arasha.kz

«Өлімге жіберген жоқпын»: Абақтыдан баласының денесін алған ананың жанайқайы

Ақтау абақтысында көз жұмған Нұрлан Төлегеновтың анасы баласының өліміне қатысты тергеу жүргізетінін мәлімдеді. Бауыр еті баласынан айрылған ана апаттық жағдайдағы ғимаратта адам ұстаған абақты басшыларының оқиғаға жауап беруін талап етті.

Ақтауда төбесі опырылып түскен абақты астында жан тапсырған Нұрлан Төлегеновтің жерлеу рәсімі Ақтөбе облысының Алға ауланы Тікқайың ауылында өтті. Марқұмның денесін көрші облыстан туыстарының өздері әкелген. Айтуларынша, цемент бетонның астында жаншылған денені абақты күзеті емес, сотталушылардың өздері қолдарымен сегіз сағат бойы қазып, шығарып алған.

Биыл амнистиямен бостандыққа шығады деп күткен баласын жер қайнына берген ана әділдік іздейді. «Баламды өлімге жібермедім» деп өзегі өртенген ана мәлімдеме жасады.

«Балам жәшікпен келді. Мен оны өлімге жібердім бе? Не масқара! Айдың күні аманында ғимарат төбесі ортасына түсті. Жастықпен от басқан жап-жас балалар қыршын кетті. Ішім өртеніп бара жатыр. Неге адамға итше қарадыңдар, опырылғалы тұрған жерге оны неге қамадыңдар? Әділдік жоқ. «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды» деп балам көсе келденең кетіп еді. Оған да көндік. Бірақ одан бұлай көз жазып қаламыз деп ойламадық. Осыған жауапты адамды жазалауды талап етеміз. Бұл істі жай қалдырмаймыз, қолымыздан келгенше тергеу жүргіземіз, Енді қалған жерде аянбаймыз. Бастық орнына бастық алмастырып, тыныш қаламыз деп ойламаңыздар. Біздің енді жоғалтар ештеңеміз қалмады»,-дейді марқұмның анасы Жұмабике Төлегенова.

32 жасында марқұм болған баласының «артында тұяқ қалмады» деген өкініш ана өзегін өртейді.

Еске салсақ, 19 шілде сағат 17.00-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша) Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ГМ-172/6 мекемесінде сотталғандарға арналған екі қабатты жатақхана ғимаратының бір бөлігі қирады. Оқиғада 10 адам зардап шекті.

Қазіргі уақытта ауруханада жатқан зардап шеккендердің біреуінің жағдайы тұрақты ауыр, үшеуі орта деңгейлі түрлі жарақат алған.

Exit mobile version