Алматы облысында бір миллиард теңгеден астам қаржыға тартылған құбыр жарылып кетті. Тұрғындармен “КТК” арнасы кездесті.
Алматы облысы Нұра ауылында салынған сапасыз құрылыс жарты жылға жетпей сыр берген. Ал 200-дің үстіндей түтін ғана бар ауыл тұрғындары сусыз қалды.
Су құбыр жүйесіне мемлекеттен 1миллиард 40 миллионға жуық қаражат бөлінген. Ашық- шашық жатқан су құбырлары көбінесе жарылып, 220 үй сусыз қалған. Су құбырларының құрылысы үш жыл бұрын басталып былтыр аяқталуы керек еді.
Талғар ауданына қарайтын Нұра ауылының тұрғындары мұның себебін сапасыз құрылыстан көреді. Айтуларынша, жарты жыл ішінде 10 шақты рет жарылып, әр кез сусыз отырған.
“Берген қысымнан шыдымайды да, әр жерден бір жарылады. Демек бұл технологиялық жұмыстың дұрыс орындалмағаны. Жарылып жатқаны бар. Жарық мәселесі де бар. Осындай әлеуметтік мәселе көтеріліп жатқанда неге әкім қадағаламайды. Енді миллиард 39 миллион ақша бөлінгеннен кейін. Ол талапқа сай, қажеттілігне жұмсалу керек қой”, – дейді тұрғындардың бірі Болат Қасымов.
Айгерім Нұрданова су таршылығын жарты жыл көріп келеді. Пәтер жалдап тұрған төрт баласы бар жесір ананың су тауқыметін тартқаны жығылғанға жұдырық болған.
“Бізде ылғи суды өшіріп тастайды. Суды бұрынғы Кеңестер одағындағыдай арбамен алып келемі. Судың сапасы өте төмен. Қақ деген қабат болып жиналады. Шәугімдерімізді ылғи қырамыз да жатамыз. Бір шәугім суды толтыруға бір сағат уақытым кетеді. Кір жуғышымыз күйіп кетті. Балаларым жиі ауырады”, – дейді ол.
Ал ауыл әкімі тиісті мекемелер мен мердігерге хат жазып, бір айдың ішінде мәселені толық шешпекші. Егер құбыр қайта жарылып тұрғындар сусыз қалса, мердігер компанияны сотқа береміз деп отыр.
“Аудан әкіміне хат жазғанбыз. «Асатайдың» басшыларына жаздық. Неге жасамайсыңдар, мерзімі де өтіп кетті дедік. 1 миллиард 59 миллионға алып отыр. Енді құбырлар жаңа салынған ғой. Апат болған жағдайда мердігерлерді шақырып сотқа жүгінеміз. Сотқа бере саламыз. Жауап берсін. Келісімшарт бар ғой”, – дейді Нұра ауылы аймағының әкімі Сейітқұл Дөңбаев.
Мәселе шешілмесе, мердігер мен жергілікті билікті тұрғындардың өзі сотқа беруге дайын отыр.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024