arasha.kz

Алматы облысында «Рухани жаңғыру» бойынша қанша жоба жүзеге асты?

24-мамырда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметіне келіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аймақта атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Облыста жалпы жиыны 308 жоба іске асырылып, оған 37,1 миллиард теңге жұмсалыпты.

– Өткен  жылы желтоқсан айында Талдықорған қаласында арнайы «Рухани жаңғыру» орталығын аштық. Бүгінгі күні облыста жасақталған  Жобалық кеңсенің кәсіби мамандар тобы осы ғимаратта  жұмыс жасап отыр. Бағдарламаға облыстағы ірі меценаттар мен  кәсіпкерлер қолдау білдіріп, белсене атсалысты. Бағдарлама аясында Қарасай ауданында Тұңғыш Президент – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы,  «Батыр бабалар» музейі жаңадан салынып, іске қосылды, – деді Амандық Баталов.

Сондай-ақ, облыста қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесінде де іс-шаралар өтіп келеді. Мәселен,17-мамырда Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Талдықорған қалалық Медициналық колледжінде «Латын әліпбиі: алдағы міндеттер» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысқан семинарда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері баяндама жасады. Болашақ ақ халатты абзал жандардың білім ордасында бас қосқан тіл жанашырлары қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшірудің маңыздылығы мен өміршеңдігіне тоқталды.
Алқалы жиында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев елімізде латын әліпбиіне кезеңдеп көшудің жоспары әзірленгендігін және төрт бірдей жұмыс тобының құрылғандығын тыңдаушылардың қаперіне салды. Өз сөзінде Айдар Карбозұлы: «Біз латын әліпбиіне көше отырып өркениетті елдердің қатарына қосыламыз. Тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталуы кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін де, болашақ үшін де әлдеқайда маңыздырақ. Бұл – уақыт талабы» деді.
Ал, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнеп Базарбаева латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінің орфографиялық және орфоэпиялық мәселелері жөнінде ой қозғады.
Семинар барысында Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Дана Пашан латын әліпбиінің шығу тарихын сөз етсе, Жанар Жұмабаева латын қарпіне көшудің тиімді тұстарын атап берді.

Exit mobile version