arasha.kz

«Қытайдың 55 зауыты» – Қазақстанның болашағына төніп тұрған үлкен қауіп»

Кеше кешке Ақтөбеде ондаған адам облыс әкімдігі алдындағы алаңға барып, «Қытай жобаларына» қарсылық білдірді, – деп жазады Азаттық.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазылған петицияға қол қойып, президенттің Қытай сапарынан бас тартуын талап етті.

150 адам қол қойған петицияда тұрғындар елдегі «Қытай жобаларын» жабуды талап еткен. Акцияға келгендердің бірі Нығметбай Ермахановтың айтуынша, тұрғындар президентке хатты 6 қыркүйекте egov арқылы жібермек.

– Біз Жаңаөзенді қолдаймыз! «Қытайдың 55 зауыты» – Қазақстанның болашағына төніп тұрған үлкен қауіп. Билік Қытай жобаларынан бас тартуы керек, – деді қала тұрғыны.

Өзін «Ақтамақпын» деп таныстырған әйел облыс әкімдігі жанындағы наразылық акциясына осымен үшінші күн қатарынан шығып тұр. Оның пікірінше, наразылық танытушылар Қытай халқына қарсы емес – Қазақстанның қазба байлықтарын талан-таражға салған ел билігіне қарсы.

Жергілікті билік пен күштік құрылым өкілдері 5 қыркүйек күнгі акцияны сырттай бақылап қана тұрды. Наразы топ екі сағаттан астам «Қытай экспанциясына жол жоқ!» , «Жаңаөзенді қолдаймыз!», «Оян, қазақ!» деп ұрандатты. Соңында патриоттық әндер айтып, 6 қыркүйек күні тағы да жиналмақ болып келісіп, тарасты.

Дереккөз: Азаттық

Exit mobile version