20-02-25 |
1640 рет қаралған
Абай облысының әкімі Берік Уәли аймақ зиялыларымен кездесті.
Абай облысының әкімі Берік Уәли аймақ зиялыларымен кездесті

Абай облысының әкімі Берік Уәли облыс басшысы ретіндегі алғашқы кездесуін ақсақалдар және зиялы қауым өкілдерімен өткізді. Емен-жарқын әңгіме барысында өңірдің бүгінгі хал-ахуалы мен келешегіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Үлкеннің батасын алғанның ісі оңалар» деген сөз бар. Өздеріңізбен кездесіп, ақыл-кеңестеріңізді, ұсыныс-тілектеріңізді тыңдап, жұмыс барысында қолданып, іске асыру ниетім бар. Сіздердің қолдауларыңызбен облысымызды дамыту үшін бар-күш жігерімді саламын. Тарихи әділеттік орнап, осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысымызды қайтадан ашты. Ел ерекше қуанды. Енді қуанышты әсерден арылып, нақты жұмыс істейтін кез келді. Өңірде шешімін күткен өзекті мәселелер көп. Алда облыс құрылғаннан бергі атқарылған жұмысты жалғастырып, Президенттің тапсырмаларын орындау міндеті тұр, — деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы Президент жүктеген экономиканы әртараптандыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, туризмді дамытуға, өңірдегі тарихи және мәдени орындардың әлеуетін ашуға ден қойылып, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Кездесуде сөз алған ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдері ауыл-аймақтарды дамытуға, туризм, ауыл шаруашылығы, мәдениет салаларына назар аударылса деген тілектерін жеткізді.

Жасыратыны жоқ, экономиканы жақсартып, әлеуметтік мәселені шешу үшін жақсы байланыс, игі қарым-қатынас та керек. Бұл ретте Берік Уәлиұлының тәжірибесі мол. Орталықта да, басқа өңірлерде де жұмыс істеп, мемлекеттік қызметте әбден шыңдалды. Елге қызмет етуге келген азаматымыздың жанынан табылып, төңірегіне топтасып, елдің береке-бірлігін көрсетуіміз керек,- деді Абай облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Мейрамхат Айнабеков.

Облыс басшысы аймақты дамыту бірлескен жұмысты қажет ететінін айтты.

Туған жерде қызмет істеу – үлкен абырой ғана емес, зор жауапкершілік. Семей – қазақ руханиятының темірқазығы, Алаштың астанасы. Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті жер. Ахмет Байтұрсыновтың «Біз басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек» деген сөзі бар. Алаш ардақтысының осы өсиетін басшылыққа алып, сіздермен бірлесіп, өңірімізді дамыта берейік, -деді облыс әкімі Берік Уәли.

Кездесу соңында Абай облысының абыз ақсақалы Молдабек Жанболатов аймақ басшысына ізгі лебізін білдіріп, ақ батасын берді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.