Ақтөбеде қаржы пирамидасын құрып, елді алдап келген топқа қатысты сот үкімі шықты. «Unnity corporation» ұйымын басқарған Қуаныш Жақсыбаев алты жарым жылға, ал оның тоғыз сыбайласы бес жылдан бас бостандығынан айрылды.
Қуаныш Жақсыбев басқарған пирамида елімізде жоқ мобильді қосымша ойлап тапқанын айтып, 40 мыңға жуық адамнан ақша жинаған. Олар халықты түскен табыстан дивиденд алып тұрасыңдар деп сендірген.
Қаржы пирамидасы жетекшісінің алаяқтығы белгілі болған бойда қамауға алынып, екі жыл бұрын сотталған еді. Кейін «ұйымды» жалғыз өзі емес, сыбайластарымен бірге құрғаны анықталып, тергеу қайта басталды.
Unnity corporation-ды ел бойынша насихаттап, аймақтардан адам тартқан тоғыз сыбайласы бар. Олардың алтауы – әйел. Сыбайластары Ақтөбеден бөлек, Павлодар, Алматы, Семей, мен Талғар қалаларының тұрғындары. Олардың 3 мыңнан астам салымшыны алдап тақырға отырғызып кеткен.
Сот үкімімен Қуаныш Жақсыбаевқа 6 жыл 6 ай, Бақыт Жұмабаевқа 5 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қалған сыбайластары Б.Казалиевқа, А.Шариповаға, А.Молдакаримовқа, А.Абакановаға, Б.Мухашеваға , А. Рахмановаға, Г. Каратаеваға және Д. Жамековаға 5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Сот Рахманова мен Каратаева бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаның, кәмелетке толмаған балаларының бар екенін ескере отырып, ҚК-нің 74-бабы негізінде тағайындалған жаза 3 жылға кейінге қалдырылды.