Алматы облысында білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова 37 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы «Arasha.kz» ақпараттық-құқықтық сайты «Пятый регион» дерегіне сүйене отырып хабарлайды.
Дереккөз мәліметінше, Алматы облысы білім басқармасы басшысы 2020 жылдың қазан-қараша айларында жеке кәсіпкермен жалпы сомасы 406 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алу шартын жасасқан. Яғни, мемлекеттік сатып алу шарты бойынша аталған қаражатқа 2 522 дана ноутбук жеткізу және қосымша жұмыстар көзделген.
Арнайы операцияны Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті мен облыстық прокуратура бірлесіп атқарған. Іс-қимыл негізінде ақпанның 1-нде ҚР ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігі бойынша бұрын тіркелген № 211900131000006 сотқа дейінгі тергеу бойынша арнайы жедел-іздестіру шаралары мен жасырын тергеу әрекеттерін жүргізгені хабарланған.
Деректе белгілі болғандай, Алматы облысы білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова, осы басқарманың мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы Бақыт Қабдолданова және аймақтық білім саласындағы жаңа технологиялар ғылыми-практикалық орталығының директоры Арапби Меңлібаев әрекеттері әшкереленген.
«2021 жылғы 1 ақпанда топ болып, алдын ала сөз байласу арқылы «Әзім», Lazer, LapTop, LuckCom, «Алмас», «Қыдыралинов» ЖК өкілі Н.Ж.Нүкеновтен 37 650 000 теңге сомасында аса ірі мөлшерде пара алды. Параны олар «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020″ мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде Алматы облысының орта білім беру мекемелерінде қашықтан оқыту үшін пандемияға қарсы күрес жөніндегі дағдарысқа қарсы шаралар аясында жалпы сомасы 406 миллион теңгеге сатып алынған 2 522 дана ноутбукті кедергісіз қабылдау және жеткізуге 2020 жылғы қазан-қарашада жеке кәсіпкерлік тәсілімен мемлекеттік сатып алу шарттарын жасағаны үшін алған», – делінген хабарламада.
Осы ретте біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Серіктестік департаментінің сарапшысымен және аталған істе үш бірдей лауазымды қызыметкері қомақты пара алды деген күдікпен қамауға алынған Алматы облысы әкімдігіне хабарласып көргенбіз.
Алайда аталған екі мекемеде шулы мәселеге орай пікір білдіруден бас тартты.
Еске сала кетейік, осыған дейін Алматы облысы Талғар ауданының әкімі Серікжан Ерекешев пен қарамағындағы қос қызметкері парамен ұсталғаны хабарланған. (шамамен бір апта бұрын – ред.)
Осылайша, Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың өкімімен 2020 жылы тағайындалған қос бірдей жоғары лауазымды тұлға құрықталып отыр.
Демек, бұл мәселе ресми расталған жағдайда мемқызметкерлерге ортақ белгілі заң бойынша Алматы облысы әкімі мен оның айналасындағы жауапты адамдардың да креслодағы «тағдырына» әсер етуі мүмкін.
«Arasha.kz» ақпараттық-құқықтық сайты алдағы уақытта да шулы мәселеге байланысты толыққанды материал жариялайды.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024