arasha.kz

Ел көтерілмесе Оразалин халық үніне құлақ аспай ма?

19 қарашада Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылының тұрғындары ауыл жанындағы доңыз шаруашылығының жабылуын кезекті рет талап етті. Кезекті рет болатыны бұл мәселені ауыл тұрғындарының көтеріп келе жатқанына бірнеше жыл болды. 19 қарашада ауыл тұрғындары жиналып, доңыз шаруашылығына бет алып бара жатқаны және шаруашылықтан шығатын қалдықтардан адам төзгісіз иіс тарайтыны, экологияға кері әсер етіп, ауылдың ауасын бүлдіріп жатқаны жайлы бірнеше видео тарады.

Ашынған Бестамақ ауылы тұрғындарының батыл қадамдарын көрген аймақ билігі облыста неше жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе бар екенін сол сәтте ғана білгендей алашапқын болды. Сөйтіп 21 қарашада Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Бестамақтағы мәселеге қатысты бір топ адамды қабылдағанын жария етті.

«Бүгін Бестамақтағы жағдайға байланысты бастамашыл топ мүшелерін қабылдадым.
Жүздесу барысында бастамашыл топ мүшелері көпшіліктің ой пікірлерін жеткізді. Мұқият тыңдап, тиісті органдарға қысқа мерзімде және шұғыл іс-шаралар жүргізуді тапсырдым. Қай мәселе болса да ашуға салмай, ақылға салып шешетін халықпыз ғой. Бұл проблеманың да оңтайлы шешу жолдарын бірге қарап, ортақ бір мәмілеге келдік.
Бұл жерде екі мәселе бар:
Біріншіден, қоршаған ортаға келтірген зиянды заттарды заласыздандыру, өтемақы төлеттіру және заң аясында жауапқа тарту. Бұнымен құқық қорғау органдары айналысуда, тиісті тапсырма берілді.
Екіншіден, көпшіліктің пікірін ескеріп, тексеріс қорытындысының нәтижесімен «Парижская коммуна – XXI» ЖШС басшылығына шаруашылықтың бағытын өзгертуге немесе мүлдем жабу туралы талап қойылады. Бұл мәселенің шешілу мерзімін анықтауды арнайы мамандарға тапсырамын.
Шаралар барысы өзімнің жеке бақылауымда. Арнайы құрылған комиссия мүшелері күнделікті жұмыс барысын баяндап отыр» деді облыс әкімі.

Ақтөбеде туып-өсіп, Ақтөбе облысын басқарып отырған Оңдасын Оразалин бұл қызметкер 2019 жылы тағайындалған еді. 2 жуық уақыт ішінде облыс әкімінің Бестамақ ауылындағы доңыз шаруашылығынан туындаған мәселені білмеуі мүмкін емес. Себебі ауыл тұрғындары ол мәселені көтеріп келе жатқанына бірнеше жыл болды, баспасөзде талай мәрте көтеріліп, жазылды.

19 қарашада Бестамақ ауылы тұрғындары көтеріліп доңыз шаруашылығы мәселесін өздері біржақты етуге бекінгенде ғана облыс әкімшілігі ес жиған сынды. Ал ауыл тұрғындарының видеода тарағандай әрекетке баруы жергілікті биліктің неше жылдан бері ауыл тұрғындары көтерген мәселеге мойын бұрмай келгендігі. Видеолар әлеуметтік желілерге тарағанда ғана барып, әкімшілік апыл-ғұпыл іске кіріскендей. Сонда жылдар бойы шешілмеген мәселені кезекті рет айтып, ел көтерілмесе, Оңдасын Оразалин халық үніне құлақ аспай ма?

Exit mobile version