Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жанынан ашылған «Жоғары Колледж» ЖШС-нің оқытушылары Facebook желісі арқылы білім министіріне хат жазды. Жаңа басшыдан қысым көргендерін айтқан оқытушылар осылайша шындыққа жетуді мақсат еткен.
Желідегі жазбада колледжге жаңадан келген басшы қаһарына шыдамаған жас мамандар бірінен соң бірі жұмыстан шығып жатқаны айтылған. Бұл туралы Думан Бақыткелдіұлы Facebook парақшасына салды.
«Жаңа басшы Б.С.Кульбаева келгелі колледждегі жас мамандар бірінен кейін бірі қысым көрді. Ұжымдағы өзіндік еркіндігі мен шындығы бар адамдар қысымға ұшырады. Тіпті сол колледждегі мықты деген оқытушылардың өзі амалсыздан бірінен соң бірі жұмыстан шығып кетті. Қ.Жұбанов университетінің үздік түлегі, жас жазушы, сценарист, қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушысы Жақсылық Әлиханға түрлі акттар арқылы қысым көрсетілді. Ал бұған себеп тек сол оқытушының басшыға «азаматтық қоғамда бәрі тең» деген сөзі. Демократиялық мемлекетімізде осындай ұстанымдағы адамдар қудалана берсе, онда бұл дегеніміз мемлекеттік саясатымызға қайшы емес пе? Жас маман сізге де өз шағымын жазған болатын. Алайда, аяқсыз қалды. Ақыры ол жұмыстан кетіп тынды. Кейін жұмыстан тағы сол қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушысы Ибрагимов Төлеген жұмыстан кетті. Бұл оқытушы да Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-ді бітірген үздік мамандарымыздың бірі еді. Алайда,одан да өз әдісі арқылы құтылды»,- деп жазған.
Осылайша шағымдарын тізген жазба авторы аз уақыт ішінде бірнеше жас маманның жұмыстан шыққанын мысал келтірген және білім ордасына тексеріс жүргізуді талап еткен.
«Университеттің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы үздік бітірген және дуалды оқыту бойынша келісімшартпен жұмыс жасап жатқан Забихолла Бекжан есімді жас маманда айқай-шумен кетті. 2 ай бойы колледждің қабылдау комиссиясында жұмыс жасаған маманға түрлі психологиялық қысым көрсетілуінің кесірінен жас маман шыдай алмай жұмыстан шықты. Оқу жылы таяндағанда колледждің дене шынықтыру пәні мұғалімі,колледж футбол құрамасының бапкері Құлтай А.Д. жұмыстан шықты. Біз де осы жүргенде әрен шыдап жүрміз. Күнделікті болатын айқай-шу,арыз,түрлі дау-дамайлар,әлі де колледж жүйесіндегі тұрақсыздық бізді шаршатты. Құрметті , Асхат Қанатұлы, еліміздің бас ұстазы ретінде осы жағдайға көңіл бөлуіңізді өтінеміз. Қазіргі таңда маңызды болып отырған мұғалім мәртебесінің тапталуына жол бермеуіңізді өтінеміз.Ең қиыны – осындай біліксіз басшының кесірінен оқу жүйесі және білім алушылардың оқу сапасы әлсірейтіндігі. Сізден осы мәселелер төңірегінде жан-жақты тексеріс жүргізіп,жұмыстан кеткен және колледждегі қызметкерлер мен студенттерден пікір алмаса отырып шешуіңізді сұраймыз»,- деп жазды колледж оқытушылары.
Мұғалім мәртебесіне қатысты тексеріс жүргізуді талап еткен оқытушылар жазбасына Ақтөбе облысының білім саласындағы сапаны бақылау департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева жауап берді.
» Қазақстан Республикасының “Педагог мәртебесі туралы” заңымен педагогтардың құқықтары мен әдеп нормалары (БжҒМ -нің 11.05.2020 ж. 190 бұйрығы) нақты бекітілген. Заң талаптары бұзылған жағдайда нақты фактілер көрсетіле отырып, Ақтөбе облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне жазбаша шағым беру қажет. Соның негізінде департамент тарапынан тексеріс ашылып, нақты шаралар қолданылатын болады. Осы кезге дейін департаментке ондай шағым түскен жоқ»,- деді Бұлбұл Күзембаева.