arasha.kz

Адвокат: Ахметжанов отставкаға кетуі керек

Шымкент қаласындағы «романтик» полицейден кейін құқық қорғау қызметкерлері Жетісу облысында «концерт» қойды.

Бұрынғы полиция қызметкерінің дүкеннен гүлді тартып алып, сатушыны ұрып кеткені бер жағы екен. Жетісулық полицейлер белгілі журналист Сандуғаш Дүйсенованы тыр жаңалаш шешіндіріп, тінту жүргізгені тіпті сұмдық болды. Осындайда «Самарқанда бір апам бар, ол менен де сорақы» деген мәтел еріксіз есіңе түеді екен.

 Шымкенттегі шу Жетісуда жалғасты

Өткен аптада әлеуметтік желіде белгісіз адам сатушыны ұрып, дүкендегі гүлді тартып алып кеткені қызу талқыланған болатын. Кейін оның бұрын полиция саласында жұмыс істеген Мұхтар Беков екені анықталды. Мұхтар Сейдуллаұлының бұдан басқа кафеден тамақтанып, ақша төлемей кететін өнері бар болып шықты. Осы шудан кейін Шымкент қаласы Полиция департаменті аталған азаматтың бұрын құқық қорғау саласында қызмет етіп, бірнеше ай бұрын өз еркімен жұмыстан кеткенін мәлімдеді. Әйтеуір полиция қызметкері қандайда бір дау-дамайға тап болса, оның бірнеше ай бұрын өз еркімен қызметтен кеткені белгілі бола қалады. Бұл әрине құқық қорғау саласының қулығы болса керек.

Шымкенттегі даудан кейін жұрттың назары жетісулық журналист Сандуғаш Дүйсеноваға ауды. Әріптесімізге Жетісу облысының Полиция департаменнті «Бұрын адам өлтіріп, айыпты болған адамның ЖСН нөмірін жариялап жіберді» деп айып тақты. Әрине журналистің азаматтың ЖСН нөмірін жариялауы құптарлық дүние емес. Бірақ құқық қорғау қызметкерінің Сандуғаш Дүйсенованы тыр жаңалаш шешіндіріп, ер адамдардың көзінше тінту жүргізуі қаншалықты орынды? Бұл кәсіби қызметін атқарып жүрген азаматты қорлау емес пе?

«Тыр жаңалаш шешіндіруді бірінші рет естідім»

Белгілі адвокат Бауыржан Азанов талай істің куәгері болғанын, алайда адамды тыр жалаңаш шешіндіретін оқиғаны бұрын соңды естімегенін айтады. Сондықтан да ол полиция қызметкерлерінің Сандуғаш Дүйсенованы не үшін шешіндіргенін түсінбей отыр.

Негізі жеке тінту жасаған кезде күдікті әйел болса әйел, еркек болса, ер адам тексеру керек. Ер адам әйелге жеке тінту мүлде жасай алмайды. Егер тексеретін адам әйел болса, оны бақылайтын қызметкер де әйел болу керек. Ал Сандуғаш Дүйсенова өзін ер адамның көзінше тыр жаңалаш шешіндіріп, жеке тінткенін айтып отыр. Бұл адамның қадыр-қасиетіне нұқсан келтіріп, заңды өрескел бұзу болып саналады. Шешіндіргеннен кейін полиция қызметкері журналистен не тапты? Негізі күдіктіні ұстағаннан кейін жеке тінту жасайды. Бірақ мен тыр жаңалаш шешіндіруді бұрын соңды естіген емеспін. Себебі жеке тінту кезінде жалаң қолмен күдіктінің қалтасы, аяқ және бас киімінде не бар екенін қарап шығуға болады. Мұндағы мақсат «Күдікті азаматта тиым салынған затттар бар ма?» деп алдын ала тексеру. Сондай-ақ белгілі бір мекемеге кіргенде азаматта қандай да бір тыйым салынған зат бар ма, жоқ па екенін анықтайтын құрылғы бар ғой. Сол арқылы да тексеруге де болады. Менің ойымша, адамды тыр жаңалаш шешіндірудің түкке де керегі жоқ – дейді ол.

«Полиция саласына реформа керек»

Шымент пен Жетісу облысындағы шудан кейін азаматтар «Полиция саласына реформа керек» деген мәселені қайта көтере бастады. Бұл пікірді Бауыржан Азанов қолдайды. 

Полиция саласына жай ғана емес, шынайы реформа жүргізу керек. Баяғыдан бері «полицияға реферма керек» деген сөзді айтып келе жатырмыз. Егер қандай да бір полиция қызметкері заң бұзса, ол міндетті түрде жауапкершілікке тартылу керек. Өйткені бәріміз заңның алдында бірдейміз. Мен сияқты адвокаттарға тергеу амалдары болған кезде істің дұрыс жүргізіліп жатқанына көз жеткізетіндей мүмкіндік берілу керек. Мысалы жауап алатын бөлме ашық әрі онда бейнетаспа міндетті түрде болу керек. Ал олай болмаса, полицияға деген халықтың сенімін жойылып, тіпті қоғамның қарсылығын тудырады. «Полияның түрі мынадай болса, кімге сенеміз» деп билікке деген сенімсіздік артады – дейді заңгер.

Ол Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов осындай жағдайда істерді дұрыстап зерттеп, тексеріп, жауаптыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деген пікірде.

Міне осыдан кейін Марат Ахметжанов қызметінен кету керек. Кешірім сұрап, жұртты алдарқатудың ешқандай қажеті жоқ. Министр ең алдымен қызметкерлеріне үлгі көрсету керек. «Менің қол астымдағы қызметкерім» деп аямай, заң аясында әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту керек, – дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, жақында белгілі журналисті Жетісу полицейлері тырдай жалаңаш шешіндіріп тінткені туралы жаздық. Ал кеше Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Серғали Асланбек, Arasha.kz

ФОТО: almaty.tv

Exit mobile version