Түркістан облысындағы «Ұлы дала елі» орталығында «АТА ЖЫРДА АРУАҒЫ БАР ҚАЗАҚТЫҢ» атты мәдени шара ұйымдастырылды.
Шараның шарты – күллі түркі халықтарына ортақ мұра — «Ер Едіге – ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық альбомын және ұлы даланың дана философы Мөңке би кітабын киелі Түркістан халқына таныстыру.
Шараны Ақтөбе облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова ашып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында атқарылған шаралар туралы сөз сөйледі.
Ал «Арайлы Ақтөбе рухани жаңғыру жолында» атқарылған істерді Ақтөбе облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының басшысы Нұрлыхан Хасенов баяндап берді.
С.Бәйішев университетінің профессоры Жұманазар Асан музыкалық альбом және Мөңке би кітабының таныстырылымын жасады.
Шара соңында республикалық байқаулардың лауреаты Жеңіс Елемесов «Ер Едіге» жырынан үзінді орындап берді.
Алдағы уақытта өңірлер арасында мұндай шаралар оң нәтижесін беретіні сөзсіз.