған автобуспен аралап жүр. Бұл екпе жасатуға ниет білдіргендер үшін тиімді. Жылжымалы егу пунктері арнайы температуралық режимді ұстайтын контейнерлермен және термоконтейнерлермен жабдықталған. Жылжыламы егу бригадаларында дәрігерлер мен медбикелер бар. Ауданның бас дәрігері бастаған бригадалар барлық елді мекендер мен шалғай ауылдарды аралайтын болады.
«Халық індеттің қауіпті екендігін түсінді. Вакцина алушылар саны көбейіп жатыр. Бүгін 81 жастағы зейнеткер алды. Ересек жастағыларды белсенділігі жоғары. Жақында 87 жастағы қария вакцина салды. Бүгінгі күні ауданда вакцина алғандардың саны мыңнан асты. Бәрінің де жағдайлары жақсы»,- дейді Берік Жаржанов.
Қарғалы ауданында қазір 17 мың халық бар. Оның ішінде 4000-нан аса кәмелеттік жасқа толмаған бала бар.