25-01-18 |
10420 рет қаралған
Мұнай-газ компанияларында істейтін шенеуніктердің балалары.
Мұнай-газ компанияларында істейтін шенеуніктердің балалары

Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің 0,16 пайызы ғана ғылымға бөлінеді екен. Ғалымдар ақшаның аздығынан әрең күнелтіп, 70 жылдық тарихы бар Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жағдайы қалт-құлт етіп тұрған көрінеді. «Институттан айырылып қаламыз ба деп қорқамын» деп, институт директорының бұрынғы орынбасары Нұрлан Атығаев желіде жазып, мәселе көтеріпті. Ойлаңыз, бүтін бір институт. Жетпіс жылдық тарихы бар. Іргелі институттар осындай халге түсіп, қаржыдан тапшылық көріп жатқанда президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбековтің жалғыз ұлы Дәурен Жақсыбек Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің бестігіне енген «Цесна банк» директорлар кеңесінің төрағасы, боксшы Геннадий Головкиннің негізгі әрі қуатты демеушісі болып жүр. Айдаладағы Америкада, боксты әлдеқашан пайда табатын жеке кәсібіне айналдырған боксшыны қаржылай қолдайды. Ал елде ондаған ғалым ғылымның күні батпасын деп ілдалдалап күн кешіп жүр. Әкелерінің арқасында мұнайға шомылып, қызметтің қызығын, банк пен бизнестен түскен байлықтың ортасында жүрген «алтын жұмыртқа» Жақсыбековтің баласы ғана емес. Мәселен, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың ұлы Әділбек Амандықұлы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ бас директорының орынбасары; мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің баласы Нұржан Нұрланов «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының орынбасары; Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтің ұлы Асқар Тұрысбеков «Петро Қазақстан Ойл Продактс» компаниясының бірінші вице-президенті; Сенат депутаты Рашид Түсіпбековтің үлкен ұлы Жанат Түсіпбеков Rompetrol Group компаниясының бас директоры; Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтің баласы Әлжан Имашев «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директорының орынбасары; қайбір жылдары ҰҚК басқарған генерал-лейтенант шені бар Амангелді Шабдарбаевтың баласы Арлан Шабдарбаев та «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директорының орынбасары. Айтпақшы, осы Әлжан Имашев пен Арлан Шабдарбаев басшылық қызметте отырған зауытта төтенше жағдай орын алып, соның кесірінен елде дизель отыны тапшылығы болған. Сол кезде әлгі жағдайға қатардағы дәнекерлеуші кінәлі болып шыққан. Ел күлді. Күлді де қойды.

Енді Дәурен Жақсыбеков секілді банк және қаржы саласында жүрген шенеуніктердің ұрпақтарына тоқталайық. Оларды тізімдеп айтпас бұрын, мына бір деректі келтіре кетпесе болмас. Мемлекеттік несие бюросының мәліметінше, 2016 жылы 5 миллион адамның банктерден алған несиесі болған. Сол жылдың өзінде 1 миллион 102 мың адам несиесін төлей алмаған. Арада бір жарым жыл өтті. Елдің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайының оңалып кетпегенін ескерсек, 2016 жылғы сан өспесе, кемімеген шығар деп топшылаймыз. 5 миллион отандасы жоқшылықтан несие қамытын киіп жүрген Дәурен Жақсыбеков бастаған шенділердің балалары жыл өткен сайын қаражаттарын еселеп, қызметтері өсіп келеді. Әділбек Жақсыбековтің жалғыз ұлын айттық. Ал көзі тірісінде президенттің іс басқармасын басқарған марқұм Сарыбай Қалмырзаевтың баласы Нұрбол Сұлтан Asia Credit Bank-тің және «Орал» халықаралық әуежайының иесі. Нұрболдың бажасы Сауат Мыңбаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясын басқарады. Бұл қатарға Дариға Назарбаеваның үлкен ұлы Нұрәли Әлиевті жатқызуға болады. Capital Holding компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы болып қызмет істеп жүрген Нұрәли Рахатұлы кезінде Нұрбанкті, Қазақстанның даму банкін басқарған.

«Алтын жұмыртқалардың» келесі бір тобының мемлекеттік және әскери қызметте жолы болған. Мысалы, ҰҚК басқарған, президенттің сенімді серігі деп сипатталып, соңында сенат депутаты болып, кейін көзге түспей кеткен Нұртай Әбіқаевтың баласы елші. Біраз елдерде елші болған ол қазір Мальта, Сан-Марино Республикаларындағы төтенше және өкілетті елші. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің інісі Ерлан Нығматулиннің қызы Малика Бектұрова Астана қаласы әкімінің орынбасары. Сенат депутаты Мұхтар Алтынбаевтың ұлы Мүсілім Алтынбаев қорғаныс министрінің орынбасары. Кезінде ішкі істер министрі болған Қайырбек Сүлейменовтің ұлы Тимур Сүлейменов Қостанай облысының прокуроры. Ақмол облысының бұрынғы әкімі Сергей Кулагиннің баласы Павел Кулагин Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары. Осылай тізімдей берсек  таусылмайды. Өйткені туыс-туған, құда-құдағи, жиен-бөле, курстас, кластас, жерлес, руластарды қоссаңыз, мемлекеттік қызмет, әскери қызметтер мен банк-қаржы және басқа да салалардағы майлы да жайлы орындардан ешкім қалмайды. Біз ішінара көрсеткен бұрынғы һәм қазіргі шенеуніктер балаларының үздік жиырмалығын жария еткен hommes.kz сайтының тізіміне кіре алмай қалған қаншама «алтын» ұрпақ бар.

Лауазымды мемлекеттік қызмет істеген, істеп жүрген адамдардың балаларының бәрі дерлік шетелде білім алыпты. Әрине, әкелер мемлекеттік қызметтен алатын айлығын тірнектеп жинап, баласын оқытқан болуы керек. Әкелердің сол еңбегін банк басқарып, министр-әкімдердің орынбасары болып, мұнай-газ саласында компания ашып, миллиардтап пайда тауып ұрпақтары да ақтап отырғандай. Анығында, оларды бүгінгі саяси жүйенің өнімі деп қарастырған жөн. Жүйе – билікті отбасы, туған-туыстың мүддесіне толықтай пайдалануға мүмкіндік берді. Бұрынғы һәм қазіргі шенеуніктер сол мүмкіндікті молынан кәдесіне жаратты. Соның нәтижесінде жоғарыдағы тізімдегі шенділердің шіренген ұрпағы өсіп шықты. Ал қаржыдан қысылған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен несиесі бар 5 миллион адамға кім көмектеседі? Әлде шенеуніктердің шіренген ұрпақтары көз қырын сала ма екен?! Әй, қайдам…

Дереккөз: zhasalash.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.