Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Израиль елінен келген халықаралық LR GROUP компаниясының өкілдерімен кездесті. Жиында екі тарап өзара аграрлық саладағы әріптестік мәселесін талқылады, деп хабарлайды «Arasha.kz» ақпараттық-құқықтық сайты.
– Израиль елінің технологиясы әлемге танымал. Әсіресе, тамшылатып суару әдісі кең жолға қойылған. Сондықтан, олардың озық технологиясы Жетісу өңірінің аграрлық саласын дамытуға өзіндік үлесін қосып жатса, біз оны әрқашан қолдаймыз, – деді Амандық Баталов.
Өз кезегінде аталған компанияның вице-президенті Белтман Марк жетісулықтарға аталған компанияның мүмкіндігі жайлы әңгіме өрбітті.
Шетелдік қонақтың айтуынша, серіктестік аграрлық саламен айналысуға маманданған. Сүт өндірудің озық технологиясын меңгерген. Осы орайда инвесторлар екіжақты іскерлік қатынас орнаған жағдайда өндіретін өнім сапасына кепілдік беретіндерін де жеткізді.
Сонымен қатар, бұл жобадан екі тараптың да ұтатынын атап өтуді ұмытпады.
– Инвестиция салу арқылы аграрлық саладағы жұмысымызды көрсетіп, жоспарымызды жүзеге асырсақ дейміз. Сіздердегі жер ресурстарының байлығы оған толық негіз болады. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мүмкіндігі артады. Озық технологияны меңгерген кадрлар жасақталады. Бұдан екі тарап та ұтады, – деді Белтман Марк.
Осылайша, екі тарап та алғашқы кездесуде-ақ аграрлық саладағы әріптестікке уағдаласты. Ал жобаның нақты қай уақытта жүзеге асатыны әзірге белгісіз.
Айта кетейік, шетелдік инвесторлар тартуда жағымды «климат» қалыптастырумен ерекшеленетін Алматы облысы республикадағы аграрлық өнімнің 20 пайыздық үлесін еншілеп отыр.